Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да мүгедектер үйі мен мемлекеттік кәсіпорынның бұрынғы басшыларына миллиондарды жымқырды деген айып тағылды

ШҚО-да мүгедектер үйі мен "Еңбек-Өскемен" кәсіпорнының бұрыңғы басшыларына қатысты іс жүріп жатыр. "Еңбек-Өскемен" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшысы Қайрат Оралбеков пен Риддер әлеуметтік қызмет көрсету орталығының экс-директоры Альбина Потапкина айыпталушылар орындығына "жайғасқан". Олар ақша жымқырды деген күдікке ілінді. Stan.kz тілшісі оқиғаға толығырақ үңілді.

Күдікті тағылған кінәмен келіспейді

Іс наурыз айының 20-ы күні сотқа жеткен. Оларға Қылмыстық Кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, яғни жымқыру) қарастыратын қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген кінә тағылып отыр. 

Сәуірдің 3-і күнгі сот қаулысына сүйенсек, алдын ала тыңдау кезінде Қайрат Оралбеков қылмыстық істі прокурорға жіберу туралы өтінім білдіріпті. Яғни іске тікелей қатысы бар адамдардың қылмыстық жауапкершілікке тартылу жағын алға тартқан. Бірақ өтінім қанағаттандырылмады. 

Қайрат Оралбеков мұның алдында ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары, Риддер қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ол "Еңбек-Өскемен" кәсіпорнының басшысы болып 2021 жылы тағайындалды.

Ресми мәліметке сәйкес, Альбина Потапкина Риддер әлеуметтік қызмет көрсету орталығын, Қайрат Оралбеков "Еңбек-Өскеменді" тізгіндеп тұрғанда екеуара 113 миллион теңгеге келісмшарт жасасты. Оған біреуі 63 мың теңге тұратын 360 тумба, біреуі 340 мың теңге болатын функционалдық 10 төсек пен біреуі 250 мың теңге болатын 350 медициналық төсек алынуы тиіс болатын. 

"Екінші лот бойынша келісім соммасы – 49,15 миллион теңге. Бұл қаражат әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қызметкерлеріне киім алуға бағытталған. Әрі қарай 17 мың теңгеден 1106 свитер, 16,7 мың теңгеден тағы 334 свитер, 22 мың теңгеден 550 бәтіңке, 22 мың теңгеден 100 пима, 7799 теңгеден 713 бас киім, 4699 теңгеден 713 қолғап, сондай-ақ 8 мың теңгеден 195 орамал сатып алынды", – деп жазылды сот материалында. 

Сегіз миллион теңгенің сұрауы бар ма?

Осы жылдың қараша айында Наталья Банникова әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры болып тұрғанда қосымша келісімшартқа сәйкес жиһаздарды сатып алу соммасы 113,58 миллион теңгеден 105,89 миллион теңге болып өзгеріп шыға келді.  Нәтижесінде тумбаның біреуі 49999 теңгеге, медициналық төсектің біреуі 241419 теңгеге сатып алынғаны анықталды. Бұл жерде сегіз миллион теңгенің аяқ асты жетпей қалуы бастапқыда көп күдік туғызбаған.

Негізінде, орталық пен кәсіпорын арасындағы әріптестік 2017 жылдың қарашасында басталыпты. Ол кезде келісімшарт Олег Солонников және Асхат Құдайбергенов есімді оған дейінгі басшылар кезінде жасалған болатын. 
"2020 жылдың соңында мүгедектер үйі мен кәсіпорын арасында 26 млн теңгеге жуық "Еңбек-Өскемен" қызметкерлеріне іш киім сатып алу үшін келісімшарт жасалды. Ол кезде орталық директоры Елена Есикова, ал кәсіпорын басшысы Темірболат Куренов есімді адам болатын. Бұл ақшаға бір данасы 2500 теңгеге 1098 іш киім, жиынтығы 7000 теңге болатын 732 пижама, бір данасы 6000 теңгеге 366 футболка, біреуі 850 теңге болатын 6700 қысқы шұлық сатып алды", – делінген іс материалында. 

Аталған жайттың ақ-қарасы әлі толық қаралып біткен жоқ. Әйтсе де 8 миллион теңгеге жуық қаржының сұрауы өтелейін деп тұр. 

Әлеуметтік орталықта негізінен ақыл-есі толық жетілмеген, психологиялық ауытқуы бар адамдар ем алады. Есірткіге әуестеніп, араққа салынған жандар да бар. Көпшілік мүгедектер үйі деп атайтын бұл мекеме 700-ден астам адамға шақталған.

Қылмыстық іс Өскемен №2 сотында қаралып жатыр.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ
 

Талқылау