Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысының тұрғындары теміржолдың кесірінен төрт-түлігінен айырылуда

Атырау облысының шаруа қожалық иелері, малдарының қырылып жатқанын айтып шағымданды. Айтуларынша, жайылым жері азайған. Шөп іздеген төрт-түліктің бірі арадағы пойыз жолынан өтем деп, енді бірі тікенекті сымдарға қарынын жарып жатыр. Айына жоқ дегенде 10 малды пойыз қағады деді. Мұны теміржолға жауаптыларда растады. Ал, жергілікті атқамінерлер болса, мәселені шешуге асығар емес деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Исатай ауданына қарасты 4 ауылдың ірі қара малдары осыдан 35 шақырым қашықтықтағы Нарын құмының жиегіне жайылады. Ал ауылға су ішуге қайтарда мынадай теміржолдан өтуге мәжбүр. Арнайы өткел болмағандықтан олар пойызға соғылып, қауіпті сымдарға жарылып өліп жатыр екен.

Пойыз жолы бұл аумақта ертеден бар. Бірақ мәселе соңғы 3-4жылдан бері ушыққан. Өйткені малға қажетті жайылым жер тарылған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, қауіпсіздікті болдырмау үшін теміржолдың екі бетін қоршауды қолға алды. Бірақ қауіп сейілген жоқ, керісінше күшейіпті.

"Осы арада 50 шақырым жерден аңқасы кеуіп келе жатқан жылқы суға қарай мына арадан анау-мынау қоршауды қарамайды. Бұзып өтеді. Жарақат алады. Басылғаны - басылады. Осы проблеманы теміржолмен, әкімшілікпен  бірлесіп шешіп жолға қоюды сұраймыз. Жылына бізге нақты статистика жоқ. 150 ме, 100 бе ірі  қара түйесі бар, жылқысы бар өледі", - деді Исатай ауданының тұрғыны Бақтыгерей Харесов.

"Малдарыңды қазір қолға ұстаңдар. Бағыңдар, дейді. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Мал 30-40 шақырым қашықтыққа кетеді. Сұрайтынымыз: не болмаса суды малдың өрісіне қарай темір жолдан шығарып берсе, мүмкіндігіне қарай. Не болмаса, ашық жерлерді қалдырса,  мал өтетін. Кеңдеу-кеңдеу қылып", - деді Исатай ауданының тұрғыны Нұрғиса Мұхамбетжанов.

Жайылым жерлердің топыраққа айналғаны малшыларды алаңдатып отыр. Олар төрт түліктің басын көбейтудің орнына, шығынға батып жатқанын әкімдікке бірнеше қайтара ескерткен. Алайда атқанілерлер әрекет етпей отырғанына ашулы.

"Ауданда ауыл шаруашылығы бөлімі дейтін бар. Сол бөлімнің бәрінде 5-6-дан маман отыр. Бірақ оның бәрі халықпен санасып жұмыс жасап жатқан ешкім жоқ. Ол ақпар сұрағанда, шаруа қожалығынан жылдық есеп сұрағанда , я болмаса каналдың суына ақша сұрағанда оған жақсы бәрі де", - деді Исатай ауданының тұрғыны Құрманғали Мұхтаров.  

Малдың қырылып жатқанын теміржолға жауаптылар растады. Олар мәселені шешу үшін арнайы маман да шығарғандарын айтады.

"Мал қағылады. Әсіресе түнде қағылады. Көбіне. Бір айда 10 шақты мал қағылады", - деді "ҚТЖ" ҰҚ АҚ Атырау магистральды желісі қызметкері Ізбасар Досалиев.

"Нарын мен 14- разъездің орталығында 6-7 туннель бар. Ол мал өтуге арналмаған, кезінде сайларға су өтуге тастап кеткен. Теміржолшының ең басты міндеті жол қауіпсіздігін сақтау. Біз өзіміздің қызметімізді атқарып жатырмыз, енді. Қосымша теміржол мал айдауға кісі шығарып қойды қазір", - деді "ҚТЖ" ҰҚ АҚ Атырау магистральды желісі дирекциясының жол шебері Мәди Жиенғазиев. 

Жергілікті шенеуніктер болса, мәселе жоқ екенін айтты. Өйткені теміржолдың екі бетінде де су жеткілікті деп отыр. Тек тұрғындар оны алыс санайды екен.

"Қонай котлаванына су барып тұр. Енді қашықтығы 15-17 шақырым шамасы болады. Манағы айтып отырған "ашып бер" деп отырған жерден Қызтуған каналы темір жолдан 7-8 км қашықтықта. Айырмашылығы шамалы", - деді Исатай ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Әбілқасымов.   

Еркебұлан Әбілқасымов дегенмен мәселені шешуге жәрдемдесем деп уәде етті. Енді ол Қазақстан Теміржолы компаниясына тұрғындардың уәжін айтып хат жолдамақ. Ең болмағанда қоршаудың  мал өтетін кейбір бөлігін ашып тастауды өтінбек.


Түйе жайлы қызықты деректер

Жылқылар туралы 11 қызықты дерек

STAN.KZ
Сейсенбі, 03 Қараша, 2020 06:28
Талқылау