Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да 900 млн теңгеден астам қаржы бөлінген спорт кешенінің құрылысы үш жыл бойы жүріп жатыр

Өңірдегі Катонқарағай ауылында үш жыл бұрын басталған дене шынықтыру-суықтыру кешенінің құрылысы тым баяу жүріп жатыр. Бұған тұрғындар да, қоғам белсенділері де наразы. Көптің назарын аударған тақырыпқа Антикор өкілдері де мойын бұрды. Аудан әкімі Ділдар Қалиқанның айтуынша, кешен жобасының құны – 911 млн теңге. Stan.kz тілшісі мәселеге қатысты жан-жақты ақпарат жинап көрді.

https://www.facebook.com/saintdid

"Қаржы жағынан қиындықтар болды"

Аудан тұрғындары осыған дейін құрылыс қалай жүзеге асып жатыр деген сауалдарын шенеуніктерге бірнеше рет қойған болатын. Бұл "Ауыл – ел бесігі" жобасының аясында салынуы керек нысан екен.

"Жұмыс 2020 жылы басталды. Конкурстық рәсімдеу қорытындысында "QazConstructions" ЖШС мердігер ұйым болып анықталды. Бүгінде аталған нысан бойынша 819 млн теңге қаржы игерілді. Құрылыс басталғалы жобаға сәйкес ғимарат мен қаңқалары орнатылып, ендігісі желдеткіш құрылғыларын бекіту қалды. Бұл – бір. Екіншіден, жүзу бассейні бойынша іске қосу жұмыстары бар. Тексеріс комиссиясы бойынша ол жерде 17 млн теңгенің жұмысы аяқталмаған болып шықты", – деді аудан басшысы Ділдар Қалиқанұлы.

Анықталғандай, қазір нысандағы сынған терезелерді қалпына келтіру жалғасып жатыр. Мердігер екі аптада реттейміз деп сендірген. Ділдар Қалиқанұлы бүгінде қарбалас жұмыстың орындалуын 95%-бен бағамдады. 

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев "QazConstructions" ЖШС басшысы Медет Қабденнен қос нысан бойынша жұмыс нақты қашан аяқталатыны жөнінде сұрады. Айта кетейік, жиын кезінде Катонқарағай ауданына қарасты Топқайың ауылындағы су құбырын тарту жұмыстарының ұзаққа созылғаны да талқыланды.

"Қазіргі уақытта жұмысты аяқтауға еш кедергі жоқ. Біршама уақыт тұрып қалғаны рас, қаржы жағынан қиындықтар болды. Негізі Катонқарағай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені бойынша жұмыстың 90 пайызын аяқтап қойғанбыз. Алайда 50 млн теңге үкіметке кетіп қалды. Содан бізге аударылуы тиіс тағы 100 млн теңгеміз қалған болатын. Ол ақша түскен бойда жұмысқа кірісіп кеттік. Топқайың ауылы бойынша кестеден кешікпей тәмамдаймыз", – деді Медет Қабден.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сұрақтары бойынша ШҚО қоғамдық кеңес Комитетінің төрағасы Ануарбек Мұхтарханов ЖШС басшысына 911 млн теңгенің бүгінде қаншасы игерілгені жөнінде сауал тастады. Медет Қабденнің берген жауабы – барлық қаржының 95%-ы тиісті мақсатта жұмсалды. Қалған бес пайызы актіге қол қойылған соң игерілетін көрінеді. 

"Иә, бірнеше жыл бұрын басталған тірлік. Бірақ игілігін көреміз бе, жоқ па – жұмбақ. Қыруар қаржы бөлінген жұмыстың ала жаздай тоқтап тұруы ненің белгісі? Олардан жауап алынсын осы үшін! Адамда ішкі сана сезім мен түйсік жоқта осындай болады. Биыл аяқтамаса, оларға ақша аударудың не қажеті бар? Даниал Ахметовтің тағы бір былығы шығар", – деді аудан тұрғыны Нұрғали Сейтқанов.

"Жыл көлемінде жұмыс жүрмеді"

Ділдар Қалиқан бір сөзінде 2020 жылы басталған құрылыс біршама уақыт тоқтап, тек биыл қазан айында қайта жанданғанын жеткізді. 

"Біздің тараптан тиісті мекемелерге ресми хат та жолданып, кейін нысанда тексеріс жүргізілді. Ішкі мемлекеттік аудит ұйығарымы негізінде сотқа жүгіндік. "QazConstructions" ЖШС басшысы Медет Қабден айтқандай, сот шешіміне сәйкес, олар 260 млн теңгеге нақты жұмыс ауқымын аяқтауға міндеттеді. Ал түзету енгізілмей тұрып, есеп-қисабы дұрыс шығарылмаған 50 млн теңге бюджетке қайтарылды. Бұл талаптардың барлығы орындалып, акт жүзінде биыл анық-қанығы белгілі болды. Бірақ жыл көлемінде жұмыс жүрмеді", – деді аудан әкімі.

Медет Қабден жұмыстың не себепті тоқтап қалғанын түсіндіріп өтті. Сөзінше, банктегі шот бұғатталып, ала жаздай нысанда қыбыр еткен тірлік байқалмады. 

"Содан бәрін өз қаражатыммен шештім. Ал 50 млн теңгені қайтарған кезде, Катонқарағайда тағы 150 млн теңгедей ақшамыз артылып қалды. Алдында тағы бір жиын өтіп, осы ақшамен басқа нысандардағы жұмысты жүргізе беру туралы ұсыныс айттым. Себебі біздің қаржымыз жетіп тұр. Қысқасы, Топқайыңдағы су құбырын тарту жұмысын да, Катонқарағай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру құрылысын да желтоқсан айына дейін аяқтаймыз", – деді Медет Қабден.

Қоғам белсендісі Дидар Смағұловтың ойынша, бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы тиіс. Жұмыс былтыр желтоқсан айына дейін аяқталуы керек болатын.

"Мердігер сол баяғы "QazConstructions" ЖШС. Құдды бір Ахметовтің ойына бұл мекемеден басқа ешкім келмегендей. Терезенің бір бөлігі жоқ. Ал қалғанынан сыз өтіп, ғимарат іші көгеріп кеткен. Айтпақшы, шатырынан су сорғалап тұр. Ақшамыз осылай жұмсалып жатыр. Жалпы соманың 89%-ы төленіп қойған. "QazConstructions" бірнәрсе тындырды десеңіздер, қателесесіздер", – деді ол.

Антикор өкілдері облыс әкімдігімен бірлесе, бұл мәселені бақылауда ұстайтындықтарын жеткізді.

 

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ
 

Талқылау