Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жаңа туған нәрестелерді шомылдырамыз": Жезқазған тұрғындары қара суға шомылуға мәжбүр болып отырғанын айтып шағымданды

Журналист Сырым Итқұлов желідегі парақшасында Жезқазған қаласында тұрғын үйлердің бірінде ваннадағы краннан лас су, қоңыр сұйықтық аққанын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Сырым Итқұлов желідегі парақшасында бұл жағдай кейінгі 30 жылда әлі өзгермегенін айтады.

"Баяғы жартас, сол жартас. Бұл Жезқазғандағы жай ғана су. Негізінен, қалада кейінгі 30 жылда ешнәрсе өзгермеген. Қала әкімдігі мұнда жоқ секілді", – деді Сырым Итқұлов.

Видеодан автордың көршілерінен "Бәріміздің ыстық суымыз осылай болып шығып жатыр ма? Бұл шынымен де қорқынышты нәрсе. Сұмдық жағдай" деп сұрағанын байқаймыз. Сонымен қатар видеодағы су қара-қоңыр болып аққанын байқауға болады. Ал қазақстандық оқырмандар дәл осындай лас сумен жаңа туған нәрестелерді шомылдырғанын айтып берді.

"Жезқазғанда 1989-1996 жылдары тұрдым. Сол кезде де дәл мына кофенің түсіндей болып тұрды. 1995 жылдың қаңтарында перзентханада жаттым, сәбилерді бірден анасының қасына әкеліп, өздеріне қарауға беретін. Міне, сол сумен жаңа туған нәрестелерді шомылдыруға мәжбүр болдық. Содан бері жағдай жақсармаған сияқты...", "Жезқазған үшін өте өкінішті. Бұл қала миллиардтар әкеледі, бірақ оған ешкім үлес қосып жүрген жоқ", "Бәлкім, құбырларында өздерінің экожүйесі бар бөлек бір өркениет өмір сүріп жатқан шығар. Бұл адамдарға деген таза зорлық-зомбылық, Жезқазған қаншама ақшаны олигархтарға беріп жатыр", – деп ашуланды желі қолданушылары.

Осы мәселеге қатысты Жезқазған әкімдігі сұранысымызға жауап берді.

"Су сапасына қатысты жарияланымға байланысты "Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны" компаниясы 2025 жылдың 7 сәуіріндегі жағдай бойынша бұл фактілер тіркелмегенін хабарлайды. Сонымен қатар абоненттің мекенжайы мен бейнемазмұнның жазылған күні көрсетілмеген", – деп пікір білдірді әкімдік.
Талқылау