Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО-дағы ауданның бұрынғы әкімі "Алматыэлектротранс" компаниясының басшысы болып тағайындалды

Фото: almatydc.kz

Солтүстік Қазақстан облысындағы ауданның бұрынғы әкімі “Алматыэлектротранс” компаниясының басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Компанияның баспасөз қызметі 10 желтоқсанда “Алматыэлектротранс” ЖШС-ның жаңа бас директоры болып Дәурен Байтөлешов тағайындалғанын хабарлады.

Байтөлешов еңбек жолын 2003 жылы прокуратура органдарында бастаған.

2006 жылы Қарағанды облысы әкімдігіне жұмысқа ауысып, әкімнің кеңесшісі және көмекшісі болды. 2007 жылы Теміртау қаласы әкімінің аппаратын басқарды, ал 2008 жылы Қарағанды қаласының Октябрь ауданында әкімнің орынбасары қызметін атқарған.

2009 жылы Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарған.

2012 жылы премьер-министр кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы, ал 2015–2019 жылдары Солтүстік Қазақстан облысындағы Аққайың ауданының әкімі қызметін атқарған.

Айта кетейік, 2022 жылғы желтоқсаннан бастап “Алматыэлектротранс” компаниясының бас директоры қызметін Александр Бейсембиев атқарып келген. Компанияның мәліметінше, ол өз еркімен жұмыстан кеткен.

Бейсембиев бұған дейін “Lancaster Group” АҚ-да жұмыс істеген. Аталған компанияның құрылтайшыларының бірі – Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 05 Қаңтар, 2026 21:11