СҚО-да мектептің шатыры опырылып кетті
Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл мектебінің акт залының шатыры опырылып түсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде мектеп шатырының құлаған видеосы тараған. Бұл ақпаратты облыстық білім басқармасы растады.
"2022 жылдың 4 сәуірінде Аққайың ауданы Токушинский мектеп-гимназиясы" КММ акт залының шатыры жартылай опырылып кетті. Зардап шеккендер жоқ. Уәкілетті орган басшылары оқиға орнына аттанды. Сонымен қатар мән-жайды анықтап, шара қолдану үшін арнайы комиссия құрылды", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайдың алдын ала себебі ғимараттың іргетасының шөгуі мен шатырдың жаңбыр суынан бұзылуы.
Мектепте 293 оқушы бар. Мәселе шешілгенше олар қашықтан оқитын болады.
Мектеп мұғалімдерінің сөзінше, өткен жылы мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, оның ішінде құлаған шатыр да жөндеуден өткен.
"Ағымдағы жылы әкімдік тарапынан мектепті жөндеуге қосымша қаражат бөлінген. Бұл қаражатқа негізгі мектептің шатырын, акт залы мен мектеп-интернат ғимаратының шатырын ауыстыру жоспарланған болатын", - деп түсіндірді басқармадағылар.