Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СІМ ресейлік тележурналистің Қазақстан жайлы пікіріне түсініктеме берді

Кей адамдардың пікірі екі елдің достық қарым-қатынасына сызат түсірмес үшін біз тиісті шаралар қабылдаймыз деді Ашықбаев.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев ресейлік журналист Владимир Соловьевтің Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасына қатысты айтқан сөздеріне түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

“Мұндай жаңалық түсті. Өкінішке қарай, біздің көршілес, бауырлас елде оқтын-оқтын осындай сипаттағы пікірлер айтылып қалады. Ең әуелі, біз РФ мемлекеттік органдарының ресми пікірлеріне құлақ асамыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Путинмен жүргізген келіссөздерінің қорытындысы барлығына белгілі. Бізде үкімет, мемлекеттік органдар деңгейінде сенімге құрылған сындарлы диалог жолға қойылған, сыртқы істер министрліктері арасында тұрақты түрде консультациялар жүргізіледі, сондықтан біз ресми позицияны басшылықа аламыз”, — деді Ашықбаев үкімет кулуарында.

Министр орынбасары кейбір адамдардың пікірі екі елдің қарым-қатынасы зиянын тигізбес үшін, тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.

“Белгілі бір сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің пікірі екі елдің стратегиялық одақтастығына, достық қарым-қатынасына сызат түсірмес үшін біз тиісті шаралар қабылдаймыз”, — деді ол.

Айта кетсек, АҚШ, Франция және Ұлыбритания Сирияға соққы жасағаннан кейін Ресей сенбі күні БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақырған болатын. Мәскеу “АҚШ пен оның одақтастарының Сирияға қатысты агрессиясын” айыптайтын қарардың жобасын таратты. Отырыс барысында құжатқа дауыс берілді. Ресей, Қытай және Боливия жақтап дауыс берді. Сегіз ел, оның ішінде  АҚШ, Франция мен Ұлыбритания қарсы шықты, тағы төрт ел, оның ішінде Қазақстан дауыс беру кезінде қалыс қалды. Сөйтіп Ресейдің Сирияға соққы жасауды тоқтатуға шақыратын қарарын БҰҰ қауіпсіздік кеңесі қабылдамай тастады.

Іле-шала “Ресей” телеарнасының жүргізушісі Владимир Соловьев Қазақстанның  позициясына байланысты пікірін білдірді.

“Біз Қазақстанмен қарым-қатынас жайында бір нәрсені білмей жүрміз бе? Мүмкін екі елдің арасынан қара мысық жүгіріп өткен шығар? Біз Қазақстанды және Нұрсұлтан Әбішұлын өте қатты құрметтейміз. Бірақ осындай сын сағаттарда не болып жатқанын түсінгің келеді”, — деген еді ресейлік тележүргізуші.

Оқи отырыңыз:

Талқылау