Сын, петиция, талап: Қазақстанда депутатты мәжілістен қандай жағдайда қууға болады
Қазақстанда мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп, шенеуніктердің жұмысқа кіріскеніне екі айдан аса уақыт өтті. Осы аз уақыттың ішінде жаңа депутаттардың біразы көп сынның астында қалды. Тіпті кейбірінің атына петиция жарияланып, халық мандатын тапсыруды талап еткен кездері болды. Әсіресе депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдарының алаяқтығы әшкере болып, сотталғаннан кейін қоғам арасында талап пен сын күшейгендей. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі елімізде қандай жағдайда депутатты қызметінен қууға болатынын анықтап көрді.
Депутат мандатынан қандай жағдайда айырылады
Депутаттардың мандатынан айырылған оқиғалар туралы еске түсіру үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Былтыр мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға қарсы жасаған әрекетін ашық мойындағаны үшін жазаланған. Арада бір күн өтпей-ақ "Ақ жол" партиясы депутатты қатарынан шығарғанын мәлімдеген.
Ал Қаңтар оқиғаларына қатысты айыпталып, ұсталған Қайрат Құдайбергенді Amanat партиясы (бұрынғы Nur Otan партиясы) құрамынан сызған. 2019 жылы ЖСДП-ның кезекті съезінде делегаттар сенімсіздік білдіріп, ұйым қатарынан шығарып жіберген Ермұрат Бапи қазір Amanat партиясының құрамында мәжілісте отыр.
Парламент мәжілісінің регламентінде парламент депутатының басқа өкiлдi органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетiн өзге де жұмысты атқаруға, кәсiпкерлiк қызметпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруiне құқығы жоқ екені айтылған. Осы қағиданың бұзылуы депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғады.
Ал депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, депутаттық әдеп қағидаларын сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкiлеттiгiн тоқтатуға және оларды өкiлеттiгiнен және депутатқа ешкiмнiң тиiспеуi құқығынан айыруға байланысты мәселелердi әзiрлеудi республиканың Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
- Депутат Ермұрат Бапи түрмедегі Кәрім Мәсімов пен Назарбаевтың туыстары туралы бүкіл былықтың бетін ашты
- "Күйеуіңізді тартып алады деп қорықпайсыз ба?": Павлодар қалалық мәслихат депутатының сөзі желіні шулатты
Сонымен қатар әрбір партияның депутатты партия қатарынан шығаруға байланысты қабылдаған өз жарғысы бар. Олардың негізгілері мыналар:
- партия мүшесі сыбайлас жемқорлық жасады деп айыпталса;
- оның қылмыс жасағаны сотта дәлелденсе;
- партияның беделін түсіретін немесе оның мүдделеріне зиян келтіретін әрекеттер жасаған болса;
- партия жарғысын және партияның басқа ережелерін сақтамаған жағдайда;
- өз міндеттерін атқаруға немқұрайлы қараған жағдайда мандатынан айыру мәселесі қарастырылады.
Депутаттардың өздері не дейді?
Мәжіліс депутаты, Amanat партиясының мүшесі Самат Нұртаза депутаттар өзге партиялардың ішкі жұмысына араласа алмайтынын айтады. Сөзінше, басқа партияның депутаттары өзге партияның депутатына мандатынан айыру туралы уәж айта алмайды.
"Мұны партия фракциясы өз ішінде шешеді. Мысалы, қазір Жигули мырза туралы (Жигули Дайрабаев – ред.) неше түрлі алып қашпа әңгімелер айтылып жүр. Бірақ ол кісінің қандай жауапкершілікке тартылатынын "Ауыл" партиясының өз ішіндегі тәртіп комитеті шешуі керек. Оған өзге депутаттардың араласуына құқы жоқ", - дейді ол.
Самат Нұртаза басқа депуттардың Дайрабаевтың мандатына қатысты пікір білдіре алатынын айтқанымен ешбір шенеуніктің бұлай жасамайтынына сенімді. Ол мұны депутаттық этикамен байланыстырады.
"Пікірін білдіре алады, бірақ депутаттардың ішінде ешкім де Дайрабаев мандатын тапсырсын деп айтпайды. Мен бұған кепіл бере аламын. Ол да депутат, сен де депутат. Ертең ол кісінің басына келген оқиға сенің басыңа да келуі мүмкін ғой", - дейді депутат.
Еске салып өтейік, жақында Самат Нұртазаның да басы дауға қалған еді. Ол әлеуметтік желіде жазба жариялап, жануарлар әлемін суреттейді. Жыртқыш жануар Мара өзенінің ең таяз жерінде зебра мен гнуды күтіп отыратынынан әсер алған депутат, сұхбат алуға асығатын тілшілерді де жемтігін күткен сол қолтырауынға теңейді. Депутаттың табиғат жайлы жазбасы тілшілердің бірден реакциясын тудырды. Журналистерге жазбасын түсіндірген шенеунік мұның "сәтсіз қалжың" болғанын мойындаған.
Осыдан кейін депутат сынның астында қалды. Кейін Нұртазаның әлеуметтік желіде коронавирус пандемиясы кезінде "адамдарды ату керек" деген жазбасының көшірмесі тарады. Депутат көпшіліктің талқысына түскен жазбасында “әскерді периметрмен тізіп қойып, бұйрыққа бағынбағандарды ату керек” дейді.
- Зеленскийге Қырымның орнына Түркияға шабуыл жасауға кеңес берген депутат Анна Башинская өкілеттігінен айырылды
- "Соңғы өмірін түрмеде өткізуі мүмкін": Абзал Құспан Кәрім Мәсімовтің жазасына байланысты пікір білдірді
Депутат кейін бұл жазбасын түсіндіріп өзінің "қатты кеткенін" мойындап тағы да кешірім сұраған. Алайда әлеуметтік желіде депутатты сынап, тіпті мандатын тапсыруы тиіс деген ой айтқандар да кездесті. Ал мәжіліс спикері Ерлан Қошанов "депутатқа ескерту жасалатынын" айтқан.
Петиция мандаттан айыра ма
Бұған дейін мәжіліс депутаты Қарақат Әбденнің шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарға салық салу туралы ұсынысынан кейін қоғам белсенділері Әбденді мандатынан айыру керегін айтып, петиция жариялаған еді. Кейіннен "Ауыл" партиясы фракцияның депутаттарға жеке пікірін білдіруге тыйым сала алмайтынын мәлімдеген.
Парламенттегі ЖСДП оппозициялық партиясының жетекшісі Нұрлан Әуесбаев халық тарапынан айтылған кез келген сынға дер кезінде жауап болуы тиіс екенін айтады.
"Халық атынан жолданған сауалға партия міндетті түрде жауап беруі керек. Барлық нәрсеге жауап болуы тиіс. Сұрақтың жауапсыз қалуына болмайды", - дейді ол.
Депутат парламент депутатының жауапкершілігі үлкен екенін алға тартады.
"Депутат болып сайланғаннан кейін келіп алып босқа жүруге болмайды. Өздеріне берілген құқықтық шеңберінде міндетін адал атқаруы керек. Өзін сайлаушыларының алдындағы аманаттарын орындау үшін жағдай жасау керек. Әртүрлі кедергілер, қарама-қайшылықтар болуы мүмкін бірақ соған қарамастан шешу жолдарын табуға міндетті. Сол үшін де ол депутат", - дейді Нұрлан Әуесбаев.