Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қауіп-қатер төнген сәттер болды": Сирияға көмек беруге барған қазақстандық азамат елдің шынайы жағдайын көріп қайтты

2011 жылы Сириядағы ел үкіметіне қарсы қақтығыс басталып, кейін мақсат-мүдделері әртүрлі қарулы тараптар арасындағы ойранға айналған еді. Бүгінде Шам жерінің тыныштығының бұзылғанына да он жылдан аса уақыт болыпты. Бүкіл әлем Сирияға көмек қолын созуда, оның ішінде Қазақстан да бар. Биыл 10 ақпанда гуманитарлық көмек жіберген еді. Оның ішінде 50 тонна азық-түлік, жылы киім, шатырлар мен төсек-орындар жабдықтары әуе жолдарымен жеткізілген. Осы сапарда қазақстандық еріктілер де елдің жағдайын көріп, көмек беруге барған екен. Солардың бірі –  Қанат Алшынбаев. Жерлесіміз Stan.kz тілшісіне сириялықтардың соғыстан кейінгі өмірі, тарихи орындары мен қалаларындағы шынайы көзбен көрген жағдайды баяндап берді.

Қанат Алшынбаев жеке архивінен

Қанат Алшынбаев сапарға әскери бортпен аттанған. Кейіпкеріміз Сириядағы қайырымдылық шарасына араб тілінің маманы болған соң да атсалысқан. Ол Қазақстаннан барған еріктілер мен жергілікті араб халқының арасында аудармашы қызметін де атқарған. 

"Ол жаққа таныстарымыз арқылы барып қайттық. Астана мен Алматы қалаларындағы қайырымдылық орындарында еріктілерден қажетті заттар жиналған.

Мәскеуде үш күндей тұрақтап, әскери бортты күттік. Бұл жерге бірнеше қайырымдылық қорларының өкілдері де барды. Орынбор қаласынан Сирияға ұшақ ұшады екен. Елдегі Хмеймим деген жерге Ресейдің әскери базасы бар. Бізді Ресейдің Қорғаныс министрлігі төрт-бес рейспен сонда жеткізді. Өзіміз сондағы бір бортпен Шам жеріне жетіп алдық. Жолда бірнеше күн бойы борттарды күттік. Қазақстан билігінен қолдау болған жоқ. Біздің гуманитарлық жүк қасымыздағы жігіттердің қаржысымен Ресейге жетті. Біз Сирияда жүргенімізде алдын ала жіберілген хаттарымызға, Қазақстан билігінен де жауап ала алмадық. Барлығын да өз күшімізбен апарып келдік. Үкіметтен Ресейге нота жіберіліп, тек сол жағынан ғана көмек беріліпті", - дейді сұхбат беруші.

Қанат Алшынбаев жеке архивінен

Қанат мырзаның айтуынша, Қазақстан халқынан 100 тоннадай жүк осы қайырымдылық шарасында жиналған көрінеді.

"Гуманитарлық көмектеріміздің ішінде 20 киіз үй, киім-кешек, азық-түліктер де болды. Сирияның Дамаск, Алеппо және Латакия қалаларын аралап көрдік. Халқының көбі Қазақстанды біле бермейді екен. Бірақ арасынан біздің ел туралы естігендері де бар. Олар Каспий теңізінің жағасында тұрғанымызды біледі. Ресей және Қытай елдерімен шекаралас екендігімізден де ақпараттары бар”, - дейді ол.

Қанат Алшынбаев жеке архивінен

Сөзінше, Сирия халқының жағдайы ауыр. Соғыстан қатты зардап шеккен. 

“Қарапайым халық өте нашар тұрады. Қоғамдық орталарда қайыр тілеп жүргендері де бар. Көмекке өте мұқтаж ел. Сондықтан да барынша көмектесуге тырыстық. Қаржы мен киім-кешекке мұқтаж екендіктерін айтады. Зілзала кезінде Қазақстан 40-50 тоннадай елге гуманитарлық көмек жөнелтіпті. Басқа елдерден де көмек келіп жатыр. Бірақ мұқтаждарға жетпей жатқанын да естідік", - дейді теолог маманы. 

Ол Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен гөрі соғыстан қатты зардап шеккендігін қоса кетті. 

"Біз Алеппо қаласында болып қайттық. Қаланың ешбір сау-тамтығы қалмаған. Тарихи орындардың өзі қатты бүлініпті”, - дейді ол.

Қанат Алшынбаев жеке архивінен

Өмірімізге тікелей қауіп-қатер төнген сәттер де болғанын сұхбат беруші жасырмады. 

“Бізге әртүрлі қауіп-қатерлер төнді. Бізбен бірге барған еріктілердің бірі араб азаматына тұрмысқа шыққан қазақстандық әйелдің екі баласын осы Сириядан тауып берген еді. Қазір әйел балаларымен бірге елде жүр. Тіпті, оларды Қазақстанға алдыртуға көмектесті. Олардың әкесі террористік бір топтың қатарына қосылыпты деп естідік. Біз Алеппо қаласына бара жатқанмызда, арамыздағылардың біріне бейтаныс нөмірден қоңырау шалды. Бірақ жолда дауысы дұрыс естілмеді. Кейін балалардың әкесі ме деп ойладық. Қаладағы мешіттегі жұма намазына қатыспай, әскерилермен бірге жүрдік”, – дейді ол. 

Сөзінше, барған кезде суреттер мен бейне роликтерді әлеуметтік желілерге таратпауларын талап еткен. 

Енді ғана көрсетіп жатырмыз. Ресей әскерилері қасымызда қару жарақтарымен жүрді. Брондалған көліктерімен бізді арнайы тасыды. Жергілікті арабтар да өз өкілдерін берді. Оларда бес қаруын асынып, қасымыздан бір елі аттамады", - дейді отандық ерікті. 

Еріктілерге жергілікті араб атқамінерлері арнайы сый-сыяпатын көрсетпеген. 

"Тек азғантай ғана сыйлықтарын қоғамдық бірлестіктер табыстады. Өздерінің әкімшіліктерінен де алғыстарын айтып, қабылдағандары болды. Сириядағы мемлекеттік БАҚ-қа бізді хабарлап жүрді. Өз билігімізден де ондай марапаттар болмады. Бізд ерікті ретінде жүрген соң ондайды күтпейміз де", - дейді ол.

Қанат Алшынбаев жеке архивінен

Оның айтуынша, киелі киіз үйлеріміз Шам жеріне де тігілген. 

"Өзіміз жергілікті халыққа киіз үйіміздің біреуін құрып бердік. Қалай құру керектігін де үйреттік. Қала мэрінің орынбасарларына оны жақсылап таныстырдық. Шатырмен шатастырмау үшін, өзіміздің ұлттық үйіміз екендігін де айттық", - дейді дінтанушы. 

 

Дайындаған: Қадырбек ӘУЛИЕАТА

Талқылау