"Штрафстан құрып жатырмыз": Депутат елдегі айыппұл мөлшерін көбейтуге бағытталған заң жобасына шүйлікті
Мәжілісте "Ақ жол" партиясының депутаты Азат Перуашев елдегі айыппұлдарға шүйлікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Ол түрлі заңбұзушылықтар үшін кәсіпкерлерге онсыз да жоғары болатын айыппұлдарды тағы да көбейтуді көздейтін заң жобасын сынға алды.
Ол осыны талқылау барысында оның фракциясына 2 мыңнан астам кәсіпкерден өтініш түскенін айтты. Олардың барлығы айыппұлдардың шектен тыс екеніне шағымданды.
"Бағадағы қателік үшін 700 мың айыппұл төлегеннен гөрі тексерушіге 100 мың теңге төлеп құтылған оңайырақ. Мемлекет жазалап қана қоймай, ынталандырып, тәрбиелеуі керек. Мынау ұялатын тірлік қой, мырзалар. Қайдағы бір "Штрафстанды" жасап жатқан сияқтысыздар, бірақ біз қалыпты және теңгерімді нарықтық экономиканы құрғымыз келеді", – деді Перуашев.
Депутат мұндай артық айыппұлдар сөзсіз бағаның өсуіне әкеліп соғатынын, бұл тұтынушыларға кері әсерін тигізетінін айтты.
"Үйіңіздің жанындағы дүкеннің күнделікті табысы 30-50 мың теңге болса, оған 100 мың теңге айыппұл салынса, ол ақшаны қайдан алады? Әрине, тек тауарының бағасын көтеру арқылы айыппұлын тұтынушыларына төлеткізеді. Әсіресе, мұндай айыппұлдар тұрақты сипатқа ие болғанда, халық қиналады.
Пропорционалды емес үлкен айыппұлдар тұтынушыларды шын мәнінде қорғамайды, бірақ ұлттық банктің соқыр саясаты мен доллар бағамының шарықтауына, қосымша инфляцияға ықпал етеді. Бізге тепе-теңдік, жаза мен әрекеттің ауырлығы арасындағы пропорционалдылық қажет, бұл – заңның негізгі қағидаларының бірі", – деді ол.
Парламентарий шенеуніктерді шағын және орта бизнестің қалай жұмыс істейтінін түсінбегені үшін сөкті.
Партия шағын және орта бизнеске салынатын айыппұлды 3-5 есеге азайтуға бағытталған бірнеше түзетулер ұсынды, бірақ көпшілік бұл өзгерістерді қолдамады.