Сиви Махмұди: Жолдасым үйленбес бұрын маған компромат іздеген
Сиви Махмұди алғаш рет өзінің күйеуі туралы айтып берді. Әншінің сүйіктісі мемлекеттік қызметкер болғандықтан, оның есімін құпия ұстауға тырысады екен. Мұнымен қатар, Сиви Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында әншілердің 70% жағдайда фонограммамен ән айтатынын ашып айтты.
– Мерекелік кештерге жалғыз барасыз. Әлеуметтік желілерге де жолдасыңыздың суретін салмайсыз. Мұның себебі неде?
– Иә, инстаграм парақшамда “Сіз ажырасып кеттіңіз бе?” немесе “Өзіңізден 10-20 жас үлкен азаматқа тұрмысқа шыққаныңыз рас па?” деп жиі жазып жатады. Жолдасым мемлекеттік қызметтегі адам болғандықтан, желіге сурет салғызбайды. Сұхбат барысында есімін айтуға тыйым салады. Сол себепті ол кісіні көп жарнамалай бермеймін. Менен тек екі жас үлкен. Қазір 30-да. Лаундж-барды ашқалы күні-түні қасымда жүр. Кез келген жобаны бастайтын кезде қасымда болып, қолдау білдіріп отырады.
– Фонограммамен ән айтқан кезіңіз болды ма?
– Әрине, үнемі фонограммамен айтамыз ғой. Сіз шоу-бизнесті түсінбеген соң, бұл туралы толық білмейтін шығарсыз. Бірақ, біз 70% жағдайда фонограммамен ән айтамыз. Әншілер даусы жоқ болған соң фонограммамен айтады деп қателесудің де қажеті жоқ. Көп жерде акустика жанды дауыста ән салуға мүмкіндік бермейді. Гәстрөлдік сапарға барғанымызда ұйымдастырушылар қымбат жабдықтарға ақшасын қимайды. Ән айту түгілі, даусың зорға шығады. Микрофонмен мысық сөйлеп тұрғандай болады. Халық та ақымақ емес, кімнің жанды дауыста, кімнің фонограммамен ән салатынын біліп тұрады. Мысалы, Луина, Санда сынды әншілер тек жанды дауыста ән салуға тырысады. Концерт беретін кезде Мақпал апайлар “Сиви, Құдай үшін, жақсы аппаратура алдырыңдаршы. Фонограммамен ән айтудан шаршадық” деп айтады.
– Жер бетінде сізге компроматы бар адам бар ма?
– Құдай сақтасын, жоқ! Бала күнімнен артымды ойлап жүретін ақылды қызбын. Мұның қаншалықты жақсы немесе жаман қасиет екенін білмеймін. Шымкенттің қызы болған соң, абыройымызды үнемі ойлап жүреміз. Бірақ, кейде өзіңе тым жоғары талап қоя беруден шаршайсың. Денең де, жүрегің де ауырады. Жас күнімде клубқа барып, ішімдік ішіп, темекі тартқан кезім болмапты. Күйеуім әлі күнге дейін “Саған үйленбес бұрын сен туралы барлығын сұрастырдым. Былықтарың жоқ па деп тексердім. Кейін абыройлы, артық мінезі жоқ екеніңді білген соң, үйленуге ұсыныс жасадым” деп маңдайымнан сүйіп отырады. Аллаға шүкір, қорқатын дүнием жоқ.
– Психолог мамандар “Шаш түсін жиі өзгертетін бойжеткендер – өмірлеріне өзгеріс енгізе алмай жүрген жандар” деп айтады. Соңғы кезде бірнеше рет шашыңыздың түсін өзгерттіңіз. Жоғарыдағы сөздердің сізге қатысы бар ма?
– Мамандар қателескен сияқты. (Күлді.) Бұлай бір орында тұрғанды ұнатпайтын, өмірлік ұстанымы мықты, жан-жақты өзгерістен қорықпайтын адам жасайды деп ойлаймын. Мен бір істен тез жалығып кетемін. Әдетте еркектер осындай болатын еді. Қыз баласы болсам да, осындаймын. Күйеуімді де күндіз-түні көре беретін болсам, ашуыма тиетін еді. Қуанышыма орай, екеуіміз сағынысып көрісеміз.
– “Өз ісімді таптым” деп айта аласыз ба?
– Әдетте “Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді” деп айтып жатады. Бұл мәтелдің маған қатысы болмаса керек. Мен тек актриса, әнші немесе продюсер боламын деп айта алмаймын. Мысалы, жобаларымнан шаршап кетсем, лаундж-барыма келемін. Бұл жерден шаршасам, үйдегі бала-шағама барамын. Бір ұжымда қатып қалсам, құлайтын шығармын. Сол себепті, өзімді бір салада көремін деп айта алмаймын. Бизнес ледимін дегенім дұрысырақ шығар.
– Біраз уақыт бұрын Қайрат Нұртастың анасымен ренжістіңіз. Шулы оқиғадан кейін татуластыңыздар ма?
– Гүлзира ханымға барлығын түсіндіріп, артынша татуластық. Барлығы журналистердің айыбы болды. Жас болған соң, әлі де алданып қалатын кездеріміз болады. Қазір Анна ханымға аздап ренжіп жүрмін. Арамыз суып кетті. Мен камераға түсіріп тұрған жоқ екен деп ойладым. Пенделікке салынып айтып қойдым. Гүлзира ханым маған ренжиді деп те ойламаған едім. Бұл шындықты халық та біледі ғой. Қазір біреу туралы айтқым келмейді.
– Жұлдыздар құпиясы сайтында көбінесе сіз және сіздің жобаларыңыз туралы жазылады. Осылайша, өз сайтыңызда өзіңізге жарнама жасап отырасыз ба?
– Шындығында, бұл сайт маған тиесілі емес. Менің ұжымымда жұмыс жасайтын Гүлдана есімді қызым бар. Сол қыздың сайты деп ойлаймын. Яғни, маған еш қатысы жоқ. Жобаларыма жарнама жасасам да, өзіме жарнама жасағанды ұнатпаймын. Инстаграм желісіне күні-түні суретке түсіп салған кезім болмапты.
– Бұл сұрақтың жауыр болып кеткенін білемін. Десе де, сырттан емес, жауабын өз аузыңыздан естігім келіп отыр. Ұлтыңыз қазақ па?
– Өзбекстанға менің еш қатысым жоқ. Таза қазақпын. Соңғы 10-12 жыл ішінде осы сауал жиі қойылып жүр. Әкем – қыпшақ, анам – қожа. Әдетте қожалардың түр-әлпеті қазаққа ұқсай бермейді. Эстрадамызда Шамси, Алтынбек Тәшімбетов сынды жұлдыздар да қожа. Оның үстіне әкемнің де, менің де есімдеріміз ерекше. 15 жасымда мені Өзбекстан еліне кастингке шақырды. Сол кастингтен өтіп, Ташкентте бір жыл тұрдым. Бірнеше фильмге түстім. Артынша бірден Алматыға келдім. Жұрт мені сол себепті өзбек деп ойлайды. Бізге шетелдік есімдердің қойылуының да себебі бар. Біздің алдымызда Қайрат, Шолпан есімді сәбилер шетінеп кеткендіктен, есімдерімізді ырымдап Сивиетта, Марсель деп қойған.
– Сізді еркіңізден тыс ашуландыратын дүние бар ма?
– Тек жобаларыма қатысты болмаса, көп ашулана бермейтін адаммын. Біреудің баласын тәрбиелеу өте қиын. Мұндай қиыншылықты мен туған балаларымнан да көрмеген шығармын. Туған балаң, анам деп аяп тұрады ғой. Жобаларыма келгенде барлығын жалғыз өзім істеймін. Ұжымымызда барлығына Гүлдана екеуіміз жүгіреміз. Әнді де өзім жаздырып, киімді де өзім тіктіремін. Ал әншілер дайын әнді зорға келіп айтып кетеді. Сол кезде ішім күйеді. Өнер жолында жүрген ағаларым “Олардың киімін бүтіндеп, тамағын тоқтап, үй беріп, көлік мінгізіп қойыпсың, мұндайдан кейін кім жұмыс істегісі келеді?!” деп ұрсады. Кейде әншілер айтқаныңды істемей, ауыр сөз айтып қалса, жүрегіңе қатты батады. Бірнеше топты таратып жібердім. Қазір Айдар Рысбек, Саламат тобы және Лара деген әнші қызымыз қалды. Көрер жемісіміз әлі алда деп жүрміз.
– Есейген сайын жан-дүниеңізде қандай сезім пайда болады?
– Ана болып, есейген сайын, жүрегіңде қорқыныш көп болады. Күндіз-түні балаларыңның амандығын тілейсің. Барлығы мені байдың ерке қызы деп ойлайды. Шын мәнінде, қара нан табу үшін менің қалай еңбектенетінімді біле бермейді. Намаз оқымасам да, әрбір атқаным таңым үшін Аллаға тағзым етіп, шүкіршілік қыламын. Көңілге қатты қараймын. Ең ауыр күнәлардың бірі – адамның көңілін қалдыру дейді. Сол себепті, артық сөйлемеуге, айналамдағылармен ренжіспеуге тырысамын. Кейде ешкімге көрсетпей жылап алатын кездерім болады.
– Сиви ханым, сұхбатыңызға көп рахмет! Жобаларыңызға шығармашылық табыс тілейміз. Жаңадан ашқан мейрамханаңызға келушілер көп болсын!
– Сізге де көп рахмет! Келіп, қонағымыз болып тұрыңыз!
Жіберіп алмаңыз:
Салтанат пен байлық: Сиви Махмұдидің бары келушілерді несімен таң қалдыра алады (фото)
Баян Есентаева: Қыздарға секс жайында 15 жастан бастап айту керек
Ақбота Керімбекова өзі асырап-баққан күйеулері туралы айтып берді