Шымкентте жаңадан сайланған депутат тұтқындалды
Шымкентте облыстық мәслихат та бір ай да жұмыс істеп үлгермеген депутатының қолына кісен салынды. Халық қалаулысы бопсалау ісіне қатысы бар деп айыпталып отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Айдархан Орынбасаровты тұтқындауға Әл-Фараби аудандық соты үкім шығарған. Істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз бақылауына алған. Мәслихаттағы әріптестері бизнесмен-депутаттың ісіне қатысты ешқандай пікір білдіргілері келмеген. Орынбасаров бірінші рет депутат ретінде сайланған болатын.
Кейінірек Айдархан Орынбасаровтың кардиологиялық бөлімде жатқаны белгілі болды. Оның қасындағы екі полицей ішке ешкімді жібермей отыр. Дәрігерлердің айтуынша депутат қолына кісен кигізілген күйі аурухана төсегінде жатыр. Қазір оның жағдайы тұрақтанған, енді аптаның соңына қарай депутатты изоляторға жібермек.
“Айдархан Орынбасаровтың осында жатқанына алтыншы күн болды. Ол изолятордан жүрегі қысылып осында жеткізілді. Біздің мамандар оның денсаулығын қараған кезде инфаркт орын алғаны белгілі болды”, – дейді ОҚО кардиологиялық орталығының бас дәрігері Спандияр Бекжігітов.