Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО-да өзендер арнасынан асып, жолдарды су шайды

Солтүстік Қазақстан облысында барлық өзендердің суы көтеріліп жатыр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

су басқанФото: ашық дереккөзден

"Қазгидромет" РМК СҚО филиалының мәліметінше, Сергеев су қоймасының ернеуінен тасып аққан судың биіктігі бүгін таңғы сағат 8.00-де 102 сантиметрге жетті. Кеше, 5 сәуірде оның биіктігі 5 сантиметр болған.

“Су әлі де келіп жатыр. Мәселен Сергеевка қаласының жанында Есіл өзенінің деңгейі бір тәулікте 294 сантиметр көтерілді. Ал Крещенко елді мекенінің маңында өзеннің су деңгейі 4,5 метрге жоғарылаған. Осылайша 1365 сантиметр  құрап, қауіпті деңгей – 1400 сантиметрге жақындап қалды. Су өзен арнасынан шығып, жайылып жатыр”, – делінген хабарламада. 

Ақанбұрлық өзенінің де суы молайды. Возвышенка елді мекені маңындағы гидрологиялық бекетте мамандар су деңгейінің бір тәулікте 295 сантиметр көтерілгенін анықтады.

Рузаевка елді мекені маңында Шарық өзенінің де су деңгейі 97сантиметрге көтерілді. Бұл екі өзенде де мұз жарылып, сең жүріп жатыр.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 сәуір күні сағат 17.56-да еріген қар суы Рузаевка елді мекенінің маңында "Көкшетау-Рузаевка" автожолының 191 шақырымын шайып кетті. Сағат 22.00 шамасында судың жолға шығуы тоқтады.

Сондай-ақ Тоқсан би елді мекенінің маңында сағат 18.00 шамасында "Екатенирбург-Алматы" автожолының 41 метрін су басты. Сағат 00.20-да судың жайылуы тоқтады.

Мамандардың айтуынша, бұл жерлерге арнайы белгілер қойылып, қазір кезекшілік ұйымдастырылған.

Талқылау