Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тірі жүрген қазақстандық қайтыс болғандардың тізіміне енген

Анықтама алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына келген қазақстандық өзінің өлгендер қатарында екенін білген. Бірақ салық төлеуші ретінде "тірі" деп тіркелген. Деректер қорында өзін қайта "тірілте" алмағандықтан ер адам әлі күнге дейін жұмысқа орналаса алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі  Еуразия 1арнасына сілтеме жасап.

"Бірінші рет естігенде күлкім келді. Тірі адамды өлікке айналдырып жіберген", - дейді Игорь. Ол өзінің қайтыс болған адамдар тізімінде екенін 2016 жылы білген. Қажетті анықтамалардың барлығын жинап, деректер қорындағы өз статусын қалпына келтірген еді. Жақында жаңа жұмысқа орналаспақшы болғанда бұл оқиға қайтадан қайталанып отыр. Сотталмағаны туралы анықтама алмақшы болған Игорь деректер қорында өлген деп көрсетілгенін көріп таң қалған. 

"Құжаттарды жөндеуден шаршадым. Жүйкем сыр бере бастады. Сайып келгенде менің бұл жерде кінәм жоқ. Қате жіберіп отырған өздері (ХҚКО)", - деді ол. Өзінің тірі екенін дәлелдеу үшін Игорь бір ай бойы құжат мәселесін шешумен жүр. Жаңа жұмыс орынында мұны ұзақ уақыт күтпейді деп алаңдайды өзі. 

"Екі күн бойы өз-өзіне келе алмай жүрді. Бұл дегеніңіз адамды тірідей көміп тастау ғой", - дейді Игордің әйелі. Айтуынша барлық жерде тірі деп тіркелген жолдасы Халыққа қызмет көрсету орталығының деректер қорында өлген болып көрсетілген. Мамандардан не істеу қажеттігін сұраса, жарытып ешкім жауап бермепті. Мәселені қалай шешетінін ешкім түсіндіре алмаған. "Теміртау қаласы ХҚКО бастығының атына арыз жаздық. Құжаттар қашан дайын болатынын, деректер қашан өзгертілетінін сұрап едік - білмейміз деп жауап берді", - дейді Елена. 

Ерлі-зайыптылардың айтуынша, Игорді өзімен аттас қайтыс болған адаммен шатастырып алған. "Атымыз бірдей, бірақ жылымыз бөлек адамды көрдім тізімде. Сонымен шатастырып, деректерді толықтырып жіберген болу керек", - деді Игорьдің өзі. 

"Деректер қорында ол кісімен аттас адам бар. Ол шынымен өлгендер тізімінде. Актуализация кезінде файлдарды жүктеуде қате кеткен болу керек. Қазіргі таңда деректер қорында Игорь Васильевичтің статусы қалпына келтірілді ", - деп түсіндірді облыстық әділет департаментінің бас маманы Меңтай Сатыбалдина. Әділет департаментінде деректерді тексеріп, қателіктерді жөндеу үшін бірнеше сағат кеткен. Ендігі уақытта Игорь Николаев анықтама ала алады деп мәлімдеді департамент қызметкерлері. 

 

STAN.KZ
Жұма, 13 Желтоқсан, 2019 10:20
Талқылау