Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО-да әкім көпбалалы анаға әкімдік ғимаратында сауда жасауға рұқсат бергені үшін жазаланды

Фото: istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысында әкімдік ғимаратында ішкиім саудасына рұқсат бергені үшін әкім жазаланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

СҚО-да ауылдық округтің әкімі пошташы болып жұмыс істейтін көпбалалы әйелге әкімдік ғимаратында ішкиім мен шұлық сатуға рұқсат бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Облыстық әдеп деп жөніндегі кеңес Ақжар ауданына қарасты Кішікәрой ауылдық округінің әкімі Ботагөз Сабыроваға қатысты қызметтік тексеріс жүргізді.

Кеңес отырысында хабарланғандай, Бостандық ауылындағы бір қабатты әкімдік ғимаратында кітапхана, учаскелік полиция қызметкерінің, ветеринар мен пошташының кабинеттері де орналасқан. Прокуратураның мәліметінше, пошташы заң талаптарына қайшы түрде саудамен айналысып, әкімдік ғимаратында балалар киімі, шұлық пен ішкиім сатқан.

Қызметтік тексеріс барысында ауылдық округ әкімі Ботагөз Сабырова өз кінәсін мойындады. Оның айтуынша, ол 2024 жылғы 3 желтоқсанда әкім лауазымына тағайындалып, кейін әкімдік ғимаратындағы бөлмелерге түгендеу жүргізген. Сол кезде пошта қызметкерінің тікелей әкімдік ішінде сауда жасап жүргенін анықтаған. Алайда шенеунік онсыз да жалақысы аз әйелге жаны ашығандықтан, оған тыйым салмаған.

"Онда бар болғаны бес шаршы метрдей ғана жер бар, сауда жасауға лайық орын да емес. Иә, сауда жасалды, балалар киімі, шұлық пен ішкиім сатылған. Пошташының төрт баласы бар. Күйеуі ауылда механизатор болып істейді, жұмысы маусымдық. Ал әйелдің айлық жалақысы небәрі 40 мың теңге ғана", – деп түсіндірді әкім.

Әрекетсіздік танытып, заңсыз табыс табуға жағдай жасағаны үшін әкімге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілуі немесе қызметтен босатылуы мүмкін еді. Алайда кеңес мүшелері шенеуніктің жағымды мінездемесін және "адамгершілік факторын" ескерді.

"Әкім туралы жағымды пікірлер көп, жақсы мінездемелер берілген. Сонымен қатар бұл жерде адамгершілік факторын да ескеру керек. Төрт баласы бар ана сауда жасап, қосымша табыс табуға тырысқан. Мемлекеттік қызметкер заң бұзған, бірақ өз кінәсін түсініп отыр. Сол себепті, әдеп кеңесі мүшелері ретінде біз қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берумен шектелуді ұсынамыз," – деді кеңес мүшелері.

Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері бірауыздан ескерту беру туралы шешім қабылдады.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 11 Маусым, 2025 18:41
Талқылау