Шоқан Уәлиханов орыстың тыңшысы ма: Отандық журналист шындықтың бетін ашты
Абылай ханның ұрпағы, қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы-этнограф, географ-ағартушы, шығыстанушы және әккі тыңшы Шоқан Уәлихановтың өмірінің көлеңкелі тұстары көп. Небәрі отыз жасында о дүниелік болған Шоқан шын мәнінде өкпе ауруынан өлді ме? Діндарлар неге Шоқанды жақтырмайды? Кейбір деректердегідей ол орыстың немесе қытайдың жасырын тыңшысы болғаны рас па? Stan.kz тілшісі тарихшылардан және Шоқан туралы деректі фильм түсірген Дархан Әбдіктен көпшілік біле бермейтін тың ақпараттарды сұрап көрді.
"Аққан жұлдыз" деректі фильмінен:
Шоқан Верныйдан кейін әке шешесінің үйіне емес, шалғайдағы Тезек төренің үйіне кетті. Ханзада Шоқанның тойын алты алаш дүркіретіп өткізер еді. Оған әкесі Шыңғыстың да дәулеті жетер еді, алайда Шоқан үн-түнсіз Тезек төренің қарындасы Айсарыны алды. Күшіккүйеу атану қара қазаққа да таңба. Аға сұлтанның баласы Шоқан неге мұндай қадамға барды?
Әйелін әке-шешесінің үйіне келін қылып түсіруі керек еді. Қайын жұртының ауылында жатып алды. Әрі Черняеевпен болған кикілжіңнен тоғыз айдан кейін осы жерде қайтыс болды. Неге? Жарқырап басталған тағдыр неге осылай аяқталды? Шоқан Уәлихановтың өмірінің соңындағы оқиғалардың біріне де мардымды жауап жоқ. Ресми тұжырым Шоқан туберкулезден өлді дейді. Алайда сараптай келсек бұл вариант көп күмән туғызады.
23 жасында өз заманының ең қатерлі миссияларының бірін атқарып келген жас офицер әп-сәтте әлемдік география ғылымының басты қаһарманына айналды. Өзіне дейін өркениетті Еуропаның бір де бір өкілі тірі қайтпаған қауіпті де құпия Қашқарға барып келді. Әрі қалай: бүркеме атпен, тыңшы ретінде басын өлімге тігіп. Тура бір Джеймс Бонд дерсіз.
Төлен Әбдіктің ұйымдастыруымен түсірілген "Аққан жұлдыз" деректі фильмінде Уәлихановтың өмірі туралы жұрт естіп білмеген тың ақпараттар келтірілген.
Stan.kz тілшісі танымал журналист Дархан Әбдікпен байланысып, Шоқан туралы пікірін тыңдады.
Ең үлкен проблема халық танымал тұлғалардың айтқанына көзсіз сенеді
"Деректі фильмді түсіруге жарты жылға жуық уақытымыз кетті. Арасында үзілістер де болды. Мен Шоқан туралы жаңа дерек тапқан жоқпын, тек бар деректің негізінде өз көзқарасымды білдіруге тырыстым. Өз нұсқамды Шоқанның жазған хаттарына қарап жасадым.
Шоқанды зерттеудегі негізігі қиындықтардың бірі халық ішінде белгілі адамдардың таратып жүрген ақпараттары көп. Еш негізсіз былай болған екен деп айта салады. Бірақ сол айтқандарының көбі дәлелденбейді. Тіпті біздің танымал тарихшылардың айтқандары дәйексіз.
Мен көрерменге қызықты болуы мүмкін деген версиялардың ешқайсысын негізге алған жоқпын. Өйткені құжатпен дәлелденбейтін немесе тарихи логикаға сай келмейтін ақпараттарды пайдалануға болмайды деп есептеймін.
Осы дүние бір ғана Шоқанға ғана қатысты емес, бүгінгі таңдағы тарихқа қатысты бүкіл тұлғаларға қатысты нешетүрлі мифтар көп. Дәйегі жоқ версиялар көп екеніне көзім жетті. Және бұл версияларды тарихшылар, жазушылар, белгілі тұлғалар айтып жүр. Ең үлкен проблема халық танымал тұлғалардың айтқанына көзсіз сенеді. Біздің елде сол деректі тексеріп, тауып қайта тексеру деген қалыптаспаған. Ал журналисттер сондай версияларды елге тарата береді, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Бұл жалпы біздің медиакеңістіктегі үлкен кемшілік.
Шоқан қазақ ауылдарын қыруға қатысты, Қытайға шпион болып кеткен дейтіндер бар ...
Шоқан төңірегінде ешқандай дәлелденбеген тұжырымдар мен мифтар көп. Осылай болыпты деп тарихты қызықты, әдемі қылып қолдан жасағымыз келеді. Ал тарих деген ғылым. Қолдан әрлеуге болмайды.
Шоқан туралы мифтің бірі ол Қытайға шпион болып кеткен дейтіндер бар. Алайда бұл тұжырымның ешқайсысы дәлелденбеген.
Орыспен байланыстылардың бәрін жамандау, күдік астына алу деген дәстүр бар бізде. Осыған байланысты Шоқанға байланысты екі топ, екі түрлі пікір бар.
Шоқанға қатысты сыни пікірлердің көбі діндар адамдар тарапынан. Өйткені Шоқан атеист болғанын жасырмаған адам. Сондықтан діндарлар Шоқанды ұнатпайтыны анық. Шоқан қазақ ауылдарын қыруға қатысты деген пікірлер бар.
Ал екінші бір топ - әсіре сілтеп мақтайтындар. Ресей жерінен алған Шоқанның дәрежесін үлкен жетістік деп көретіндер бар. Мысалы Ораз Мұхаммедтің Ресей императорының қасында отырғанын дәреже көреді. Ораз Мұхаммедтің өзіне дәреже шығар. Бірақ ол ұлтқа сіңірген еңбегі емес қой. Сол секілді Шоқанды орыстың агенті қылып көрсеткісі келетіндер бар. Иә, Шоқан Қашқарға миссиямен барған. Бірақ Шоқан соңында отарлаушыларды қатты сынағаны белгілі. Сот реформасы турады жазбасы бір төбе. Ол азаматтық, қоғамдық ой-пікірлері туралы ашық жазып кеткен адам. Қазақ даласындағы реформалар жөнінде, халықтың құқығы жөнінде жазған бүкіл жазбаларынан қандай адам екенін білуге болады.
Сондықтан архивті, тарихи деректерді берік ұстау керек. Соңғы кездері біздің телевизияда рейтинг үшін әйтеуір бір қызық деп көрінетін, қисынға келмесе де жұртты елең еткізетін пікірлерді тарату белең алып бара жатыр.
Шоқанның кісі қолынан өлуі мүмкін дегенді құптаймын
Ресми дереккөздерде өлімі аурудан нақтырақ айтқанда туберкулезден қайтты деп келтіреді. Бірақ мен бұл тұжырымға сеніңкіремеймін. Деректі фильмде өлерінен 50 күн бұрын бір жәшік сигара сұратады. Енді қараңыз, туберкулезбен ауыратын адам сигараны не істейді? Екіншіден, туберкулез 50 күн ішінде адам жалмайтындай емес. Одан кейін өлер алдында Шоқан өте белсенді тіршілік жасаған, сол кездегі аймақтағы бүкіл саяси ахуалды жіті қадағалап отырған. Шоқанның үстінен өте көп арыз жазылған. Жергілікті басшылар Шоқанды елдің тыныштығына қауіп төндіріп тұр, ел ішінде билікке қарсы әңгіме таратып жүр деген хаттар сақталған. Олардың бәрі бар. Сондықтан дөп басып айта алмасам да, дегенмен, Шоқанның кісі қолынан өлуі мүмкін дегенді құптаймын.
Ресей империясы оған әу баста күдікпен қарады
Шоқан сол кездегі отарлау саясатына үлкен қауіп төндірген тұлға. Олар Шоқанның халық арасындағы беделінен, алған білімінен және өте сауаттылығынан қорықты десе болады. Иә, әу баста, орыс мәдениеті арқылы қоғамды түзетем дегенді алға тартқаны рас. Бірақ бұл жерде орыс мәдениеті деген сөз орынсыздау. Өйткені бұл жалпы еуропалық мәдениет. Жалпы өркениетті азамат құндылықтары, демократия бұл орыс мәдениеті емес. Шоқанның рухани ориентирлары Вольтер, Руссо француз революциясының идеалдары болған. Теңдік, азаттық, азаматтық қоғам деген нәрселер үшін күрескен адам.
Неге бізде Еуропаның елдеріндегідей адам құқығы жоқ, сөз бостандығы жоқ деп қазір өзіміздің билікке наразылық білдіреміз. Шоқан да кезінде дәл сондай нәрселерді айтқан. Сол үшін империя оған әу баста күдікпен қарады.
Шоқанның қасындағы жалшы мен көмекші дәрігері де орыс тыңшысы болған. Ол құжатпен дәлелденген нәрсе.
Шынайы тарих билікке жалтақтамауы керек
Неліктен Шоқан күшік күйеу болды? Қазіргі қазақта күшік күйеу өте ауыр сөз. Шоқан өте ауқатты отбасынан шыққан, намысқой адам екенін ісімен дәлелдеген адам. Неге мұндай қадамға барды? Әлде жасырынды ма, әлде ата-анасына қауіп төндіргісі келмеді ме, мүмкін сол саяси ахуалға байланысты сол аймақта болуы керек болған шығар. Сол дұрыс деп есептеді ме? Міне осындай сұрақтар төңірегінде әлі де көп іздену керек.
Бізде Шоқантану, Ыбырайтану, Абайтануда жалпы бізде көп нәрсе әлі сол кеңес үкіметі тұсындағы деңгейден әрі жылжыған жоқ. Жаңа фактілер аз.
Архивтерді жаңалап ақтару керек. Ал ол үшін мемлекет ғылымға назар аударып, ақша бөлуі керек. Билік ғылымды өзінің қолшоқпарына, пропагандаға айналдырмауы керек. Тарих деген өте солқылдақ ғылым. Шынайы тарих билікке жалтақтамауы керек. Билікке жалтақтаған тарих ғылым болудан қалады. Ол пропаганданың құралына айналады. Бүгінгі таңда бізде тарих ғылымы жоқ, тек прогаганда құралы.
Шоқанның бойында екі феномен бар
Біріншісі, жасынан зерек, оқуға өте қабілетті болған. Бірақ адамның қандай лауазымға көтерілгені емес, азаматтық қандай тұлға болғаны маңызды.
Екінші феномені сол кезеңдегі өз табына қарсы нәрселерге бара алғандығы. Ұлт мүддесі үшін жұмыс істеген.
Шоқан Уәлиханов: "Төрелер мен сұлтандардың пікіріне ешқашан қосылуға болмайды. Өйткені олардікі халықтікіне қарсы келеді".
Өзі төре бола тұра енді қалыптасып келе жатқан азаматтық қоғам бойына ерте сіңгендігінде. Халықты ұлт, этнос деп қарамау тең құқылы адамдардың қауымдастығы деп қабылдауында жатыр оның феномені. Адамның хақы, әділ сот, әділ билік, халық алдында жауап бере алатын билік сайлау керегін Шоқан сол кезде айтып кеткен. Шоқанның басты құндылығы осында. Сыртқы істер министрлігінде істегенінде емес ...
Шоқанның басты феномені өз заманынан ерте туып, сол құндылықтарды қабылдаған аса принципшіл, аса әділ, таза гуманистік негіздегі тұлға болған.
Дайындаған: Жанна МӘЛІК