ШҚО-да 10 миллион теңге көлемінде алимент төлемеген 7 баланың анасы сотталды
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны алимент төлеуден қасақана жалтарғаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Шығыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 10 сәуірдегі қаулысымен әйел балаларын асырау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін кінәлі деп танылды.
"Сот оған бір жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды. Алимент бойынша қарыздың жалпы сомасы шамамен 10 миллион теңге. Бұл қаражат құқықтары мен мүдделері жүйелі түрде бұзылған жеті кәмелетке толмаған баланы асырауға арналған" – делінген Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарламасында.
2025 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысының аумақтық полиция бөлімшелері алимент төлеуден жалтару фактілері бойынша тоғыз қылмыстық істі сотқа жолдаған.
“Олардың сегізіне қатысты айыптау үкімі шықты", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысы Шу ауданында бес баланың анасы алимент төлеуден жалтарғаны үшін тергеуге алынып, берешегін өтегені туралы жазған едік.