Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлық рейтингі: Қазақстан 96-орынға төмендеді

Фото: depositphotos.com

Қазақстан 2025 жылы халықаралық Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі (CPI) бойынша 182 елдің ішінде 96-орынға ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы Transparency International Kazakhstan қоғамдық қоры мәлімдеді.

Қазақстан жалпы 100 балдың ішінен 38 балл жинаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі балға төмен. 2024 жылғы рейтингте Қазақстан 40 баллға ие болып, 180 елдің ішінде 88-орында тұрған еді.

Қазақстанмен бірдей нәтиже көрсетіп, 38 балл алған елдер қатарында Эфиопия мен Суринам мемлекеттері бар. 

Фото: transparency.kz

2025 жылғы рейтингінің көшбасшылары – Дания (89 балл), Финляндия (88) және Сингапур (84). Рейтингтің ең төменгі сатысында Оңтүстік Судан (9 балл), Сомали (9) және Венесуэла (10) тұр.

Қор өкілдерінің айтуынша, бұл индекс мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықтың қабылдану деңгейін сарапшылар мен бизнес қауымдастығының бағалары негізінде өлшейді. Есепке қарапайым азаматтардың пікірі енгізілмейді. Бағалау шкаласы 0-ден (сыбайлас жемқорлық деңгейі өте жоғары) 100-ге дейін (өте төмен деңгей) аралығында есептеледі.

Transparency International өкілдері жағдайды бағалауда рейтингтегі орыннан гөрі жиналған балл саны маңызды екенін айтады. 50 балдан төмен нәтиже көрсеткен елдер сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары мемлекеттер қатарына жатады.

Қазақстанмен көршілес елдер арасындағы көрсеткіштер мынадай:

- Өзбекстан – 31 балл (124-орын);

- Қырғызстан – 26 балл (142-орын);

- Ресей – 22 балл (157-орын);

- Түрікменстан – 17 балл (167-орын).


Залал 486,1 миллиард теңге: Қазақстанның қай өңірінде сыбайлас жемқорлық көп тараған

2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды


Transparency International Kazakhstan ұйымы Қазақстанға жағдайды жақсарту үшін мынадай ұсыныстар берді:

- сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат пен тергеулердің институционалдық тәуелсіздігін қамтамасыз ету;

- мемлекеттік шешімдердің ашықтығын арттырып, мемлекеттік бағдарламалар, сатып алулар және квазимемлекеттік сектор бойынша деректердің қолжетімділігін кеңейту;

- сөз бостандығына кепілдік беріп, журналистер мен зерттеушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

- азаматтық кеңістікті қорғап, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына шектеу қоятын нормалардан бас тарту;

- активтерді қайтару үдерісін барынша ашық ету.

Қор сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты мониторингтеуді жалғастыратынын мәлімдеп, мемлекеттік органдарды, азаматтық қоғамды және халықаралық серіктестерді сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда жемқорлықпен сотталғандарға депутаттық сайлауға қатысуға тыйым салынатыны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 22:04