Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 70-ке таяған әже бизнесті қолға алды

Таяуда Шымкенттің іргесіндегі Шұбарсу ауылында «Бақытты ана» деген дәмхана ашылды.

ulym on bes

Оның қожайыны әрі бас аспазы – саналы ғұмырының қырық жылын ұстаздықпен өткізген, қазір құрметті демалыстағы жасы жетпіске таяп қал­ған қарт ана Бақтықыз Ахметова. Біз Бақтықыз апамен арнайы жолығып, әңгімелескен едік, деп жазады Замана газеті.

– Бақтықыз апа, алдымен өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып өт­сеңіз…

– Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Қазыбек би округі, Таубай ауылында туып-өстім.  Әкем Әбу су шаруашылығында алпыс жыл қызмет атқарып, тоқсанға келіп қайтыс болды. Ал анам Нұр­күлдің жеті кластық қана білімі болған. Бірақ ол сол кезде жоғары оқу орнында оқығанмен бірдей екен. Анам өте ақылды, парасатты кісі еді. Он жылдықты бітірген соң Жетісай педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, бір жылдан соң күйеуге шықтым. Қайынатам бұрынырақ қайтыс болған екен, енем мен келін боп түскен соң екі жылдан кейін өмірден озды. Бір абысыныммен бес жыл, екінші абысыныммен төрт жыл бірге тұрып, бір-бірімізге сүйеу, демеу болдық. Өзім үш ұл, екі қыз тапқанмын. Сіңлім 28 жасында мезгілсіз қаза тауып, артында қалған бір қызын өзіме алдым.

– Сіздерді әулетімен ұстаздар деп естідік…

– Иә, күйеуім де, өзім де мұғалім болдық. Бүгінде үлкен ұлым Құралбек пен Гүлжан, Гүлжахан, Меруерт қыздарым және екі келінім мұғалім. Тіпті менің құдаларым да мұғалімдер отбасы екен. Үлкен келінім жазушы Әкім Ысқақтың ең кішкентай қарындасы. Құдам Әбдіқайым өмір бойы ұстаздық еткен, тіпті оның атасы Сұлтан деген кісі де мұғалім бол­ған екен. Өзім 1981 жылы Мәскеуде өткен август конференциясында КСРО жоғар­ғы кеңесі президиумының хатшысы М. Георгадзенің қолынан «Еңбектегі ерлігі үшін» деген медаль алғанмын. Екі жылдан соң күйеуім қайтыс болып, 32 жасымда жесір қалдым. Балаларымның үл­кені 8-сыныпта, кішісі бес жаста болатын. Ол кезде анамның көзі тірі. «Арбаңды тура тарт, бала-шағаңды жеткізуің керек» деп жігер­лендірді. Анамның осы сөзі дем беріп, мұғалім болумен қатар, егін ектім, мал бақтым, сөйтіп алты балаға ешбір таршылық көрсетпей, өсірдім. Бәрін оқыттым, мамандық әпердім. Екінші ұлым Мәлік жеке кәсіпкерлікпен айналысады, үшінші ұлым Тәліп құрылыс саласында жұмыс істейді. Өзім зейнеткерлікке шығып, немере бағып отыр­ған жағдайым бар.

– Зейнетке шықсаңыз да, жұмыс істеп жатқан сияқтысыз ғой.

– Мәлік балам жақында осы дәмхананы ашып берді. Атын қалай атасақ екен деп ұзақ ойлана келе, бұл сіздің дәмханаңыз деп «Бақытты ана» деген ат қойды. Зейнеткер­лікке шыққан соң да мен он жыл бойына Мәлігімнің дәмханасында бас аспаз бол­ғанмын. Бірақ үкімет бекерден-бекерге зейнеткерлікке шығармайды екен, жас келген соң қимыл-қозғалысың да саябырлайды екен. Соны балама айтып, біраз жыл немерелерімді бақтым. Енді мына дәмхана жаңадан ашылған соң қыздарым мен келіндеріме істің жөнін айтып, аз-маз жәрдем беріп жүргенім рас.

– Өмір бойы мұғалім болыпсыз. Одан кейін немере бағу қиынға соқпады ма? Баладан шаршайтын кезде­ріңіз де болатын шығар?

– Жоқ, бала бағудан шаршаған да, жалыққан да емеспін. «Әр гүлдің иісі бас­қа» демекші, немерелерім көбейген сайын, балалардың арасында болған са­йын жасара түсемін. Олар­ға ертегі айтамын, үй тапсырмаларын орындауына көмектесемін. Ертегіні жай айта салмаймыз, немереле­ріммен бірге образға кіріп, әр кейіпкердің өз тілінде сөйлейміз. 35 немерем, 3 шөберем бар. Соңғы туылған екі немерем ғана балабақшаға барып жүр, қалғандарын өзім тәрбиелегенмін. Бақшаға бергізген емеспін. Лицейде оқитын бір немерем бар, үш жыл болды сол лицейге барып тәрбие сағатын өткізіп тұрамын. Енді наурыз айында «Қонағыңнан алтын алма, алғыс ал» деген тақырыпта тәрбие сағатын өткізбекпін.

– Мына ісіңіз көпке үлгі боларлықтай екен. Осы қонақ күту жөнінде біздің оқырмандарға да аз-маз ақыл-кеңес айта кетсеңіз…

– Қонақты жылы шыраймен қарсы алу керек. Сонда қонаққа шай берсеңіз де, ет жегендей көңілденіп қайтады. Балаларыңызға қонақ келгенде алдынан шығып «Ассалаумалейкум» деп амандасуды үйретіп қойыңыз. Қонақ үйге кіргенде есікті өзіңіз ашыңыз, шығарда өзі ашып шықсын. Шығарып салып тұрып, есікті ашқаныңыз, оған «кет» дегендей әсер қалдырады. Егер қонағыңыз үйіңізден риза болып, батасын беріп, алғысын айтып шықса, ұрпағыңыздың өсіп-өнуіне жақсы. «Қонағыңнан алтын алма, алғыс ал» деген сөздің мәнісі осы. Мұны әр ата-ана балаларының құлағына сіңіріп өсіруі керек. Содан кейін жақсы адамдармен көрші болған да жақсы екен. Егер көршіңіз жақсы адамдар болса, оларға түскен Алланың нұрының шуағы сізге де шашырайды.  Мен әкіммен, совхоз директорларымен көрші болыппын. Осы күні балаларым менің мерейтойымды жасап беріп, үш жүздің баласына ұлан-асыр ас беріп жатса, ол сол жақсылардың шарапаты жұғысты болғанынан-ау деп ойлаймын.

– Той демекші, енді осы той мен ас жайлы әңгімелеп берсеңіз…

– 2012 жылы 63-ке тол­ғанымда балаларым Қазақстан мен Өзбекстанға танымал он бес-шақты  эс­трада жұлдыздары (Қарақат, Мәдина, Қайрат Нұртас, Әлихандар есімде қалыпты) мен елдің игі жақсыларын шақырып, үлкен той жасап берді. Той өткесін Мәлік балам Хиуаға барып, Мәдина екеуміз түскен суретті  кілем­ге басқызып, тоқытып, сыйға тартты. Ал екі жыл бұрын Сарыағаш ауданы, Қызыл­әскер ауылында Мақтаарал мен Сарыағаш аудандары әкімдерінің  қолдауымен үш жүздің басын жиып, бес мың адамға ас берді. Айтыскер ақындарды шақырып, айтыс өткізді, бәйге шауып, көкпар тартты. Сол астың үстінде он майдангерге  жеңіл көлік сыйға тартып, ел-жұрттың батасын алған жайы бар.

Жіберіп алмаңыз:

Оралда 83 жастағы әже үйінде тау болып үйілген қоқыс арасында жалғыз өмір сүруде

Кореяға барып 2500 доллар жалақы аламыз деген жүзге жуық қазақстандық оңбай алданып қалды

Қазақстанда 26 жастағы бизнесмен Наурызда үйленетін пәк қыз іздеп жүр

Талқылау