"1 миллион доллар тұрады": Қазақстандық Софи Манасянның анасы АҚШ-тан қалай үй алғандарын айтты
9 жасында АҚШ-қа көшіп барған қазақстандық Софи Манасян бала кезінен мың бұрала билеп, көпшіліктің ерекше ықыласына ие болған. Талапты бойжеткен бүгінде ел намысын арқалай жүріп, шетелді өз өнерімен бағындыруды мақсат еткен. Атап айтқанда, ол Голливудтағы Nickelodeon, Disney-дің түрлі кастингтеріне барып өнерін шыңдаған. Ол жақында отбасымен Лос-Анджелестен зәулім үй алған болатын. Талантты жасөспірімнің анасы Ольга Манасян қызының арманына жетуі үшін қолдан келгенін аямағанын айтады. Ольга Stan.kz тілшісіне шетелге көшуі мен мұндағы өмірі, басапана алу, Голливудтағы кастингтер мен табысы туралы айтып берді.
Ольга қызының Қазақстандағы жетістіктеріннен соң, жазғы демалыс кезінде тәжірибе алмасу үшін шетелге шығуды жоспарлаған.
“АҚШ-қа 2016 жылы келдік. Лос-Анджелесте өнер жақсы дамыған. Мұнда жоғары деңгейдегі голливуд, киноиндустрия, шоу-бизнес, бидің де түр-түрі бар. Түрлі өнер мектептері мен әрүрлі штаттардан келген білікті ұстаздар Софидің қызығушылығын арттырды. Осылайша жаз бойы биден жаңа әсерлер мен тәжірибе жинадық. Кейін бұл жақта балаларға үлкен мүмкіндіктердің мол екенін байқап, уақытша жұмыс барысымен әрі оқумен көшуге шешім қабылдадық”, – деді Софидің анасы.
Ольганың айтуынша, сол кезде Софидің актерлік, бишілік, музыкалық қабілеті мен талантына қызыға да, таңдана қарайтындар көп болған екен.
“Голливудтың жүрегінде орналасқан бұл қалада кинодан бөлек, көптеген балаларға арналған сериалдар, реалити, музыкалық шоулар, қойылымдар, концерттер көп болды. Ойлана келе қызыма осындай мүмкіндікті пайдаланып көруге жағдай жасауым керек деп бекідім. Оның өзі қалаған дүниемен айналысып, өзін тануға қолдау білдіргім келді. Кейін тәуекел етпегенімізге өкінбес үшін барлығын осылай бастадық”, – деп қосты Ольга.
Софидің анасы алғашқы кезеңдерде шетелдің мәдениетіне сіңісу қиындық тудырғанын жасырмады.
“Әрине, басында жаңа мәдениетке үйренісу оңай болмады. Дегенмен бойдағы талантты ашу үшін бәріне үйренуге тура келеді. Алдымен адамдармен араласу, тіпті тілді біліп тұрсақ та, біздің акцентпен түсіндіру, оларды түсіну қиын болды. Бізге жымия қараған адамдардың бәрін жақсы деп санаған едік. Уақыт өте келе бұлай емес екендігін де түсіндік. Ең бірінші тамақтарына үйренісе алмадық. Әлі күнге дейін бауырсақ пен бешбармақты сағынамыз”, – деді Ольга.
“Лос-Анджелстен үй алу оңай емес”...
Софидің бүгінде Instagram желісінде 1,8 миллион оқырманы бар. Жақында олар Лос-Анджелестен үлкен үй алды.
“Бұл жақта үй алу процесі біздегідей жеңіл емес. Тіпті сенің қолыңда ақшаң болса да, жай барып, үйді сатып ала алмайсың. Агенттіктер бағаны екі есе қымбаттады. Оның үстіне егер үй жайлы, жақсы болса, иелері сатып алушыларды өздері таңдайды. Бұл жақта тұрғындар көршілерімен етене араласады. Сол үшін олар көшерде алдымен орындарына жақсы адамдарды қалдыруға міндетті. Осылайша, иелер сатып алушылар арасынан лайықты деп таныған жандарға ғана үйлерін береді. Немен айналысып, қайда жұмыс істейтінімізді де сұрайды. Мұнда ақшадан да маңызды дүниелерге назар аударады екен”, – деді Ольга.
Қыздың анасы бұл қаладан баспана алу үшін табыс табудың да оңайлыққа соқпағанын тілге тиек етті. Айтуынша, салық бағасы өте қымбат болғандықтан, Штатта ақша жинау оңай болмапты.
“Орташа есеппен ең кішкентай үйлердің өзі 1 миллион доллардан басталады. Әрине, орналасқан аймағына да байланысты. Себебі Лос-Анджелес – өте үлкен қала. Егер үй Beverly Hills секілді ауданда болса, 16-20 миллион доллар болуы мүмкін. Сондықтан бағалар да әр түрлі. Біз сатып алған үй 1 миллион доллар тұрады. Оның иесі – Софи. Түрлі қиыншылықтарды еңсеріп, соңында бапаналы атандық”, – деп қосты Софидің анасы.
Ольга басында Лос-Анджелестен үй алу деген жоспардың болмағанын алға тартты. Алайда әлемдегі жағдай мен үй бағаларының көтерілуі болашақты ойлап, баспана алуға итермелеген екен.
“Әлемде болып жатқан жағдайлар Америкаға да өз әсерін тигізуде. Мұнда да азық-түлік, баспана, жанармай, тағы басқа дүниелер күннен-күнге қымбаттап жатыр. Сәйкесінше, Лос-Анджелесте көпшілік пәтер жалдап тұратындықтан, жыл сайын пәтер ақысы минималды түрде 5 пайызға өсіп отырады. Сондықтан біз жиғанымызды үй алуға жұмсауды жөн санадық. Мұнда жалдау ақысын төлегенге қарағанда өз үіңді алу тиімдірек”, – деді ол.
Nickelodeon, Disney, Голливудтағы жобалар...
Софи актерлікпен айналысады. Анасының айтуынша, қызын ерте жастан-ақ Nickelodeon, Disney, Голливудтағы кастингтерге қалдырмай апарған.
“АҚШ-қа 9 жасында келгеніміз дұрыс болды. Себебі сол уақыт аралығында қызымыз тілді еркін үйреніп, түрлі жобаларға барды. Софиді кастинг мамандары есте жақсы сақтап қалуы үшін барымызды салдық. Іріктеулерден қалмадық. Көп кастингке барған сайын директорлар оны бірден танитындай болсын деген мақсатымыз болды. Себебі бұл жерде бәсекелестік өте жоғары”, – деді Ольга.
Ольга қазір Лос-Анджелесте жұмыс қызу жүріп жатқандықтан, әзірге осы елде қалатындарын жеткізді.
“Мұнда түрлі би жанрларын, театр, кино жағынан бәрін көріп жатырмыз. Софидің бұл жақта үлкен мақсаттары бар. Оған актерлік бағыт та ұнайды. Қазір ол комедиядан драмалық рөлдерге көшуді көздеп жүр. Тіпті қорқынышты фильмдерде де өзін сынап көргісі келеді. Қызым Қазақстанды сағынады және туған еліне сәлем жолдайды. Әрі отандастарының қолдауын күтеді. Ол еңбек пен талаптың жемісі болатынын баршаға дәлелдегісі келеді”, – деп қорытты Ольга.