Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-дағы ауыл тұрғындары мәселелерінің шешілмей жатқандығына наразы

Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданына қарасты Көкжыра ауылында күні бүгінге дейін шешімін таппай отырған мәселелер аз емес. Тұрғындардың сөзінше, елді мекенге кіреберіс үш шақырым жолдың толыққанды жөндеу көрмегеніне талай жыл болды, фельдшерлік-акушерлік пункт 40 жыл бұрын салынған, ал ауыл шетіндегі бейіт маңын үймеленген қоқыс басып тұр. Бастысы округ әкімі мұның барлығынан хабардар, әйтсе де шешімін тапқан түйткілдер ілуде біреу. Stan.kz тілшісі тұрғындармен хабарласып, жағдайдың анық-қанығына үңіліп көрді. 

Ауылдық округ әкімі мәселелердің шешілмей жатқанына Абай облысы жеке шығып, Самар Көкпекті ауданынан бөлінгелі әкімдік құрамы әлі бекітілмегенін сылтау етті. 

“Ауданымызда басшылық құрам әлі толық бекітілмеді. Көп жұмыстың шеті осыған сәйкес жүзеге асырылады. Құлынжон мен Көкжыра бір ауылдық округ. Әзірше Құлынжонда ірі жобалар іске асырылуда, мүмкін алдағы жылдары үш шақырым жол мәселесі де шешіліп қалар. Негізі, қос ауылға қатысты жобаларға кәсіпкерлер қаржы бөледі,” – деді округ басшысы Самархан Демесінұлы.

Аудандық бюджет деген сөздің мүлде айтылмауы көңілге көп сауал ұялатты. Ауыл тұрғындары осыған дейін ресми ақпараттарда бір шақырымды жөндеу үшін 28 миллион теңге қаржы жұмсалатынын оқыпты. Шынымен-ақ солай болуы керек қой дейді олар. Бірнеше жыл бұрын ауылда су құбырын тарту кезінде ауыр техника жүргізушілеріне қолқа  салып, үш шақырымға ілдебайлап, тегістеу жұмыстарын жүргізген. Әкімдіктен қайыр болмаған соң көкжыралықтар мұны өздері іске асырған. Биылша ешқандай тірлік қолға алынбайтын сыңайлы, келер жылы бұл мәселені қайта көтеруге бар.
Фельдшерлік-акушерлік пункт іші қысы-жазы сыз тартады. Медбике Камила Балғабаеваның сөзінше, жылдар көлемінде жөндеу көрмеген медпункке жуырда ғана жылыту құбыры тартылды. 

“Қазір жөндеу жүріп жатыр. Аудандық аурухана басшылығы мамандар жіберіп, пеш жөнделді. Процедуралық бөлме жылы болсын деп құбырлар тарттық. Тексеріп, барлығын қосып көріп едік, әзірге істеп тұр”, – деді ол.

Осыған дейін медбике болған Меруерт Елемесова қысты қойып, жаз кезінде бөлмелердің суықтығынан ем алуға келгендер жиі шағымданатынын айтқан болатын. Медпунктің шатыры да ескі. Сәтті түссе бұл да биыл шешімін табады дейді. Ауыл азаматтары медпункт 40 жылдан астам уақыт бұрын салынғанын айта келе жібі түзу басқа ғимарат қажет екендігін айтты. Көкжыраның қақ ортасында кеңес өкіметі кезінде салынған екі қабатты балабақша ғимараты қазір қаңырап бос тұр. Бірінші қабатындағы бірнеше бөлмеге жөндеу жүргізіп, медпункт пен кітапхананы сонда көшірсе дейді. 

“Естуімізше, округ әкімдігіне тендер арқылы алдымен былтыр 4,5 биыл 5,5 миллион теңге бөлініпті. Ол қаражат осы ескі балабақшаны жөндеуге бағытталған. Алайда жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауда шашау шығып, әкімдік қаражатты қайтадан бюджетке қайтарған. Ұят қой бұл?! Бар ақшаны іске жарата алмау деген не сұмдық?!” – десті тұрғындар.

Одан бөлек, ауылдағы түрлі мереке, Қарттар күні, әкім жиналысы сияқты шараларды өткізетін орын жоқ. Басқа жер болмаған соң мектептің акт жиналысында бас қосады. Сол үшін де ескі балабақшаның жөнделуінің маңызы зор дейді.

Жаңа оқу жылы басталғалы оқушылар таңсәріден және түс ауа ауылдағы Амангелді орта мектебіне ағылады. Тұрғындар балаларының өміріне алаңдаулы екенін айтады, өйткені жол бойында бірде-бір белгі жоқ көрінеді. 

“Қоғам әлдебір оқыс жайттан соң ғана қозғала бастайды ғой. Жылдамдықпен ағып өтетін көліктер немерелерімізді жазым ете ме дегенде зәре жоқ. Мектебіміздің алдына жылдамдық бәсеңдеткіш орнатса жөн еді. Осыны айтып келе жатқаныма қаншама жыл болды, түк өнбеді”, – деді ауыл ақсақалдарының бірі Қасым Токов.

Бұл жерде ескере кететін жайт, Құлынжон мен Көкжыра халық саны бойынша қарайлас ауыл, 700-ден астам адам тұрады. Округ орталығында ауыл ішінде шектеуді білдіретін барлық белгілер бар, Көкжырада соның бірі де жоқ. Тұрғындарды осы жағы да қынжылтады.

Одан бөлек, ауыл шетіндегі бейіт маңы қоқысқа толған. Округ әкімі қазіргі уақытта қоқыс бірнеше жерге жиналып қойғанын айтты. Сөзінше, бұл тұрғыда ауыл тұрғындарына жинақы болу қажет.

Елді мекендегі футбол қорабының салынғанына үш жыл болыпты. Жарығы бар, бірақ жанбайды. Ауыл жастары мал түгендеп болған соң небәрі жарты сағат қана футбол ойнап үлгереді, сосын айналаны қараңғы қаумалайды. 

“Жуырда қосымша қаржы бөлініп, енді басталған істі соңына дейін жеткізбек. Ауылда жарығы жанбайтын көшелер бар. Соны қосып, футбол қорабының жарығын да қамтимыз”, – деді ауылдық округ әкімі Самархан Демесінов.

Дайындаған: Әділхан Есімханов

Талқылау