Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шөп шықпағандықтан, сатып алуға мәжбүрміз": СҚО-да шаруалар шөп бағасының шарықтап кеткеніне шағымданды

Қазақстанның солтүстігінде шөп бағасы шарықтап кеткен. Тұрғындар кейбір кәсіпкерлер биылғы құрғақшылықты пайдаланып, мал азығының бағасын әдейі өсіріп отырғанын айтады. Қазір өңірде бір орама шөптің бағасы 10 мың теңгеден басталып, 15 мыңға дейін барады. Ал жем-шөптің қымбаттығынан қыста мал ұстау тиімсіз деген шаруалар суық түспей қорадағы төрт түлігін саудаға шығаруға мәжбүр. Сонда да әкімдіктегілер "баға бақылауда" деп жайбарақат отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

шөп

Сурет: Pixabay

Жылқыларын ала жаздай жайлауда ұстап, суық түсе қораға байлайтын Бегалы Әбдухакимов қысқа әлі қамданбаған. Өйткені шөптің бағасы удай қымбат, ал оны алатын ақша жоқ дейді. Сөзінше, биыл шөптің бағасы екі-үш есеге өсіп кеткен. Мәселен, бұған дейін 300-400 келі бір түк шөптің бағасы 5 мың теңге тұрса, биыл ол 12-15 мың теңгеден сатылып жатыр. Сондықтан шаруа малымызға бір қысқа жететін жем-шөпті алу үшін, несие рәсімдеуден басқа амал жоқ дейді.

“12 мың тұратын түк 400-500 келі дейді. Олай шықпайды, 300-350 келі ғана болады. Оған 600-700 теңге кетеді. Әрі жемің қымбат. Сосын 10 арба сабан керек. 25 мыңнан санағанның өзінде 250 мың. 1-1,5 миллион кетеді сонда жылқы асырауға”, – деді Новокаменка ауылының тұрғыны бегалы Әбдухакимов. 

Ауылда жұмыс болмаған соң, тек малмен ғана жан бағып жүргендердің өкпесі қара қазандай. Олар қымбат шөпті алуға әркімнің жағдайы келмейді дейді. Айтуларынша, көктем мен жаздағы құрғақшылықтан шөп аз шыққандықтан, көбі бағаны шамадан тыс шарықтатып жіберген. Ал облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың "шаруа қожалық басшылары үшін 1 тонна шөптің бағасын 15 мың теңгеден асырмаңдар" деген сөзін кейбірі тіпті құлаққа ілмейді дейді.

“Бізде жер жоқ. Оны қайдан шабамыз. Сосын амалсыз сатып аламыз. Ауылда тұрғаннан кейін мал ұстамай не істейміз? Өйткені мұнда жұмыс та жоқ. Қара малмен күн көреміз”, – деп қосты Новокаменка ауылының тұрғыны марат Бақтыбаев. 

Ал жергілікті билік өкілдері бұл мәселені байқағысы келмейтіндей. Бір түк шөпті 5 мың теңгеден қымбатқа сатып жатқандарды кездестірмедік деп жайбарақат отыр. Бірақ қолдан қымбатшылық жасап жатқан кәсіпкерлер кездессе, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз дейді. 

“Біз ірі шаруа қожалықтарымен келісімге келдік. Олар бір тонна шөпті 15 мың теңгеден асырмайды. Ал қымбат бағаға сатып жатқандар шағын кәсіпкерлер болуы керек. Оларды анықтап, түсіндіру жүргіземіз”, – деп мәлімдеді Архангелка ауылдық округінің әкімі Ирина Рыбакова. 

Дегенмен тұрғындар жергілікті билік шөптің бағасын дереу реттемесе, қысқа қарай малымызды сойып сатып, құтылаудан басқа амал жоқ дейді. Өйткені жем-азық қымбат болса, төрт түлікті ұстау тиімсіз деп  отыр. 

Талқылау