"Заңдағы ұры" Серік Голованың қызы әкесінің қатерлі ісікке шалдыққанын айтып көмек сұрады (видео)
Қазақстанда қылмыстық топ құрғаны үшін сотталған қылмыс серкесі, атышулы Серік Жаманаевтың қызы әкесінің қатерлі ісікке шалдыққанын айтып, бас прокурор Берік Асыловтан көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде Жанель есімді қыздың әкесінің ауыр жағдайда жатқанын, трансплантация қажет екенін айтып, бас прокурордан көмек сұраған видеосы тарады.
“Мен, Ақмолаева Жанель Серікқызы – Жаманаев Серіктің қызымын. Әкем өмірінің көп бөлігін қамауда өткізді. Біз әкемізді бет алды түрмеге қамай бергеніне көндіктік. Есірткі салып жібереді, үнемі осылай. Бірақ қазір әкем ауыр жағдайда. Ол бауыр қатерлі ісігіне шалдықты. Сондай-ақ бауыр циррозы деген диагнозы бар. Біз бірнеше рет мемлекеттік органдарға жүгіндік. Бірақ олардан ешқандай жауап болмады. Құрметті, Берік Асылов, сіздің көмегіңіз керек”, – дейді Жанель.
Оның айтуынша, шұғыл түрде әкесіне ота жасап, бауырын ауыстыру қажет. Аурудан айығудың басқа жолы жоқ дейді Жанель.
“Петропавл қаласындағы №66 мекеме ешқандай шара қабылдап жатқан жоқ. Онда ешқандай жағдай жоқ. Әкем қазір бір адамдық камерада отыр. Оның жағдайы күннен-күнге нашарлап жатыр. Өтінемін, сырқатынан жазылуға мүмкіндік беріңіздерші. Әр адам өмір сүруге құқылы емес пе?! Менің әкемді бұл құқығынан айырмаңыздаршы. Біз үйде 3 баламыз. Менің кәмелет жасқа толмаған екі інім бар. Мен де кәмелетке толмағанмын. Бізге көмектесуіңізді сұраймын”, – дейді бойжеткен.
Осы тұста Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталған Серік Жаманаевтың жағдайы туралы пікір білдірді. Ведомство сотталушының медицина қызметкерлерінің бақылауында екенін және оның қажетті ем қабылдап жатқанын мәлімдеді.
“Жыл басынан бері мамандардан үш рет қашықтан кеңес алды, арнайы мамандар кеңес беріп, медициналық көмек көрсету үшін мекемеге екі рет келді. Сотталғандарға медициналық көмек көрсету Денсаулық сақтау министрлігінің құзырында”, – делінген хабарламада.
“Серік Голова” деген атпен танымал Серік Жаманаев 2021 жылдың басында 19 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сот үкімімен ол 14 жылын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде, тағы 5 жылын толық қауіпсіз мекемелерінде өтейді. Серік Жаманаевқа ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып тағылды. Прокурордың айтуынша, оның қылмыстық тобының әрекеті абайсызда адам өліміне әкеп соққан.
Сондай-ақ 2022 жылы наурызда ол 14 жыл бұрын жоғалған қазақстандық журналист журналист Оралғайша Омаршанованы 2007 жылы өлтіргенін абақтыда мойындаған еді.