ШҚО-да имам өз үйінде қонжық асырап отыр (фото)
Шығыс Қазақстан облысы, Герасимов ауылында имам Равшан Зулфиев қонжық асырап отыр. Туғанына бірнеше ай болғандықтан бұл жануардан төнетін қауіп жоқ екен. Ол тек жүгіріп, шапқылап, ойнап қожайынының назарын күтеді.
Бұл туралы Өскемен Жаңалықтары хабарлайды.
Равшан Зулфиевтің үйі соңғы екі аптада тұрғындар арасында ерекше танымалдылыққа ие болды. Бұл әрине үйде қонжықтың асыр салып жүргеніне байланысты. Мұны көруге тіпті Өскеменнің өзінен ат арытып келушілер көбейген.
“Бірнеше апта бұрын біз бұл қонжықты тауып алдық. Оның анасына не болғаны белгісіз. Біз қонжықты құтқарып үйге алып келдік. Әйелім қарсы болған жоқ, ал сегіз жастағы ұлым тіпті қуанып кетті. Интернеттен бұл жануардың қалай тамақтанатынын қарап, жағдайын жасауға кірісіп кеттік”, – дейді имам.
Оның айтуынша атын қоюға көп ойланып жатпай, Мишка деп атай салыпты. Арпа, қарақұмық, балық, сүтпен тамақтанады. Ал оның сүйікті асы, әрине – бал.
“Басында ол біраз қорыққан, қазір үйренісіп ойнап кетті. Кейде тіпті еркелеп кетеді. Ұйықтайтын орын ретінде бақшалықтан кішкентай үйшік жасап бердік. Кешкісін жақсылап тамақтанып алған соң таңға дейін тып-тыныш ұйықтайды”, – дейді Равшан Зулфиев.
Иесінің айтуынша, “керек емес”, “тиіспе” деген және басқа да тұрмыстық сөздерді түсінеді екен. Екі күн сайын өзен жағасына барып серуендеп қайтады.
Имамның сөзінше, Мишка екі аптада 5 келі салмақ қосып, жылдам өсіп келе жатыр дейді.
“Біз оның өсіп, үлкейген соң ерке қонжықтан жыртқыш аюға айналатынын білеміз. Сол себепті мен қалалық зообақпен келісіп, ол өскенде торға салынып сонда кететін болды. Әрине, онымен қоштасқымыз келмейді, бірақ амал не. Бірақ, үнемі барып тұрамыз”, – дейді қожайын.