Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СІМ өкілі Газа секторында қанша қазақстандық бар екенін айтты

Сыртқы істер министрлігі Газа секторында қазір қанша қазақстандық бар екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстанның Мысырдағы және Иорданиядағы елшіліктері аймақта орналасқан азаматтармен байланыста.

"Газа секторындағы жағдай өте күрделі күйінде қалып отыр. Біздің дипломаттар Газа секторынан отандастарымыз бен олардың отбасы мүшелерінің Рафах бақылау-өткізу пункті арқылы Мысырға кетуі мүмкін екендігі туралы жергілікті билікпен күн сайын келіссөздер жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда онда Қазақстан Республикасының азаматтары құжаттарымен 67 отандасымыз бар. Ал отбасы мүшелерімен бірге 100-ден астам адам. Кейбір отандастарымыз бен олардың отбасы мүшелері – шетел азаматтары және құжаттары жоқ. Осы және басқа да ұйымдастырушылық мәселелерін қазақстандық дипломаттар зерттеп жатыр", - деді Смадияров.

Смадияровтың айтуынша, олармен Қазақстанның 67 азаматы хабарласып, қолдарында құжаттары бар екенін мәлімдеген.

"Интернеттің тұрақсыздығынан және байланыстың нашар болуынан кейбір құжаттарды аламыз, тексереміз. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен төлқұжаттар бар. Бірақ бұл оның Қазақстан азаматы екендігін білдірмейді, азаматтығын жоғалтуы да мүмкін. Сондықтан барлық деректер базалар арқылы тексеріледі. Кейбір балаларда тек туу туралы куәлігі ғана бар. Ал кейбір балалардың құжаттары мүлде жоқ – үйлері бомбаланып, өздері шұғыл үйін тастап кетуге мәжбүр болған", - деді ол.

Сондай-ақ Қазақстаннан бөлек 45 елдің елшіліктері келіссөздер жүргізіп жатыр.

"Қазақстанның Израильдегі, Мысырдағы және Иорданиядағы елшіліктері Қазақстан азаматтарының қазіргі орналасқан жерін қадағалап, қауіпсіз аймақтарға барудың ықтимал бағыттарын пысықтауда. Отандастармен байланыс үшін ағымдағы байланыстар үнемі жаңартылып отырады. Қаза болғандар немесе Қазақстан Республикасының азаматтары арасында жарақат алғандар жоқ", - деді СІМ өкілі. 

Талқылау