Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шыңғыс ханның моласын “тапқандар” Назарбаевтың рұқсатын күтіп отыр

Соңғы жылдары Шыңғыс хан туралы тарихи-танымдық деректер көбейіп жатыр. Ханның арғы түбі түркі болғаны, тіпті ежелгі қазақ тайпаларының арасынан шыққаны туралы біршама зерттеушілердің кітаптары жарыққа шығып, деректі фильмдер түсірілді.

шыңғыс

Тарихшыларды айтпағанда бұл іске Лев Гумилевтің тілімен айтқанда «білікті оқырман» деңгейіндегі әуесқойлар да кірісті,-деп жазды  «Рейтинг» басылымы.

Әйтеуір Ұлы қағанның тарихына қатысты  талас-тартыс көп. Енді міне, Шыңғыс ханның тарихын зерттеуге тірілерді былай қойып, әруақтар да «атсалыса» бастады.  Оның ішінде әлемнің тең жартысын жаулаған, қаһарлы —Шыңғыс ханның өзі де арғы дүниеден хабар «жолдауға» көшті.

Арыс қаласында ерлі-зайыптылар Шыңғыс ханның моласын  бірнеше уақыттан бері қазып жатыр. Ел-жұрт арасында түсінбестік тудырған осы тосын жаңалықтың жалғасы шықты. Ерлі-зайыпты Сман Өтеген мен Гүлжанар Алтынбекова жуырда БАҚ арқылы президентке өз сәлемдемелерін жеткізгісі келетінін айтқан.. Қастарында Шымкент қаласының тұрғыны Әділхан Әтемов те  бар.

шыңғыс1

-Біз Шыңғыс ханның моласының есігіне келіп тірелдік. Моланы ашу үшін қаған Президенттің рұқсатын сұрап жатыр,-дейді олар.

–Шыңғыс ханның әруағы мені 2014 жылдан бері мазалай бастады,-деді әңгімеге алғашқы  болып араласқан Гүлжанар Алтынбекова.  –Бабамыздың өзі аян беріп 2014 жылдың қарашасында жолға шықтық. Қай жерге баратынымызды өзі айтып отырды. Арыс қаласының аумағында Шыңғыс ханның қолбасшысының моласы жатыр екен.

Соның басына белгі салып, әруағымен тілдестім. Қолбасшы өзінің атының Арука екендігін айтты. Осы жолы Шыңғыс хан маған «Абыз ана» деген жаңа есім берді.  2015 жылдың ақпанында бабамыз «жолға шығыңдар» деген аян жолдады. Тағы да Арысқа келдік.  Қайда баратынымызды өзі көрсетіп отырды. Баратын жерімізге жақындағанға дейін күн ашықта төбемізге бұлт төніп, жауын себелеп тұрды.

«Ары қарай жолды ат дүбірімен табасыңдар» деген еді. Айтқаны болды. Діттеген жерімізге жақындағанда мың шақты аттың дүбірі естілді. Сол жерге белгі салып, құран оқып, 2015 жылдың сәуірінен бастап қазба жұмыстарын бастап кеттік.

-Біз Оңтүстіктің тумасымыз. Он шақты жыл Алматы қаласында тұрдық. Бұл кісінің (Г.Алтынбекованы айтып отыр- ред.) арғы бабалары Манас Шыңғыс ханның заманында өмір сүрген екен. Шыңғыс ханмен таныстырып жүрген сол Манас атасының әруағы ғой,-деді Гүлжанардың жұбайы Сман Өтеген.

–Шыңғыс хан бабамыз алдымен өзінің өмір тарихын, қай жылы жорықтарға шықанын баяндапты. Қазба жұмыстарын өз күшімізбен бастап кеттік. Біраз туыстарымыз көмектесті. Аумағы 4х8 метрлік жерді төрт жарым метр тереңдікке дейін қаздық. Осы кезде қанды топырақ шықты. Бабамыз «топырақты Алматыға апарып тексертіңдер» деді.

Қан тәріздес топырақты  белгілі археолог-ғалым Карл Байпақовқа көрсеттік. Ешқандай ғалым айтқандарымызды мойындамаған соң бабаның аянымен қайтадан Арысқа қайтып кеттік.

«Арыстан баптан арнайы рұқсат сұрадық»

-Айтқандай, қазу жұмыстарын бастардан бұрын  бір мал сойып қан шығарып, Арыстан бабтың, Үкаша атаның және  Қожа Ахмет Ясауидің алдынан өтіп, рұқсат сұрадық. Бұл да бабаның аянымен орындалды. Моланың ішкі үйіне түсер кезде «Сарытөбе деген жерді табыңдар» деген аян келді. Оның қай жер екенін бабаның жыланы көрсетіп отырды.

Үш шақырымдай жерде тақия сияқты 15 шақты төбе бар екен. «Бірінші төбенің басында Майқы би жатыр» деді. Ол Шыңғыс ханды хан етіп сайлаған, Ұлы қағанға ұстаз болған адам болып шықты. Майқы би бір төбенің басында жұбайы, қызы үшеуі жатыр екен. Сол кісінің рұқсатымен Шыңғыс ханның моласының  ішкі үйін қазуға кірістік.

Қазу жұмыстарын аян бойынша жазға қарай тоқтатып, 2015 жылдың қазанында қайта бастадық. Бабамыз «енді тоқтамаңдар» деді. Осы аралықта Арыс қаласының әкімдігі мен прокуратурадан рұқсат сұрадық. Олар бізге рұқсатты қағаз жүзінде емес, ауызша берді.

13 метр тереңдікке жеткенде бабаның үш бұлағы шықты. «Сарбаздарың (бабамыз бізге көмектесіп жүрген жұмысшыларды осылай деп атауды бұйырған болатын) осы бұлақтың суын ішіп, күш-қуат алсын» деді. Енді бабаның есігінің алдына келдік,-деді Сман Өтеген.

Сұхбат берушілердің айтуынша, қазба жұмыстары оңай болмаған сияқты. Қайдан оңай болсын ақ керішті қатты жерді 12-13 метр тереңдікке, одан кейін көлденеңінен 40 метрге дейін  қазу дегеніңіз қаншама күш-қуат, қажыр-қайратты қажет етеді емес пе?!

«Енді отыз сантиметр қалды»

-Қазу жұмыстары кезінде аян арқылы көптеген белгілер көрінді. Табанның таңбасы, арабша жазулар, 16 деген белгілер кездесті. Бабаның жыланы да шықты. 1027 деген белгінің құпиясы әлі ашылған жоқ.-дейді Гүлжанар Алтынбекова. -Ақыр аяғында Шыңғыс ханның моласына 30 сантиметр қалды деген белгі келді. Аян бойынша бабамыз бұл жерге атымен бірге жерленген.

-Осы отыз сантиметрді неге қазбай отырсыздар?

-Себебі ол үшін жоғарыдан рұқсат қажет.

-Рұқсат кімнен керек?

-Шыңғыс хан бабамыз Президенттің рұқсатын күтіп отыр. Аянда солай деген. Шыңғыс ханның моласы ашылған соң ешқандай жаманшылық болмайды. Қайта елде сыбайластық пен зинақорлық, алдау-арбау тыйылады.

Осыдан кейін «бала күнімнен көріпкелдігім бар» деген Гүлжанар Шыңғыс ханның моласы ашылған соң оның күмбезін арабтардың тұрғызатынын, басында көпқабатты қонақ үй салынатынын да айтып берді.

Кісі иланатын, ақылға қонатын тірлік пе? Біздің білуімізше, Шыңғыс хан 1218 жылы Шығыстан бастап келген қалың қолымен Орта Азияның қалаларын жаулап алған. Ауғанстанға дейінгі аралықты жаулаған соң Қарақорымға қайтып кетіп, бұдан кейін қазіргі Қытай аумағында жатқан Таңғұт еліне жорыққа аттанған.

Оның сол таңғұт жорығында қайтыс болғаны белгілі. Қытайда қайтыс болған қаған Арысқа әкеліп жерленді деу қисынға келе ме?  Қаншама ғасырлардан бергі аралықта әлемнің ең мықты деген ғалымдары таба алмай жатқан Шыңғыс ханның моласы Арыс қаласынан  2-3 шақырым жердегі  жұрт  Лесхоз атап кеткен ауылда жатыр деген сөз құлаққа қона ма?

Сонда бұл не? Бәлкім ерлі-зайыптылар осы тірліктері арқылы  пайда табуды мақсат етіп отыр ма деген күдік те келген. Бірақ айтқан әңгімелеріне қарағанда оларға қаржылай жәрдем беріп жатқан ешкім жоқ сияқты. Өздері Лесхоздағы бір үйді жалдап тұрады.

Тауып жатқан табыстары да жоқ көрінеді. Тіпті Шымкентке келіп кету жолақысын да ауылдастарынан қарызға алғандарын айтып отыр.  Шыңғыс ханның өлген жері де, туған жері де өзіміздің Қазақстан  екені бұған дейін де танымал жазушы, тарихшылар  тарапынан айтылған.  Ендігі жерде  кеше қазақстандық деп танылған Шыңғыс хан ертең шымкенттік болып кетпей ме?

Ал енді бұл мәселеге Елбасының өзі қалай қарайды? Осы жуырда ғана Ұлттық ғылым академиясында өткен үлкен жиында Президент «Томирис пен Шыңғыс ханды қазақ екен» деген әңгімелерді естігенді қынжылатынын білдірген еді. Сондықтан арғы дүниедегі қағанның бергі дүниедегі елшісі арқылы жолдаған хат-хабарына бір жауаптың болатынына күмән бар.

Ал қоғам тарапынан бұған нендей пікір айтылар екен?

Мәмбет Қойгелдиев, белгілі тарихшы, Ұлттық ғылым академиясына қарасты Тарих және этнология институтының директоры:

-Шыңғыс ханның сүйегі қазақ даласында жатыр деген ел арасында көп тарап кеткен аңыздың бірі. Жұрттың осындай әңгімелерге үйір екендігі рас. Шыңғыс хан әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға. Сондықтан оның тарихы жан-жақты зерттелген.

Оның моласын іздеумен уақтысында Америка, Жапония  ғалымдары айналысқан. Моланы Монғолиядан іздеген. Оларды шаласауатты, қарабайыр ғалым деуге болмайды. Өз саласының мықты мамандары. Сондықтан мұндай әңгімені қою керек. Бұл тіптен ұят жағдай.

Эльвира Момынова, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының  тарихи мәдени құндылықтарды сақтау бөлімінің басшысы:

-Бұл кісілер 2016 жылы облыс әкіміне хат жазған екен. Кейін бізге келді. Қазба жұмыстары жүргізілген жерге мен өзім барып қайттым. Әрине, оларды да түсінуге болады.  Қазба жұмыстарын күрекпен қазып, топырақты сыртқа шелекпен шығарған. Бұдан басқа ешқандай арнайы құралдары жоқ.

Жұмыстарын далада қонып жүріп атқарған. Осыншама азапты тірлікке адам бекерден-бекерге өз еркімен жегіле ме? Ақыл-естері дұрыс десең, айдалада көзге көрінбейтін әлдебіреулермен сөйлеседі. Қабырғадан бір белгілерді көрсетеді. Арабша жазу дейді. Алайда менің көзіме ешқандай жазу көрінген жоқ. Қазған жерлері адам қорқарлықтай.

Жердің астын үңгіп қаза берген. Ешқандай қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Осыдан кейін Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаевқа хат жаздық. Арнайы комиссия келіп, тексерді.  Бұл жердің ешқандай тарихи-археологиялық құндылығы жоқ және қазба жұмыстары жүргізілген үңгірде болу  адам өміріне қауіпті деген қорытынды берілді.

Бақытжан Әбдірашұлы

«Рейтинг» газеті №13, 6 сәуір 2017 жыл

Оқи отырыңыз:

Атырау облысында бетперде киген бір топ адам полицейлерден балық толы көлікті тартып алған (фото)

Астраханда полицейлерді өлтірді деген күдіктілер тағы шабуыл жасады

Ақтауда көп балалы отбасы аяқ киім жөндейтін вагон ішінде тұрып келген

Ақтөбеде сыныптастары аяусыз соққыға жыққан баланың миында қауіпті ісік пайда болды

Талқылау