73 миллион жұмсаған: Қытайлық Қазақстаннан ішек-қарын сатып аламын деп алданып қалды
Қытайлық кәсіпкер елімізден сиыр етінің ішек-қарнын сыртқа шығарамын деп сан соғып қалды. Ол мұны өзінің елінде кәсіпке айналдырып, көп мөлшерде алып кетпек болған. Оның туған жерінде бұдан деликатестер дайындалады. Шетелдік азамат сатушыларға 73 миллион теңге аударған, бірақ тауарды әлі алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеокадрдан алынған
“Кәсіп ашамын деп ойладым. Сатушылармен бейнежазба арқылы хабарласқаннан кейін олар қойманың тауарға толы екенін көрсетті. Кейін ақшаны аудардым. Наурызда қоймаға келсем, тауар жоқ екен. Алаяқтармен полиция айналысады деп ойладым. Бірақ ол нәтиже бермеді”, – деді кәсіпкер Ван Ир Чанг.
Сатушылар Шымкенттегі мал сою пункттерінде достары көп екенін айтып, 30 тонна ішек-қарын беруге уәде еткен.
Алайда олар ақшаны алғаннан кейін үшті-күйлі жоқ болған. Қытай азаматы Қазақстанға келіп, алданып қалғанын түсінді. Кейін полицияға арыз жазған. Тәртіп сақшылары сол жерде тергеу ісін ашып, тіпті жоғалған тауарды тауып алған.
Бірақ біраз уақыттан кейін іс жабылып, барлық ішек-қарын сатушыларға бөліп берілген. Ал шетелдік ақшасыз, жеңсік ассыз қалды. Қытайлық ер адам үш ай бойы әділдік іздеп, алаяқтарды жазалауға тырысып жүр. Істі жапқан тергеушіге де арыз жазған. Бірақ полиция оған көмектесуден бас тартқан.
Шымкент ішкі істер бөлімінің ресми өкілі Бағлан Исатаева не себепті іс тоқтатылғанын мәлімдеді.
“Бұл факті азаматтық-құқықтық қатынастар аясында болғандықтан қылмыстық іс тоқтатылды. Үш деңгейлі модель аясында бұл шешімді прокуратура да қолдады... Тергеушінің әрекетіне құқықтық баға беріледі”, – деді полиция.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысы Балпық би ауылының тұрғындары жергілікті билікке тері өңдеу зауытын көшірсін деген талап қойып отырғанын жаздық. Себебі елдімекеннің ішінде орналасқан өндіріс ошағынан ауаға жағымсыз иіс таралып, халықтың тынысын тарылтқан. Есік-терезені ашудан қалдық деген қараша түрлі инфекция таралып, дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер көбейгенін айтты. Жұрттың айтуынша, мал терісі апталап сасып жатады. Соның салдарынан жылдың үш мезгілінде үйдің есік-терезесін қымтап отыруға мәжбүрміз дейді.