"Сыйластық пен этика сақталмайды": Аида Балаева парламент мәжілісінде болған жағдайды сынға алды
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәжілісте журналист Мадина Жатқанбаеваға қатысты жағдайға пікір білдіріп, журналистерге үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Аида Балаева журналистер мен мемлекеттік органдар қызметкерлері арасындағы жұмыс кезінде этика сақтаудың маңызды екенін атап өтті.
Бірлескен жұмыс кезінде кез келген өркениетті қоғамда басты қағидаттардың бірі саналатын сыйластық, этика және мәдени қарым-қатынас толық сақтала бермейді. Мәжіліс қабырғасында журналист Мадина Жатқанбаеваға қатысты болған жағдай, өкінішке қарай, аккредитация ережелерінің сақталмауы мен премьер-министрдің орынбасарының баспасөз хатшысының әрекетіне байланысты туындады. Мемлекеттік органдар ұйымдастыратын іс-шараларда журналистер белгіленген аккредитация талаптары мен регламентті қатаң сақтау қажет екенін естен шығармағаны жөн”, – деді министр.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер де бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне құрметпен қарап, олардың кәсіби қызметіне кедергі келтірмеуге тиіс екенін ескертті.
“Министрлік мемлекеттік органдардың барлық баспасөз қызметтерімен бірлескен жиын ұйымдастырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстарды күшейтеді. Сонымен қатар бұл бағытта Ақпарат комитеті де конструктивті диалог орнату бойынша жұмыстарды жандандырады”, – деп жазды Аида Балаева.
Бұған дейін Аида Балаева әлеуметтік желіде өзінің атынан алаяқтардың жасанды интеллектің көмегімен әрекет етіп жүргенін айтып, көпшілікті сақ болуға шақырған еді.