Шымкенттік балақай Аяз атадан аяғына жан бітіруді сұрап хат жазған
Назерке дүние есігін ашқанда, 12 мүшесі сау болған. Алайда, жасы алтыға таяғанда аяқтары бір түннің ішінде жансызданып, жүруден қалады. Анасы перзентіне ем іздеп, талай емші мен емхананың табалдырығын тоздырған. Бірақ, қызының дертіне шипа дарымай отыр.
Назерке мен оның анасымен Stan.kz сайтының ОҚО-дағы тілшісі жолығып қайтқан болатын.
«Алматыда ем қабылдадық. Тараз бен Астанаға да бардым. Облысымызда да қаншама емделдік. Оңалту орталықтарына да барып жатырмыз. Бірақ, ауырған кезде қандай хәлде болса, әлі сол. Ешбір оңды өзгеріс жоқ. Екі аяқ сезбейді. Медицинаның дамыған заманында барлық кеселдің емі болып жатыр ғой. Сондай бір емі болатын шығар деп, Алладан үміттенемін»,- деп көзіне жас алады Назеркенің анасы Зылиха Аймұратова.
Ақ халаттылар Назеркеге өте сирек кездесетін «неро-инфекциялық» диагнозын қойған. Десе де, ата-анасы диагноздың дұрыс қойылғанына күмәнмен қарайды. Өйткені, қабылдаған емдері еш нәтиже бермеген.
Жаңа жыл мерекесін Назерке асыға күтеді екен. Өйткені, ол Аяз ата арман тілектерімді орындайды деп сенеді. Мереке жақындай бастағаннан қолына қаламсабын алып, Аяз атаға хат та жазып қойған. Бұл жолғы оның Аяз атадан сұрайтын сыйлығы басқа балалардың тілегінен өзгерек.
«Басқалар бәлкім сенбейтін болар. Мен Аяз атаға сенемін. Және де тілектерімнің орындалғанын қалар едім. Негізгі арманым аяққа тұрып, мектепке барып, қатарымнан қалмай ойнағым келеді. Және де аулаға шығып достарыммен ойнап қыдырсам деймін»,- деген тілегін білдірді Назерке Маратқызы.
Назеркенің ата-анасы Шымкенттің шетіндегі Шұбарсу ауылында тұрады. Қазіргіуақытта қызының еміне қолайлы болу үшін қаладан пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Сондықтан, бұл жанұяға көмектің қандай түрі болса да ауадай қажет болып тұр.

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
