Қазақстанда 30-дан аса люкс көліктер аукцион арқылы сатылудың орнына мемлекеттік органдарға тегін берілген

2025 жылдың тамызынан бері Қазақстанда тәркіленген ондаған люкс автокөлік аукцион арқылы сатылмай, ешқандай өтемақысыз мемлекеттік органдардың қарамағына берілген. Жалпы құны шамамен бір миллиард теңгеге бағаланатын бұл көліктердің қатарында Mercedes-Benz, Lexus, Land Rover және Toyota Land Cruiser сияқты қымбат маркалар бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Zanamiviehali арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Біз мемлекеттік аукцион сайттарын саралап, 2025 жылдың тамыз айынан бері Қазақстанның мемлекеттік органдарына ешқандай ақысыз берілген автокөліктерді анықтадық. Зерттеу барысында тек элиталы және сирек санаттағы машиналар іріктелді. Көптеп кездесетін "Camry" мен "Cobalt" секілді көліктер есепке алынған жоқ, дегенмен мұндай лоттардың да болғаны байқалады.
Мемлекеттік органдардың балансына өткен люкс автокөліктердің қатарында әр жылдары шығарылған және әр өңірге тиесілі болған бірқатар қымбат маркалар бар.
Атап айтқанда, Ақмола облысына 2022 жылы шыққан, құны 28 миллион теңге деп бағаланған Lexus RX 350 L берілген. Солтүстік Қазақстан облысына 2021 жылғы Toyota Land Cruiser 200 өтіп, оның бағасы 29 миллион теңгені құрады. Алматы қаласында 2016 жылғы Lexus RX 350 мемлекет меншігіне қабылданып, ол 14 миллион теңгеге бағаланған. Шығыс Қазақстан облысының балансына 2021 жылғы Mercedes-Benz AMG G63 берілген.
Көлікте сызаттар мен майысқандар болғанына қарамастан, оның бағасы 99,4 миллион теңге деп көрсетілген. Алматыда 2023 жылғы Zeekr 001 электркөлігі де мемлекетке өткен. Бағалау есебіне сәйкес, бұл көлік кәсіпкер Дастан Есполовтан тәркіленіп, 12,2 миллион теңгеге бағаланған.
Сондай-ақ Алматы қаласына 2018 жылғы Mercedes-Benz 250 V берілген. Бұл көлік ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Елдос Қоспаевқа тиесілі болған және 25,7 миллион теңге деп бағаланған. Дәл осы қалада 2020 жылғы BMW X7 xDrive 40i де мемлекет қарамағына өтіп, Айжан Қоспаеваның атына тіркелген бұл автокөліктің құны 33,2 миллион теңге болған.
Алматыда 2018 жылғы Land Rover Discovery де тіркелген. Аталған көлік Қоспаевтармен бірге ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Дастан Әбіжановқа тиесілі болып, 18,5 миллион теңгеге бағаланған. Бұған қоса, 2018 жылғы Lexus ES 250 де мемлекет меншігіне өткен. Автокөлік Қоспаевтардың серіктесі Рауан Бабаевтың атына тіркелген және оның бағасы 15,6 миллион теңгені құраған.
Абай облысына 2010 жылғы Lexus RX 350 беріліп, ол 9,5 миллион теңгеге бағаланған. Шығыс Қазақстан облысының балансына 2010 жылы шыққан Lexus LX 570 өтіп, оның құны 15 миллион теңге деп көрсетілген. Алматы қаласында 2021 жылғы Land Rover Range Rover де тіркелген. Бұл көлік Қоспаевтар ісі аясында тәркіленіп, 61 миллион теңгеге бағаланған.
Сонымен қатар Алматыға тағы бір Toyota Land Cruiser 200 беріліп, оның құны 36,6 миллион теңге болған. Осы қалада 2020 жылғы Mercedes-Benz G 63 AMG де мемлекет меншігіне өтіп, ол 84,5 миллион теңге деп бағаланған. Алматының балансына 2019 жылғы Land Rover Range Rover Sport та қабылданып, оның құны 40 миллион теңгені құраған. Бұдан бөлек, 2022 жылы шыққан Mercedes-Benz G 63 AMG де мемлекетке беріліп, оның бағасы 90 миллион теңге деп көрсетілген.
Фото: Zanamiviehali
Бұдан бөлек,
- Lexus RX 300, 2020 жыл, Абай облысы, 22 миллион теңге.
- Lexus LX 570, 2015 жыл, Абай облысы, 24,8 миллион теңге.
- Lexus RX 300, 2018 жыл, Абай облысы, 17,6 миллион теңге
- Lexus IS 250 спорттық седаны, 2013 жыл, Абай облысы, 7,6 миллион теңге.
- Toyota Land Cruiser Prado 150, Абай облысы, 18 миллион теңге.
- Lexus LX 570, Абай облысы, 22,5 миллион теңге.
- KIA Stinger спорттық седаны, 2023 жыл, Тараз қаласындағы көпсалалы ауруханада болған ұрлық ісі бойынша тәркіленген, 17,4 миллион теңге.
- Toyota Land Cruiser 300, 2022 жыл, Тараз, 53,8 миллион теңге.
- Nissan Patrol, 2014 жыл, Алматы, 17,7 миллион теңге.
- Mercedes-Benz G63 AMG, 2012 жыл, Алматы, 28,7 миллион теңге.
- Lexus LX 600, Астана, 79,1 миллион теңге.
- BMW X5 xDrive 40i, 2022 жыл, Павлодар, 41 миллион теңге.
- Lexus ES 250, 2022 жыл, Павлодар, 24,2 миллион теңге.
- Lexus GX 460, 2019 жыл, Ақтау, 28,2 миллион теңге болып белгіленген.
Осылайша, жалпы құны шамамен 1 миллиард теңгеге бағаланатын 30 люкс автокөлік мемлекет меншігіне тегін өткен. Көліктердің басым бөлігі қылмыстық істер аясында тәркіленген. Алайда мамандар мұндай қымбат техниканы пайдалану бюджетке қосымша салмақ түсіруі мүмкін екенін атап өтеді. Себебі жанармай, техникалық қызмет көрсету және жөндеу шығындары айтарлықтай қаржы талап етеді.
- Астанада полицейлер конкурс жариялап, жол талғамайтын люкс көліктерге 176 миллион теңге бөлген
-
Қостанай облысының әкімдігі сәнді жол талғамайтын көліктерді жөндеуге миллиондаған қаражат жұмсаған
Еске салайық, бұған дейін FlyArystan әуекомпаниясының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты іс 2019-2024 жылдары компания қаражатын ұрлау және сеніп тапсырылған ақшаны жымқыру деректері бойынша қозғалған. Тергеу барысында күдіктілер мүлікті өз атына ғана емес, анасы мен жұбайының атына да рәсімдегені анықталған. Сот үкімімен қымбат көліктер, пәтерлер, қаржы мен криптовалюта мемлекет кірісіне тәркіленіп, келтірілген шығын Air Astana пайдасына өндірілмек. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
"Теннисті таңдауыма әкем себепкер болды, ал Еленаның жетістіктері – біз үшін үлкен мотивация" – Заңғар Нұрланұлы