Шұңқырдан көз ашпайтын жолды өздері жөндеп алды: ШҚО-да ауыл тұрғындары енді таза сусыз қаламыз ба қорқып отыр
Самар ауданына қарасты Көкжыра ауылының шешілмеген мәселелері жылда жобалық-сметалық құжаттаманың көлеңкесінде қалып келеді. Халық таза ауызсу тұтына алмай жүр, сондай-ақ клуб үйінің жоқтығынан үнемі мектепті жағалайды. Жергілікті биліктен қозғалыс болмаған соң жуықта ойдым-шұңқырдан көз ашпайтын кіреберіс жолды өздері жөндеп алды. Stan.kz тілшісі тақырыпты толығырақ қамтыды.
"Бұған қомақты сома бөлінгені анық"
Еске сала кетейік, Самар ауылы бұған дейін Көкпекті ауданының құрамында болған. Өндіріс жағынан өркендемесе де, егістік пен туризм бойынша әлеуетті аймақ. Алайда Көкпектіде әкімдер алма-кезек ауысқанымен Көкжыра ауылында қордаланған мәселелер толық шешімін таппады. Айталық, 2019 жылдың күзінде ауызсу тартылып, көпшілік "бұрын-соңды болмаған жаңалық қой" деп қуанды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бұған тура 500 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жұмысқа "СК-KazAlem" мердігер мекемесі жауапты еді. Жоспарға сәйкес, су тарту 2020 жылдың 31 желтоқсанында тәмамдалуға тиіс болатын.
Арада бір жыл өткенде жұмыстағы жүйесіздік байқалып, ауыл ішіндегі қазылған шұңқырлар уақтылы бітелмей, орға мал құлап, ойнап жүрген балалар да түсіп кете жаздаған. Содан бері төрт жылдан асты. Абай өз алдына облыс болып құрылғанда, Көкпекті территориялық жағынан сол жаққа енді. Ал 1997 жылға дейін аудан болған Самар бұрынғы мәртебесін қайта алып, қазір біртіндеп экономикалық-әлеуметтік көрсеткішін реттеп келеді. Бірнеше мәселесі шешілмей жатқан Көкжыра Самарға ең жақын орналасқан ауылдардың бірі, небәрі 12 шақырым жерде.
"Тым көпке созылып кетті. Мәселен, жанымыздағы Бастаушы ауылында құбыр бас-аяғы 1,5 жылда тартылып, тұрғындар аз уақыт ішінде таза ауызсуға қол жеткізді. Бізде әлі өгіз аяң. Құбырлардың жарылуы былай тұрсын, мәселе әріде жатқан сияқты. Бөлінген қаржы қайда кетті? Бұған қомақты сома бөлінгені анық. Әлде жұмыс аяқталмаса да, құжаты қабылданып қойды ма?", – деді ауыл ақсақалдары.
Мәселеге шенеуніктер мардымды ешнәрсе айтпады. Аудан әкімінің орынбасары Дамир Ордахановтың сөзінше, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бұған қатысты тексерісті бастады. Облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті өкілдері де олқылық барын анықтап, істің ақ-қарасын зерттеп жатқан көрінеді. ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жағдай ушықса, кірісуге әзір. Олар мемлекеттік аудит департаменті шығарған қорытындыны күтеді.
Ауылдағы бұрын балабақша болған ғимарат. Енді оны жөндеп, клуб үйін осында орналастырмақшы
Қайта құрылғанына бір жылдан асқан Самарға Раджан Сейтқанов әкім болып тағайындалғанда "Мәселелер биылдан қалмай шешімін табады" деген болатын. Ауылға кіреберіс үш шақырымды жөндеу жоспарда тұрғанын алға тартқан. Соңында екі уәдесі де орындалмаған күйі қызметінен кетіп, орнына Алтай ауданына қарасты Серебрянск қаласын басқарған Нұрлан Махамбетов келді. Әйткенмен ауыл тұрғындары көзге көрінер өзгерісті әлі байқар емес. Көкжырадағы фельдшерлік-акушерлік пункт 40 жыл бұрын бой көтерген ғимаратта орналасқан. Қыста ем қабылдап, "система" алғандар дірдек қағып шығады. Аталған ФАП (фельдшерлік акушерлік пункт) мәселесі мен ауылдастар жиын өткізіп, бас қосатын клуб үйінің жоқтығы да бір уақытта шешіледі делінген болатын. Осыны бірнеше мәрте мәлімдеген шенеуніктер іске келгенде әлі шарасыз.
Тынымсыз тірлік таңғы төртте басталды
Тұрғындар саны 700 адамнан аспайтын Көкжыраға кіреберіс үш шақырым жол екі-үш жылда бір жөнделіп отырады. Ауыл тұрғындарын қоспағанда, келімді-кетімді көлік жүргізушілері осыны талай рет айтып, елді мекенге кіруге именетін. Әр жылдан үміт күте шаршаған тұрғындар жуықта 100-ден астам шұрқ тесікті өздері бітеп, тегістеп қойды.
Алдымен фрезамен (асфальт қопаратын техника) ауыл ішінен бастап тесік жерлерді қырып, тазалады. Келесі күні үш шақырым жол жиегінде өсіп, кедергі жасаған қарағаштар кесілді. Бірінші күні 20, ертеңінде 10 адам аптапқа қарамай, елді мекен үшін маңызы зор жұмысқа білек сыбана кірісті. Азаматтардан бастап, оқушылар да қалыс қалмады. Жоспарға сәйкес жол үшінші күні тегістелуі тиіс. Тынымсыз тірлік таңғы төртте басталды. Тұрғындар Мұхит Токов пен Әсет Есенов битум қайнатып, өзге ауылдастар сағат 6:00 шамасында келді.
"Қазір Көкжырада тұрмаса да, ауылы үшін алаңдап жүретін ағайындар да белсенді. Елді мекен тумалары ортақ қорға ақша жинап, аз уақытта жұмысқа қажет соманы шығара білді. Үшінші күні 40 адам жиналып, қызу тірлік үздіксіз жалғасты. Адам саны азайып кетпес үшін түскі асты жолда ішіп, уақыт үнемдедік. Назира Қоқашбаева апайымыз суық көжесін дайындады. Дүкен қожайындары мен әрлі-берлі өткен тұрғындар сусын әкеліп, қолдауын аямады. Шаруа қожалықтарына да мың алғыс", – деді Мұхит Қасымұлы.
Құлынжон ауылдық округінің әкімі Расул Серікқазыұлының сөзінше, аталған үш шақырым кіреберіс жолға орташа жөндеу келесі жылдың жоспарында тұр. Әйтсе де, жамалған сайын ойдым-шұңқыры көбейген учаске тағы бір жыл күтуге мүмкіндік бермеді.
"Жол тегістейтін каток, битум, асфальт жағы шешілген соң жұмыс бірнеше күнде аяқталды. Халықпен алдын ала кеңесіп, керек-жарағын пысықтап алдық. Биылша ауыл азаматтарының қаражатына ауқымды жұмыстың шеті шықты. Бұдан бөлек, үкіметтен 25 млн теңге бөлініп, ол ақшаға Көкжырадағы клуб мәселесін шешу жоспарланған", – деді округ басшысы.
Яғни бұрын балабақша болған екі қабатты ғимарат ағымдағы жөндеуден өтпек. Құлынжон ауылына келсек, осы жылы елді мекен ішіндегі 4,5 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ