Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Соғылған кезде есіктен ұшып кеткен": Алматыдағы автобус апатынан қаза тапқан азаматтың анасы оқиға туралы айтты

Алматыда автобустардың жол апатынан көз жұмған Мұхит Исахановты туыстары бүгін жер қойнына тапсырды. Марқұмның жақындары 37 жастағы жігіт апат болған сәтте 98-ші бағыттағы автобустың ішінде болғанын жеткізді. Туыстары оқиғаның қалай болғаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

City bus тасымалдаушы компаниясында тағылымдамадан өтіп жүрген азамат қоғамдық көліктің бағытымен танысу мақсатында жүргізушінің жанында тұрды дейді олар. Бірақ қос автобус соқтығысқанда марқұм автобустың салонынан сыртқа қарай құлап, оны қоғамдық көлік жаншып өткен. 

Алматыдағы жол апатынан көз жұмған Мұхит Исахановты туыстары мен достары ақтық сапарға шығарып салды. Айдың-күннің аманында атпалдай азаматтың мәңгілік мекенге аттанғаны тұтас әулеттің қабырғасын қайыстырған. 37 жастағы тепсе темір үзетін жігіт үйдің жалғыз асыраушысы екен. Оның артында анасы, жары мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды.

“Баламның өлгеніне сенген жоқпын. Тергеуші хабарлап айтты. Қайтақайта сұрадым. Ақыры баламнан айырылып қалдым. Негізі, мамандығы шофер ғой. Алдында Байсерке маршрутында істеді. Баламның артында екі баласы қалды. Оңай емес. Келінім қалды, жапжас. Балам да жастай кетті”, – дейді  М.Исахановтың анасы Қарлығаш Исаханова.



Марқұмның жақындары Мұхит қайғылы оқиға күні 98-ші автобустың ішінде болғанын жеткізді. Нақтырақ айтсақ, қоғамдық көліктің бағытымен танысу мақсатында "жүргізушінің жанында тұрған" дейді туыстары. Жолаушы тасымалдау ісінде ұзақ жыл тәжірибесі бар азамат "Сити бас" компаниясы сұраған қажет құжаттарды да жинап тапсыруға тиіс болған. Бірақ ол жүргізуші ретінде жұмысқа сол күйі орналаса алмай кетті.

“Абылайхан көшесімен көтерілген 98-ші автобустың ішінде болды. Алдыңғы жағында жүргізушінің қасында тұрған. Машина ұрылғанда есіктен ұшып кеткен. Мынау ұрып, онымен қоса үстінен мыжып кеткен. Быт-шытын шығарған ғой, әлгі жерде. Несие төлеймін, қу дүниенің артынан тіршілік жасаймын деп барды ғой, сол жұмыс іздеп”, – дейді М.Исахановтың апасы Мөлдір Исаханова.

Қос қоғамдық көлік соқтығысқан сәтте 98-ші автобустың есік-терезесінен үш адамның сыртқа қарай бірнеше метрге ұшып түскенін бейнебақылау камерасынан байқауға болады. Сол кезде жерге оңбай құлаған Мұхитты салмағы ондаған тонна 201-ші автобус жаншып өткен. Ал тасымалдаушы компания Мұхиттың өндірістік тәжірибеден өткенін растады. Алайда "Сити бас" серіктестігі апат күні ол автобус паркіне келмегенін мәлімдеді.  

“Бірақ дәл сол күні тағылымдамадан өтуші ретінде тіркелген Мұхит автобус паркіне келмеді. Білуімізше, 8 қарашада ол № 98 автобус бағыты бойынша жолдама құжаттарын алу үшін Алматы ONAY көлік холдингіне кеткен”, – дейді "City Bus" ЖШС.

Жол апатын жан жақты зерттеп жатқан полиция нақты кімнің күдікке ілінгенін әлі айтқан жоқ. Тергеу әлі жалғасып жатыр.

Талқылау