Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО мектептерінде салт-дәстүр сабақ ретінде оқытылады

«Қазақстан халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары». Шығыс Қазақстан облысының мектептерінде енді осындай жаңа пән оқытыла бастайтын болады.

maxresdefault (1)

Жаңа пәнді білім ордаларына енгізу идеясын облыс прокуроры Бағбан Тәйімбетов ұсыныпты. Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен Бас прокуратураның қылмыспен күрес бойынша жүзеге асыратын алдын алу шаралары саясатын басшылыққа алған бастаманы Білім және ғылым министрлігі, облыс әкімдігі мен білім басқармасы бірден құптаған көрінеді.

Жаңа пәннің мақсат-мұраты қандай? Қандай қажеттіліктен туындады? Қалай оқытылады? Облыстық прокуратурада Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова, облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова мен облыс прокурорының қатысуымен өткен жаңа пәннің тұсаукесер рәсімінде бұл сауалдарға жан-жақты жауап берілді. Облыс прокуроры Бағбан Тәйімбетовтің айтуынша, жаңа пән алдымен жас буынды ата дәстүрден алшақтамай, елін, жерін сүюге, құндылықтарға құрметпен қарауға үйретуді мұрат тұтады.

“Жасыратыны жоқ, соңғы кездері дәстүрлі емес діни ағымдарға қосылып жатқан жас­та­ры­мыздың қатары көбейіп барады. Бұл, әрине, бәрімізді де алаңдатады. Мұның бір ұшығы олардың өз халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жетік білмеуінде жатыр ма деп ойлаймыз. Сондықтан да балаларға мектеп жасынан бастап әрбір этностың, діннің, әртүрлі мәдениеттердің ерекшеліктерін оқытып, түсіндіруіміз қажет. Оларды түсіністікке, шы­дам­дылыққа баулуға тиіспіз. Байтақ даланы сақтап қалған бабаларымыз салт-дәстүрді берік ұстана отырып, тәрбие мәселесіне айрықша мән бергені мәлім. Тәрбие мен салт-дәстүрдің тізгінін қатар ұстай білгендіктен ұрпағы жатбауыр болып, жат ағымның жетегінде кеткен жоқ. Ділінен, дінінен безген жоқ. Сондықтан мектеп оқушыларына саф алтындай салт-дәстүрімізді ерте бастан оқыт­сақ, ұтылмайтынымыз анық”, – дейді облыс прокуро­ры.

Білім басқармасының басшысы Айжан Садықова жаңа пәнді оқытуға әзірге 17 сағат бөлініп отырғанын айтады. Яғни, мектеп оқу­шылары екі аптада бір рет Қазақстан халқының салт-дәстүрлері және әдет-ғұрыптарымен жан-жақты танысады. Егер қанатқақты жоба сәтімен жүзеге асып, ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан қолдауға ие болса, Білім және ғылым министрлігі бұл бастаманы республиканың өзге де білім ошақтарына енгізуді жоспарлап отыр­ған көрінеді. Қанатқақты жоба әуелі Өскемендегі №17, 43 мектептердің бесінші сы­нып оқушыларына арнайы факультатив сабағы ретінде оқытыла бастайды. Жыл со­ңына дейін Семей қаласы мен Глубокое және Ұлан аудандарының 9 мектебі жаңа пәнді тәжірибеден өткізіп көрмек.

Жаңа пәннің бағдарламасын әзірлеген жұ­мыс тобының мүшесі, филология ғы­лым­да­ры­ның док­торы Амантай Жыл­қы­баев­а­­ның ай­туынша, бағдар­ламалық кешен бағ­дарлама, мұ­ғалімдерге арналған нұсқаулық және оқу­шы­лар­ға арналған оқу құралы сынды үш бөлімнен тұрады.

“Біздің мақсатымыз – қазақ халқының ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де тарих тол­қы­нынан өтіп, сұрыпталып бізге жеткен асыл мұрасын, мәдениетін, тарихын жас ұр­пақтың бойына сіңіру. Сол мақсатқа жету үшін жұ­мыс істеп жатырмыз. Қазақта «Адам ұр­па­ғы­мен мың жасайды» деген сөз бар. Аумалы-төк­пелі мынау заманда жастарға дұрыс бағыт-бағ­дар көрсету – аға ұрпақтың парызы”, – дейді фи­лология ғылымдарының докторы Амантай Жылқыбаева.

Жаңа пәнді мектептерге енгізу немесе енгізбеу мәселесі оқу жылының соңында белгілі болады. Әуелі тәжірибе жүргізілген сыныптардың оқушы­лары емтихан тапсырады. Нақты шешім соның нәтижелеріне орай қабылданады.

Азамат Қасым

«Егемен Қазақстан»

Жіберіп алмаңыз:

Қазақтың салт-дәстүрлері Ислам дініне қайшы ма

Әр аймақтағы қазақтың салт-дәстүріндегі өзіндік ерекшеліктер

Қазақтың салт-дәстүрін қаншалықты білетініңізді тексеріп көріңіз

Әлем халықтарының адам шошырлық сексуалды дәстүрлері (фото)

Талқылау