"Керегін жеп кеткен": ШҚО-да орталық стадионды жөндеуге жұмсалған 100 миллион теңге желге ұшты
Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласы – қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиада ойындары мен түрлі әлем чемпионаттарында олжа салған талай атлет шыққан өңір. Соңғы жылдары жеңіл атлетика, көркем гимнастика, футбол мен қол күресі де дамып келеді. Дегенмен көп спортшының әзірлік жүргізетін орталық стадионының қазір кетеуі кетіп, сұры қашқан. Жөндеу жұмыстарына 300 миллион теңге бөлінген көрінеді. Алайда тұрғындардың сөзінше, стадиондағы атүсті орындалған жұмыстан жемқорлықтың иісі аңқиды. Мәселемен Stan.kz тілшісі танысып қайтты.
Stan.kz
Көп дүниенің тозығы жеткен
Қалада облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстар өткізілгенде спортшыларды бұл жаққа шақырмайды. Барлық чемпионат дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен спорт модулінде ұйымдастырылады. Себебі, қаладағы ең ірі спорт аренада тиісті жағдай жасалмаған. "Сокол" деп аталатын стадион тар залда турнирлер өткізіп тарығып жүрген жаттықтырушыларды да алаңдатады. "Бір мезетте көп командалар келгенде әр жерге бөліп әуреге түсеміз" дейді олар.
Қараудың өзі қорқынышты. Орталық алаңның қақпасынан кіре бере көңілде үрей үйіріледі. Қаңырап тұр. Көп дүниенің тозығы жеткен. Ешбір тіршілік нышаны байқалмайды. Мұнда кірмес бұрын "Стадион "Сокол" деген жазуды көреміз. Жақындай бере қабырғадан жастардың бір-біріне деген "ғашықтар тілін" көруге болады. Немен жазғандары белгісіз, барынша бадырайтыпты. Гагарин даңғылында орын тепкен алаң атауының соңғы әрпі де үгіліп, түсуге шақ қалды. Әкімшілік ғимаратқа кіреберісте "Риддер қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі" деп жазылып тұр. Биатлоншылар осы жерде киімдерін ауыстырып, үстел теннисінен дайындық жүргізеді. Қызығы сол, мұнда су да, жылу да жоқ! Ал вахташы Бибігүл Ахметова осындай сыз бен суықта күнде еден жуады.
Stan.kz
“Суды спорт модулінен алып келемін. Қайта жақын жерде орналасқан. Егер қыста екі жылытқышты қатар қойсақ, сымдар күйіп кетеді. Сонау 1952 жылы тартылған сымға тағы жүктеме түссе, шыдас беруі екіталай”, – дейді әйел.
Мәселе су мен жылудың жоқтығымен, ескірген сымдармен бітпейді. Бір есептен, қайта жаңғырту жұмыстары аттай 50 жыл бұрын жүргізілген. Сумен жабдықтау және кәріз жүйесінің сыртқы желілері, суару канализациясы – бәрі-бәрі апатты жағдайда. Футбол алаңын арамшөп басып, кей жері керісінше, тақыр таза. Жүгіру жолдары да әр жерден шұрқ тесік. 1980 жылы өткен Олимпида ойындарының бес сақинасы таңбаланған қақпа ашылған сайын қақырап, тоттанып, бояуы түсе бастаған. Жанкүйерлер сайыс тамашалайтын трибуна да қирап, келбетінен айырылып тұр. Ағаш орындықтарын жан-жаққа тасып әкетіп, әлі жеткендер сындырып тыныпты. Сырт көзге стадион ешкімге керек емес сияқты.
"Білікті бапкерлеріміз баршылық"
Шынтуайтында, орталық алаң риддерліктер үшін ерекше маңызға ие. Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Наталья Мироненконың сөзінше, егер қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынса, бұқаралық спортты дамыту жыл көлемінде жалғасатын еді.
Stan.kz
“Әсіресе, балалар мен жасөспірімдеріміз спортта үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Білікті бапкерлеріміз баршылық. Тым құрығанда жастарымыз жаттығулар жасап, нормативтер тапсырса да тиімді. Одан қалса, оқу-жаттығу жиындары, қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстар бар. Осылай бірте-бірте туризм дамитын еді”, – дейді ол.
Наталья Петровнаның сөзінше, мұндай стадион республика көлемінде ілуде біреу. Жеңіл атлетиканың барлық талаптарына сай келіп тұр. Айталық, 400 метр жүгіру жолағы кей алаңдарда 380-390 метрді құраса, мұнда қаз-қалпы. Егер толыққанды асфальттап, заманауи резеңге төсем қойса, жеңіл атлеттер желдей есер еді дейді.
“Климаттық жағдайды алсақ, қаламыз түрлі сайыстар өткізуге қолайлы. Жазда оңтүстік өңірлердегідей аңқаны кептірер аптап болмайды. Тек тиісті жағдай жасалса ғой”, – деді Наталья Мироненко.
Қазір жеңіл атлетикамен айналысатын балалар мен жасөспірімдер жібі түзу алаңнан айырылып тұр. Амалсыздан, жаттығуларын Гагарин даңғылы жанында орналасқан спорт модулінде жалғастырып келеді. Футбол ойнап жатқандардың тепкен добы тимесін деп жүгіретін аумақты өздері тормен бөліп қойған. Қыста сонда дайындалады, ал жазда қала ішімен жүгіреді. Себебі, модуль ішінде ыстықтан тыныстаудың өзі бір нәубет.
“Қалалық стадион ауадай қажет! Біз айналысатын спорт түріне модульдің сай келмейтін тұстары бар. Өздеріңізге мәлім, жеңіл атлетиканың кей түрі ашық аспан астында өтеді. Қазір спортшыларымыз қала кезіп жүгіруге мәжбүр. Ары-бері толассыз қатынайтын көліктер қағып кете ме деп алаңдаймыз. Кроссовка киіп, тасжолмен жүгіреді. Негізі, табанында үшкірі бар арнайы спорттық аяқ киіммен, резеңке төсемі арқылы жаттығулары керек”, – деді жеңіл атлетикадан жоғары санатты жаттықтырушы Татьяна Подкорытова.
Мердігерлермен сот бір жылға созылды
Сұрастыра келсек, қала билігі "Сокол" стадионын жөндеуге мүдделі болған. Тек былтыр осыған қатысты келеңсіз жайт көрініс беріпті. Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Наталья Мироненконың сөзінше, шенеуніктер 2016 жылы стадионды күрделі жөндеуден өткізбек болған. Республикалық бюджеттен әлдебір (атауын ешкім есіне түсіре алмады) мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы бөлемін деп сендірген. Дегенмен жобалық-сметалық құжаттаманың мерзімі өтіп, артынша көрсетілген сомаға түзету енгізілді. Осыдан кейін күрделі жөндеуді қажет ететін қаржы мөлшері 184 миллионнан 300 миллион теңгеге дейін өсті.
2016 жылдың қарашасында алғашқы транш – 38 миллион теңге бөлінді. 2017 жылы қар іргесі сөгіліп, жер кебе бастағанда мердігер ұйым жұмысқа кірісті. Арада аз уақыт өткенде мемлекеттік бағдарлама жабылып, қалған ақша түспейді деген ақпар жеткен.
Бастапқыда қаражат бөлінеді деп, сенімімізді жоғалтпадық, – деді Наталья Петровна.
“Мердігерлер ала жаздай жұмыс істеп, бізге республикалық қазынадан түскен қаржыдан бөлек, 68 миллион теңгенің қажеттілігін жеткізді. Төлеуге шамамыз жетпеді, аз ақша емес. Бағдарлама жабылды дегенде барлық жерге ресми хат жолдай бастадық. Айталық, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, дене шынықтыру және спорт басқармасы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бар. Депутаттарға да жүгіндік. Қаржы сол күйі бөлінбеді, ал 100 миллион теңгенің жұмысын атқарған мердігер ұйым бізді сотқа берді”, – дейді әйел.
Риддер қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мердігер ұйыммен 2018 жылы үздіксіз соттасты. Олар алға тартқан түйін "Жұмыс уақтылы орындалды, төлем де кешіктірілмеуі тиіс".
Наталья Мироненко айтқандай, қорытындысында әкімдік барлық соманы төлеп берді. Ал стадионның күрделі жөндеуі сол беті аяқсыз қалды. Аренадағы ағаш орындықтарды бекітпей кету себептері осы жайттардан белгілі болғандай.
“Сонда жөндеуге қажетті сомма 300 миллион теңге болса, оның 100 миллион теңгесі ғана жұмсалды. Егер жөндеу жұмысы аяғына дейін жетсе стадион бұлай тозып тұрмас еді”, – деді бөлім басшысы.
Миллионнан миллиардқа молайған қаржы
Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қуаныш Баяндиннің сөзінше, қаржы түсе бастағанда мердігерлер трибунаның шатырын ғана жаңартыпты.
“Профлист қойып, қабырғасын әктеп, футбол алаңыңа көгал екті. Бірақ ол өспеді. Жүгіру жолағының бетіндегісін сыпырып алып тастап, орнына ешнәрсе төсеген жоқ”, – деді ол.
Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры негізгі спорт аренаны қайта жаңғыртуға әзірленген жобалық-сметалық құжаттама дайын екендігін айтты. Яғни "Сокол" стадионын қалыпқа келтіру үшін 1 миллиард 300 миллион 331 мың теңге қажет. Әлбетте, қомақты сомма, дегенмен жұмыс толыққанды жүргізілсе әлі де талай спортшының томағасы сыпырылатындығы анық. Бұл жаққа облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері де атізін салып қайтты. Тұрғындар "атқамінерлер керегін жеп-жеп кеткен шығар" дейді. Кейбірі жөндеу жұмыстарынан күдерін үзген.
Осы ретте Қуаныш Баяндин жуырда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан әкімшілік ғимараттың ішіне су мен жылу тарту үшін 10 миллион теңге сұрағанын жеткізді. Олар қаржы бөлуден бас тартқан. "Сіздер ұсынған жұмыс тізбесі қайта жаңғырту жобасында көрсетілген" деп қысқа қайырыпты. Директор болса, қараша біткенше демеушілер тартып, жиналған қаржыға өз күштерімен жылу мен су тартуға ниетті.
Әділхан ЕСІМХАНОВ