"Сығандардан таяқ жегені шындыққа жанаспайды": Шәмші Қалдаяқовтың келіні театр директорларын сотқа бермек
Аңызға айналған тұлға Шәмші Қалдыаяқовтың келіні театр директорлары сотқа тартылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/shamshi_alemy/
Бұл туралы ол мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде "Креативті индустрияны дамыту" тақырыбында өткен отырыста мәлімдеді.
“Еліміздің театрларында жиырма жылдан аса уақыт бойы мұрагерлердің рұқсатынсыз "Сыған серенадасы" пьесасы қойылып жатыр. Мұрагерлер ол оқиға туралы бірнеше рет айтқан. Нақты айтқанда, Шәмші Қалдаяқовтың сығандардан таяқ жегені шындыққа жанаспайтынын айтты. Осы жерде отырған театр директорларына соңғы мүмкіндік беремін. Екі аптадан кейін оларды сотқа береміз, – деді марқұм сазгердің келіні.
Сөзінше, Шәмші Қалдаяқовтың мұрагерлері туындының желісін шындыққа сәйкес келмейді деп сынап, бірнеше рет наразылық білдірген. Пьесадағы композитордың сығандардан таяқ жегені туралы эпизодтың ойдан шығарылғаны және марқұм сазгердің беделіне нұқсан келтіретіні айтылған еді.
Еске салайық, Шәмші Қалдаяқов пен Латифа Хамидидің ұрпақтары авторлық құқық үшін төленетін қаламақысыз қалғанын жазған едік.