"Көмектес! Мені ұрлап кетті": ШҚО-да жолаушылар такси жүргізушісін ұрып-соғып, қансыраған күйі жолда қалдырып кеткен
Шығыс Қазақстан облысында үш ер адам такси жүргізушісін ұрып-соғып, ұрлап кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Жаңа жыл қарсаңында болған. Полицияға Ұлан ауданы Бестерек ауылының тұрғыны белгісіз адамдар күйеуін ұрып-соғып, Nissan Note көлігін иемденіп кеткенін айтып, шағымданған.
Тәртіп сақшылары үш жігіттің күндіз Меновное ауылынан (Өскемен) таксиге тапсырыс бергенін анықтады. Жолаушылар өздерін қаладан тыс жерге жеткізуге сұраған, алайда такси жүргізушісі қалааралық тасымалдаумен айналыспайтынын, қалааралық таксиге тапсырыс беру керектігін айтқан. Соның өзінде олар такси жүргізушісін бағытын өзгертуге көндіріп, Ұлан ауданының Бестерек ауылына жол тартқан.
"Өскемен-Самар тас жолында қаскүнемдер такси жүргізушісін жаралап, көліктің артқы орындығына салып, алып кеткен. Алайда жәбірленуші көліктен секіріп түсіп, әйеліне қоңырау шалып: "Мені ұрлап кетті. Көмектес!" деп хабарлама жазған. Әйел бұл туралы тәртіп сақшыларына хабарласқан.
Жаралы ер адам жол бойындағы көліктерді тоқтатуға тырысып, көмек сұраған. Алайда көліктердің көбі оған тоқтамаған. Тек Газель жүргізушісі ер адамға қауіп төніп тұр деп ойлап, тоқтаған", - деді полицияда.
Полиция жаралы такси жүргізушісін Тарғын ауылында тапты. Сондай-ақ, 24 пен 34 аралығындағы үш ер адам ұсталды. Олардың екеуі бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Құқық қорғау органдары көлікті иесіне тапсырған.
"Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 200-бабы, "Автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену" 3-бөлігі, 125-бабы, 2-бөлігі, "Адамды ұрлау" 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды", - делінген хабарламада.