ШҚО-да аспаз ұрлығын кешірген дәмхана иелерін қайта тонап кетті
Курчатов қаласындағы дәмханалардың бірінде аспаз болып қызмет ететін ер адам үшін кешірім мен алғыс ұғымдары бос сөз сыңайлы. Дәмхана иелерінің үйінде тұрған аспаз олардың қымбат телефонын қолды қылған. Үй иелері аспазды кешіргендіктен, ер адам қылмыстық жазадан сытылған. Алайда ол алғыс орнына, жұмыс берушілерін қайта тонап кеткен.
Бұл туралы YK-news.kz хабарлайды.
Биылғы жылдың ақпан айында 38 жастағы аспаз әріптестерімен болған отырыста ішімдікті артық ішіп қойған. Дәмхана иесінің күйеуі түн жарымында мас жұмысшыларды өз автокөлігімен алып кеткен. Жұмысшылар дәмхана иелерімен бір шатыр астында тұрады. Ер адам ішімдікке сылқия тойған жұмысшыларын үйге әкелгеннен кейін, өз шаруаларымен шығып кеткен. Осы уақытта аспаз дәмхана иелерінің жатын бөлмесіне ұрланып кіріп, «iPhone» маркалы қымбат телефонды қолды қылады.
Аспаз телефоннан сим-картаны шығарып алып, унитазға ағызып жіберген. Ал телефонды ауыз үйдегі кілемнің астына жасырыпты. Таңертең телефонының жоғалғанын байқаған әйел полицияға шағымданған. Ұрлық ашылып, қылмыстық іс сотқа жеткенімен, екі тараптың татуласуына байланысты, іс тоқтатылған.
Дәмхана иелері аспаздың кінәсін кешіріп қана қоймай, жұмыс орнын сақтап қалыпты. Алайда аспаз алғыс айтудың орнына жұмыс берушілерін қайта тонап кеткен. Қыркүйек айында үйде жалғыз қалған аспаз өзімен бірге әкете алатын заттың бәрін чемоданға салып, Семей қаласына тайып тұрған. Ол, тіпті, теледидарды да ұрлап кетіпті. Базарлардың бірінде теледидарды сатып, тапқан ақшасын ішімдікке жұмсаған. Ішімдікке сылқия тойған ер адам вокзалда ұйықтап жатқан жерінен полиция қызметкерлері тауып алды.
Сот процесі барысында дәмхана иесі тағы да жомарттық танытты. Ол соттан айыпталушыға шартты мерзім беруін сұрады. Әйел аспаздың өз дәмханасындағы жұмысын жалғастырып, келтірген залалын жалақысынан қайтаруын қалаған.
Курчатов қалалық соты аспазды бір жылға бас бостандығынан айырды. Ер адам тиіс органдардың бақылауында болады. Үкім әлі өз заңды күшіне енбеді.
Оқи отырыңыз:
ШҚО тұрғыны жасырын түрде енесінің атынан несие алып отырған
Еліміздегі тойлардың бірінде орын алған оқиға жұртты күлдірді (видео)
Бауыржан Байбек жаңбыр кезінде Алматы көшелеріне тал отырғызды