Статистика өтірік пе: Қаржы сарапшысы елдегі инфляция деңгейі мен дүкендегі бағаның неліктен сәйкес келмейтінін түсіндірді
Фото: pixabay.com
Қазақстанда ресми инфляция көрсеткіші мен халықтың жеке тәжірибесі арасындағы айырмашылық қоғамда сұрақтар туындатып жатыр. Биылғы тамыз айының өзінде жылдық ресми инфляция 12,2% деңгейінде тіркелген. Алайда тұрғындар дүкендердегі бағаның бұдан әлдеқайда жоғары қарқынмен өсіп жатқанын айтып отыр. Қаржы сарапшысы елдегі баға өзгерісі мен статистиканың неліктен сәйкес емес екенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі FINANCE.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды
Кейбір азаматтардың айтуынша, сиыр еті шамамен 25% қымбаттаған, ал шоколад бірнеше есе өсіп кеткен. Осы ретте тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев мұндай жағдай кез келген елде кездесетінін атап өтті.
"Себебі ресми инфляция – орташа көрсеткіш. Ол азық-түлік, азық-түліктен тыс тауарлар және қызметтер инфляциясын қамтиды. Бәрі 500-ден астам тауар мен қызмет түрі есепке алынады. Бағаларды бақылау және тіркеу жұмыстарын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы еліміздің барлық облыс орталықтарында және бірқатар аудандарында жүргізеді", – деді сарапшы.
Ал қарапайым тұтынушылар өздерінің "жеке инфляциясын" күнделікті бірнеше дүкен мен базар бағасына қарап есептейді. Сондықтан ресми көрсеткіш пен азаматтардың жеке сезінуі арасында айырмашылықтың болуы қалыпты жағдай дейді сарапшылар.
Қазақстандағы инфляцияны есептеу тәртібі туралы Ұлттық статистика бюросы түсіндірме берді.
Ресми мәлімет бойынша, тұтыну қоржыны 508 тауар мен қызмет түрін қамтиды. Оның ішінде азық-түлік тауарларының үлесі 39%, азық-түліктен тыс тауарлар 30%, ақылы қызметтер 31%. Бұл құрылым елдегі орташа тұтынуды сипаттайды. Сондықтан ресми инфляция көрсеткіші де барлық аймақтар, нарықтар мен дүкендер бойынша орташа есеппен анықталады.
Сарапшының айтуынша, қарапайым азаматтар өз түбіртектері арқылы есептейтін "жеке инфляция" көрсеткіші маңызды, бірақ ол көбіне ресми деңгейден жоғары болады. Себебі қала тұрғындарының тұтыну құрылымында импорттық тауарлардың үлесі көбірек, бұл олардың жеке инфляциясын арттырады. Алайда бұл айырмашылық статистикалық мәліметтердің жалған екенін білдірмейді. Ұлттық статистика бюросы инфляцияны есептеу әдістемесін кезең-кезеңімен жетілдіріп келеді.
Қазір инфляция мониторингі тексерушілердің қолмен енгізген деректеріне ғана емес, сонымен бірге фискалдық операторлардың нақты сауда түбіртектеріне де негізделеді. Ай сайын 500-ден астам атауға баға белгіленеді: оның ішінде 403 тауар, 105 қызмет түрі бар. Жаңашылдықтар статистиканы жедел қалыптастыруға, шығындарды азайтуға және деректер сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Енді баға тіркеушілер арнайы мобильді қосымша арқылы ақпарат енгізсе, фискалдық деректер тікелей өңдеу орталығына түседі.
Қазақстандықтар үшін коммуналдық қызмет ақысы жыл сайын өседі: Ол АЕК-ға байланысты болады
Бәрі сиыр етінің әсерінен: Сауда министрлігі азық-түлік бағасына не болып жатқанын айтып берді
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда сиыр еті қымбаттап, кей базарларда келісі 6 мың теңгеге дейін жеткені туралы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқанын жаздық. Сарапшылар мұны жем-шөп пен өндірістік шығындардың артуымен, ішкі сұраныстың жоғары болуымен және экспорт көлемінің өсуімен байланыстырады. Ал фермерлер ет өндірудің көп еңбек пен шыдамды қажет ететінін алға тартады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаның өсуін мойындағанымен, 6 мың теңге деңгейін жоққа шығарып, өзіндік құнға қатысты түсініктеме берді.

"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге қонаққа баратындарды сынады
