Смайылов: Қазақстанда 2 миллиард ағаш отырғызу жобасы іске аспай қалуы мүмкін
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов 2 миллиард ағаш отырғызу жобасы іске аспауы мүмкін екенін хабарлады. Оның себебі қаржының жеткіліксіздігінен екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
2021 жылы 66 мың гектар алқапқа 138 миллион плантацияға ағаш отырғызылыпты.
Сөзінше, биыл бірқатар өңірлерде жергілікті деңгейде қаржыландырудың әлсіздігінен белгіленген мөлшер орындалмауы мүмкін.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында өткен жылдан бастап экологиялық төлемдерді экологиялық жағдайды жақсарту шараларына бағыттау керек деген норма қалыптасқанын атап өтті.
“Ол үшін Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып, әр өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуі қажет”, – дейді Смайылов.
Осыған байланысты ол Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне Қаржы министрлігімен бірлесіп, биыл ағаш отырғызудың жоспарланған көлемін қаржыландыру мәселесін талқылауды тапсырды.
Еске салсақ, Қазақстан көгалдандыруға 82 миллиард теңге жұмсамақ болған. Былтыр Экология вице-министрі Әлия Шалабекова алдағы бес жылда екі миллиард ағаш отырғызу жоспарланғанын хабарлады.
Биыл 244 миллионға жуық ағаш отырғызу жоспарланған. Ал 2023 жылы – 411 млн, 2024 жылы – 573 млн және 2025 жылы – 643 млн ағаш отырғызылады деп күтілуде.