Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да балалардың жаппай сары ауруға шалдығуына кінәлі дәрігерлер жазаланды

Еліміздің шығысындағы Шолпан ауылында жаппай сары ауру таралып жатыр деп, жұрт жанұшыра төрт ай шулағанда, үн қатпаған үкімет, ушыққан жағдай қоғамдық талқыға түсе бастағаннан кейін ғана жауап берді. Қысқасы, дерттің таралуына  жергілікті дәрігерлер мен мектеп директоры кінәлі екен.

Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Тіпті, аудандық дәрігерлер 11 жасар қызды осы гепатиттен қайтыс болды деп анықтама бергені үшін де айыпты болуы мүмкін. Бас санитар 49 адам сары ауруға шалдықты деген мәліметті де жоққа шығарып отыр.

11 жастағы өрімдей немересін ауруханаға апарардағы соңғы сәтін егіле еске алған Орынтай апа әлі есін жия алар емес. Немересін жедел жәрдеммен емес, ауылдасының көлігімен жеткізген. Өйткені, медициналық транспорт сол күні ауыл азаматтарын ренгтгенге түсіруге алып кетіпті. Бұл – Шолпандағы сырқаттанған өзге 49 баланың ата-анасын одан сайын алаңдата түскен. Алайда, осы мәселе бойынша журналистерді жинаған Бас санитарлық дәрігер 49 бала ауырды деген ақпаратты жоққа шығарды.

“Оның бәрі өтірік. Ауылмен күнделікті, сағат пен сағат, минут пен минут. Қазір ғана хабарласып отырмын, ауылда тағы бірнеше бала ауырып жатыр. Енді міндетті түрде тағы бірнеше бала өлуі керек пе?!  Мал екеш малға да карантин жариялайды ауырған кезде. Бұл жерде карантин жарияланбаған”, – дейді Ұлттық интернет ассоциациясының төрағасы, Шолпан аулының тумасы Серікқазы Кәкібаланов.

Бұл – осы кездесуге арнайы келген Шолпан ауылы тумасының айтқандары. Ауылда карантин жарияланбаған. Мамандар тек, мектепте сыныптан сыныпқа көшуге тыйым салу арқылы, сырқаттың таралуына шектеу қоюды жөн санапты. Жандарбек Бекшин, ең бастысы – сары аурудың таралуына кімнің кінәлі екенін жасырмай айтып берді.

“Медицина қызметкерлерінің кемшіліктерін анықтап, оларға  айыппұл салдық. Осы мектептің директорының да кейбір кемшіліктері бар. Ол – тазалық жағынан, орамның ішінде залалсыздандыру препараттарының аздығы үшін”, – дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы ҚР Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Дәрігерлердің жазасы мұнымен бітпейтін сыңайлы. Бекшин мырза, марқұм қыздың өліміне қатысты анықтама берген ақ халатты да жауапқа тартылуы мүмкін деп отыр. Өйткені, зертханалық тексеріс жасамастан «гепатиттен қаза болды» деген шешім шығарған. Алайда, бұл диагноздың дұрыс та болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Онсыз да қара терге түскен шенеунікті көмекшілері «жиналысқа баруымыз керек» деп құтқарды.

Бас санитарлық дәрігер «сары аурумен сырқаттанған 1 адам 20 адамға жұқтыруы мүмкін, сондықтан, көпе-көрнеу жасыруымыз ақылға сыйымсыз» деді. Алайда, 4 ай бойы не республикадан не облыстан бір маман бас сұқпаған шолпандықтар дүрлігіп, Бас прокурордың атына хат жазып жатыр.

Асығып кеткен Бекшин мырза болса, жиналыстың алдында әлденіп алуды жөн санаған сияқты.

 

Талқылау