СҚО-да қазақ театрының актерлері әкім сыйға тартқан пәтерлерден қуылып жатыр
Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ театрының актерлері далада қалуы мүмкін. Өйткені осыдан он бір жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі Серік Біләловтың өзі сүйіншілеп сыйлаған пәтерлерінен қуылып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Арна мәліметінше, актерлердің баспана мәселесін шеше алмай жүргендеріне бірнеше жыл болған. Содан бері "бармаған жеріміз бен ашпаған есігіміз қалмады", дейді олар. Он жыл бұрын қазақ театрының он жылдығында "Дәрігерлер үйінен" берген пәтерлерді жеке меншік иелігіне аудару мүмкін болмаған екен.
"Кілтті театрдың он жылдығында салтанатты жиында облыс әкімінің өзі табыстаған екен. Сол пәтерлерді ғана сұрап отырмыз. Бізге басқа ештеңе қажет емес", - деді С. Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының актері Асылхан Рәзиев .
Әкімдік өкілдері сол кезде он жылдан кейін үй жеке меншікке өтеді деп сендірген көрінеді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты дейді. Енді театр актерлеріне арнайы бөлінген пәтерлер әкім меншігінде кетті деп ойлайды. Он жыл бұрын жан-жақтан жиналған жас актерлердің қазір бірнеше баласы бар. Ал жалақылары 90 мың теңгеден аспайтын отбасыларға пәтер жалдап тұру да, несие рәсімдеу де мүмкін емес екен.
"Бізге шығыңдар деген қағаздар келді. Сотқа шақыртулар келді. Сондықтан да біз күнде, былайша айтқанда, "чемоданный настроениемен" отырмыз. Қай уақытта қуып шығар екен деп", - деді С. Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының актері Нұрбол Асқаров.
Баспана облыстық көпбейінді аурухананың меншігінде екен. 80 пәтерлі дәрігерлер үйі уақытша баспана ретінде берілген дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
"Бірақ актерлерге қай кезге дейін тұруға рұқсат берілгенін айтпады. Соған қарағанда қыс бітіп, көктем келгенде бұл мәселе қайта ушығатын түрі бар", - деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Сайлау.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
