Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шөлдала заставасындағы сарбаз өлімі": Бас әскери прокурор аға сержантқа шыққан сот үкімімен келіспейді

Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара заставасында өз-өзіне қол жұмсаған сарбаз Бекбол Мираштың ісі әлі жалғасады. Бұл туралы сенат кулуарында бас әскери прокурор Дастан Секенов мәлімдеді. Ол осы іске кінәлі деп танылған аға сержант Айбек Нұртаевқа шыққан үкіммен келіспейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дастан Секенов, Бас әскери прокурор

Аты шулы іске қатысты Бас әскери прокурор журналистерге осы істің қалай жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді.

“Үкім шығарылған кезде сарбаздың өз-өзіне қол салу дерегі жеке өндіріске алынып, тағылған іс бізге жіберілді. Біз ол үкімге наразылық келтіреміз. Үкім заңдың күшке енгеннен кейін бұл іске қата оралатын боламыз. Біздің ойымызша, Мираштың өз-өзіне қол салуы келісімшарт бойынша әскеридің әрекетінен болды”, – деді Дастан Секенов. 

Бас әскери прокурордың  айтуынша, тергеу барысында адвокат келтірген дәйектердің барлығы тексерілген. Ол бәріне жауап берген. Өзге адвокаттар наразылық білдермегенін айтты. 

“Біздің нұсқа – келісімшарт бойынша әскеридің әрекеті салдарынан сарбаз өзіне қол салған. Ол адам сотталды", – деп мәлімдеді Бас әскери прокурор.

Сондай-ақ, Дастан Секенов марқұмның денесінен шәһуат (сперма) табылған деген ақпаратты да жоққа шығарды.

“Бекбол Мираштың денесінен сперма табылды деп айта алмаймын. Бұл мәселе бірнеше рет талқыланып,  БАҚ өкілдеріне де бірнеше мәрте жауап берген болатынбыз. Біріншіден, марқұмның денесінен сперма табылды деп түсіндіруге болмайды. Мұнда биологиялық материалдың іздері бар", – деді Бас әскери прокурор.

Бас әскери прокурор әу баста сарапшылар бұл істі дұрыс бағаламағанын айты. Сонымен қатар адвокаттың қате ақпарат таратқанын алға тартты.

“Сарапшылар әуелде дұрыс бағаламаған. Сол себепті біз бірнеше қайтара сараптама, генетикалық зерттеу жүргіздік. Бұл істе қайтыс болған адамның ар-ожданы жайлы айтылып отыр. Адвокат бұл мәліметтерді БАҚ-қа таратып, қате істеді. Біріншіден, бұл – блогер емес, кәсіби адвокат. Ісін жүргізгенде заңға сүйенуі керек еді. Жағдайдың мән-жайын жариялау дұрыс болмады”, – деді ол.

Еске салайық, өткен жылдың 19 тамызында қатардағы жауынгер Бекбол Мираш Тараздағы ҰҚК шекара қызметіне қарасты "Шөлдала" заставасында асылып тұрған жерінен табылған болатын. Күдікті ретінде заставада келісімшарт бойынша сержант Айбек Нұртаев танылып, қамауға алынған болатын. 

 

 

 

Талқылау