Шымкенттік қыз құдалықта кигізілетін “киіттің” кесірінен тұрмысқа шыға алмай жүр
Жиған-тергенің тойға шашылсын! Расында қазақ бар тапқан-таянғанын тойға жұмсайды. Нарық заманында қалтаны ойлаған кей енелер қыз ұзатқаннан гөрі келін түсіруге асығады. Себебі ұзатылар қыздың артынан апаратын жасауға көп ақша қажет. Оның үстіне қазір жұрт қызды үйден емес, мейрамханадан ұзатады. Құдалыққа жұмсалатын ақша тағы бар, деп жазады Stan.kz тілшісі.
Көрнекі сурет: Neke.kz
Дәл осы себепті 27 жастағы Шымкент тұрғыны тұрмысқа шыға алмай жүр. Stan.kz тілшісіне мұңын шаққан Ботагөз Молдахметова ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Жас маман Астанадағы ЖОО-лардың бірін үздік бітірген. Оқуын тәмамдаған соң туған жеріне оралып, қызметке орналасқан-ды. Ботагөздің үш жылдан бері кездесіп жүрген сүйіктісі бар. Таңдағаны – өзінің құрдасы әрі жерлесі. Алайда екі жас бірнеше жылдан бері шаңырақ көтере алмай жүр. Оған себеп – той мен құдалыққа жұмсалатын ақша.
“Өзім қарапайым отбасыдан шыққанмын. Біздің өңірде тойды аста-төкте жасайтынын білесіздер. Адамдар той жасаудан бір-бірімен жарысатын болған. Былтырдан бері отбасын құру туралы ойланып жүрміз. Алайда менің де, күйеу жігітімнің де ата-анасы “тойға дайын емеспіз” деп созып келеді. Жасым болса келіп қалды. Негізі ата-анам жібергісі-ақ келеді. Бірақ “ел-жұрт не айтады, жасауыңды дұрыстап, жұрттан кем-қылмай жіберуіміз керек” дейді. Неге қазақ тойға сонша шашылады? Түсінбеймін, соны ойласам көңілім түседі. Заттай дүниеге бола отбасы бола алмай жүрген мен сияқты қанша адам бар? Құрбыларымның басында да осы жағдай жиі кездеседі”, – дейді ашынған бойжеткен.
Ботагөздің айтуынша, сүйіктісі де ауқатты адамдар қатарынан емес. Бір үйдің кенжесі әрі алтыншы баласы. Өзінен үлкен аға-әпкелері отбасын құрып үлгермегендіктен, үлкендер кенже баланы үйлендіруге асықпайтын көрінеді.
“Менің ғана емес, сүйіктімнің де ата-анасы бағымызды байлап отырғандай. Мені бұрыннан таниды. Бірақ келін түсіріп, той жасауға асықпайды. Жігітіме де айта-айта мезі болдым. Тіпті, не істерімді білмеймін. Оны тастап кетейін десем, қимаймын. Себебі жақсы көріп таңдаған жігітім. Ал бұлай жүре берейін десем, 2-3 жылда 30-ға келемін. Ақыл айтыңыздаршы”, – деп жұрттан кеңес сұрады бойжеткен.
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Құрметті оқырман! Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981
Жіберіп алмаңыз:
Қызылордада қайтыс болған кісінің жанынан жұбайын жерлеуге орын қалдыратын болған
Имам: Ақтөбеде мектеп алдында намаз оқыған әйелдердің әрекеті – нағыз әртістік
Қостанайлық қария бөтелкеден салған үйінде тұрып жатыр (фото)