"Содан кейін стресске түстім": Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны тұңғышын ағасының бауырына басқан
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Мейрамбек Майлыбаев пен оның жұбайы тұңғыш сәбилерін ағасы мен жеңгесінің бауырына басып берген. Ол кісілер он бір жылдан бері бала сүйе алмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Ниет» бағдарламасына сілтеме жасап.
«Мені негізі алып қашып кеткен. Екі күн жолықтық. Үшінші күнінде алып қашып кеткен. Үйлендік. Сол кезде дастархан басында ол кісілердің балалары жоқ екендігі жайында мен естідім. Хабардар болдым. Басында күйеуіме «мен егер көтерсем үлкенімді сол кісілерге беремін» деп айтқанмын. Құдайға шүкір, арада көп ұзамай құрсақ көтердім. Босанғаннан кейін перзентханадан шыға сала «Міне, балаларыңыз» деп екеуінің қолына табыстадым. Бұлай болатынын ол кісілер мен босанатыннан бір күн бұрын ғана білді. Ешкімге айтқан жоқпыз. Біз күйеуім екеумз ғана білетінбіз. Бір апта алдын біз енеме айттық. Одан кейін ол кісілердің алдынан өттік. Мен босанар алдында жеңгемнің түсіне аян берген. «Түсімде бір әйел маған бала беріп жатыр. Соны көрдім» деп айтты. Құдайға шүкір, ол кісілердің бір-біріне деген махаббаттары берік. Алла екеуіне бала бермеді. Бірақ адамның қолынан келіп тұрса неге бермеске?», – дейді Аружан.
Келіншектің айтуынша, ол бірінші баласын босанғаннан кейін стресске түскен. Оған дәрігер екінші құрсақ көтере алмайтынын айтқан.
«Мен босанып болғаннан кейін өзімді жайсыз сезіндім. Өзімнің дәрігеріме барғанымда ол менің алты жыл күтіну керектігімді айтты. Өйткені менде жара бар екен. Содан кейін стресске түстім. Кез келген нәрсеге ашуланатын болдым. «Жақсылық жасағаным үшін мені сынап жатыр ма» деп өзімді жей бастадым. Кейін күйеуіме айтып, бірге тексерілуге бардық. Сол кезде дәрігерлер ол диагноз қате деді. Тек жылы киініп жүруімді ескертті. Міне, содан бері екінші құрсағымыз бар. Баланы берместен бұрын біз өзімізді психологиялық тұрғыдан қатты дайындадық. Тіпті ата-анам мұны мен босанғаннан кейін білді. Ол кісілер де өздерінің қолдау көрсететінін жеткізді», – дейді келіншек.
Күйеуі де әйелінің істеген ісін құптайтынын айтады. Тіпті келіншегінің ата-анасы да ерлі-зайыптылардың бұл шешіміне түсіністікпен қараған.
«Ол кісілер 2009 жылы үйленген. Қазіргі таңда он бір жыл болды. Мен айтқан кездегі екеуінің қуаныштан жылаған сәттерін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бала бір жасқа толғаннан кейін оны ағамның атына аударамын. Қазір сол кісілерді ата-анасы ретінде қабылдайды», – дейді Мейрамбек.
Ал Мейрамбектің ағасы мен жеңгесі көздеріне жас алып, өмірлерінде сәби пайда болғалы бақытты екендерін жеткізді.