Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО-да қайың шырынын жинаушыларға айыппұл салынады

Солтүстік Қазақстан облысында қайың шырынын жинаушыларға айыппұл салынатыны ескертілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: forestry.by

Солтүстік Қазақстан облысы — ақ қайыңдардың отаны саналады, себебі мұндағы ормандардың басым бөлігі қайыңды алқаптар. Көктем шығып, ағаш бойымен шырын жүре бастаған кезде, көптеген облыс тұрғыны витаминге бай қайың шырынын ішіп, бой сергітуді әдетке айналдырған.

Алайда табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қайың шырынын жинау орман алқаптарына зиян келтіру ретінде бағаланатынын және бұл әрекет үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері – 10 АЕК (39 320 теңге). 

"Ауа райы жылынған сәтте қайың шырынын жақсы көретіндер қолдарына балта мен басқа да құралдарын алып, орманға бет алады. Өкінішке қарай, халықтың белгілі бір бөлігі үшін тұтынушылық әуесқойлық ақыл мен жауапкершілік сезімінен басым түсіп жатады. Соның салдарынан мыңдаған қайың ағашы аяусыз зақымдалады. Қайың діңіне түскен жаралар ұзақ уақыт жазылмайды, жарақаттанған тұсынан ағаш шіріп, ішіне түрлі қауіпті инфекциялар түседі. Бұл өз кезегінде ағаштың қурауына әкеліп соғады. Ал қайың шырыны – ағаштың тармақтарына қоректік заттарды жеткізіп, оны қысқы ұйқыдан оятып, өсуіне және жапырақ жаюына мүмкіндік беретін маңызды табиғи процесс", – дейді басқарма мамандары. 

Қайың шырынын заңсыз жинағаны үшін қарастырылған айыппұл мөлшері келесідей:

- жеке тұлғаларға – 10 АЕК (39 320 теңге);

- лауазымды тұлғалар мен шағын бизнес субъектілеріне – 30 АЕК (117 960 теңге);

- орта бизнес субъектілеріне – 50 АЕК (196 600 теңге);

- ірі бизнес субъектілеріне – 100 АЕК (393 200 теңге).

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда жаңа айыппұл күшіне енгені туралы жазған едік.

Талқылау