ШҚО-да көпбалалы аналар үй кезегінен себепсіз шығып қалған
Қазақстанда көпбалалы отбасыларға кедергі көп. Айтса сенгісіз, бірақ біздің елде тамақты тұрып ішетін отбасылар да бар екен. Шығыс Қазақстан облысында үй кезегінде тұрған көпбалалы аналар кезектен қалайша алынып қалғандарын білмейді. Шағымданушылардың айтуынша әкімдік қызметкерлері онсыз да әрең жылжитын үй кезегінен ешқандай себепсіз шығарып тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабаралайды.
Бес баланың әкесі Мәндет Рамазан 8 жыл бұрын көз жанарынан айырылған. Қазір әйелі және балаларымен 13 шаршы метр пәтерді паналап жүр. Балаларының алды биыл 10-шы сыныпқа барса, ең кішісі мектеп табалдырығын аттамақ. Сабақ оқитын орын былай тұрсын, жататын орын жеткіліксіз. Аядай ғана орында отбасының үлкендері тіпті тамақты тұрып ішуге мәжбүр.
"Мына үйді неше рет әкімге айттым, барып, көріп қайтыңызшы тым болмағанда, жататын жерімді көріңізші деп. Келмей қойды", - дейді Мәндет Рамазан.
"Менде қағазы да бар, қазір үй жоқ, осында тұра тұраңыздар, қашан үй салынады, сол кезде береміз деген. Қазір үй жоқ", - деді көпбалалы ана Жанайхан Шәушім.
Мұны ауылдан өз шақырып, көшіріп әкелген аудан әкімі айтқан. Үй кезегінде де тұрғандарына біраз уақыт болған.
"Кезекте тұрған екен бұрын. Ол кезектен шешілген себебі - 5 жыл көлемінде аттарында қандай да бір жылжымайтын мүлік болғандықтан. Сол келесі жылы бітеді екен, қайта кезекке тұруына болады", - деді Ұлан ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы Санат Бұстақбаев.
Дәл осы үйде тұратын Бақытгүл Смағұлова да үй кезегінен шығып қалғанына наразы. Кірісің көбейіп кетті деп көп санатты үй кезегіне бірде қосады, бірде алып тастайды деп ашынып отыр.
"Біресе алып тастайды, біресе қосады. ТҮКШ-ға да бардым, ана кезектен алдық, мына кезекке қойдық, жалпы, түсініксіз барлық жағдай", - деді көпбалалы ана Бақытгүл Смағұлова.
Баспаналы болуды армандаған отбасылар кезек мәселесі тезірек шешілсе деп отыр.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
