Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысында бүтін бір ауылды су басты: Тұрғындар дабыл қағуда

СҚО-дағы Чапаево ауылының тұрғындары бірнеше күннен бері дабыл қағуда. Күн жылынып, қар ерігелі елді мекенді қызыл су басып, үйлерге кірген. Тіпті жүретін жол жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 


"Қорадағы малымыз өліп жатыр. Менің 4 бірдей қозым өлді. Сиыр құлап жатыр. Көмек көрсетіп, жанайқайымызға құлақ асып жатқан ешкім жоқ", -дейді Чапаево ауылының тұрғыны Гүлбахрам Манжанова. 

Қызылжар ауданы Чапаево ауылының тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Қорадағы малымен күнелтіп отырған тұрғындар үшін бұл оңай соққы болмады. Енді қараша халық бала-шағамызды қалай асыраймыз деп уайымдауда. Бүгінгі күні ауылда 15 үй түтін түтетіп отыр. Олардың барлығы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандар. 

"Біз оңтүстіктен көшіп келдік. Әкім наурыздың 20-сына дейін қарды шығарамын деген. Бірақ әлі күнге дейін келген жоқ. Сөзінде тұрған жоқ. Қардың суы ағып келіп жатыр.  Жолдарды су басып, үйлерімізге дейін жетті. Бұған дейін ауыл ішінде жаңа жол төсеуге смета жасауы тиіс еді. Алайда ол жұмыс та атқарылмай қалды", - дейді Чапаево ауылының тұрғыны Гүлбахрам Манжанова. 

Жергілікті билік өкілдері мәселені енді ғана қолға алған. Тек бүгін елді мекен көшелеріндегі суды соруға екі мотопомпа бөлініп, қардан тазалайтын техникалар жұмысқа кірісті. Арнайы арықтар да қазылып жатыр. Чапаево ауылы тұрғындарының сөзінше, қыс мезгілінде мұнда бірде бір рет қар шығарылмаған. 

"Чапаево ауылында осыдан 3 күн бұрын жұмыстар басталды. Мотопомпалармен су сору тәулік бойы жүргізілуде. Арық қазу жұмыстары да жасалып жатыр. Тұрғындарды аулаларын қардан тазарту керек екенін де ескерткен болатынбыз", - деді Қызылжар ауылдық округінің әкімі Бахытжан Ташева.

Ауыл балалары болса мектепке бара алмай жүр. Қиналған халық әкімдік берген уәдесін орындап, жақын уақытта жағдай реттеледі деп сенім білдіреді.
 

Талқылау