Соңғы жаңалықтар

"Стереотиптерден арылу керек": ШҚО-да аудан әкімі халық наразылығын тудырған домбыра пішіндес саябаққа қатысты пікірін білдірді

ШҚО-ның Абай ауданында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай аллея салу жоспарланып отыр. Саябақты қазақтың ұлттық аспабы пішінінде салу оны аяқасты ету деп санаған көпшілік қауым наразылық тудырып, шуласты. Stan.kz тілшісі жобаның салынудағы мақсаты мен эскизінің ерекшелігі жайлы Абай ауданының әкімінен сұрап білді.

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров қалыптасып қалған стереотиптерден арылып, бұл жобаға сәулет өнері ретінде қарауымыз керек дейді. Айтуынша, жобаға 50,3 миллион теңге қаражат бөлінген.

"Ұлы Абайдың 175 жылдығы мерекесі қарсаңында ел ағаларының ұсынысымен ұлы ақынның туған жеріне өзіндік сипаттағы танымдық белгі ескерткіш жасау мақсатында осы эскиз әзірленді. Ұлы Абайдың туған жері Сырт-Қасқабұлаққа абаттандыру жұмыстарын жүргізу бойынша 50,3 миллион теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта бұл жерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Домбыра пішінінің келтіру себебін айтатын болсақ, Абайдың "Туғанда дүние есігін ашады өлең" деген жолдары негізге алынды. Осы жерге поэзияның құты қонған деген ұғым бойынша оған тігінен шаншылған қауырсын қалам пішін келтірілді. Сондай-ақ, оның бергі жағына жартылай оралған парақ жасалды. Оның үстіне "Туғанда дүние есігін ашады өлең" деген жол жазылды. Аталған домбыраның эскиз пішініне дизайнды сәулет өнері ретінде қарауымыз керек деп ойлаймын. Олай дейтінім, қалыптасып қалған стереотиптерді қойып, бұған сәулет өнері тұрғысынан кеңінен қарауымыз керек", - дейді ол.

Жарқынбек Байсабыров жобаның мұндай пішінде жасалуының тағы бір себебі ретінде шетелдік дизайнды да мысалға келтірді.

"Сондай-ақ, жалпы дүние жүзінде өнер аспаптары пішіндерін пайдаланған дизайндар көп. Мысалы, фортепиано, скрипка ретінде жасалған дизайндар бар. Сырт-Қасқабұлақта ұлы Абайдың 45 нақыл сөздері жазылған мәрмәр тастар қойылатын болады. Бұл келген қонақтарға, туристерге танымдық тағылымын береді. Және де бұл жерде Ұлы Абай дәм татқан бұлақтың басында келген қонақтар су ішіп дем алуына болады. Осындай жағдайлар жасалады, ол үшін бұлақтың басы да заманға сай абаттандырылып жатыр", - дейді әкім.

 Сол сияқты ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали бұл да бір өнер екендігін айтады. 

"Кім жасаса да ғажап жасаған. Бұл - үлкен өнер! Және мұны жүзеге асыра білу де - үлкен өнер. Авторға респект! Домбыраның қазақ өмірімен бірге жасап жатқанының бір көрінісі осы емес пе?!", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында. 

Журналист Алмас Тоқабай да саябақтың домбыра еместігін, бұл аспапты таптауды білдірмейтіндігін айтады. 

"1. Бұл домбыра емес. Бұл домбыраның суреті. Бейнесі. Кімге қалай ыңғайлы. Заман қиын кезде домбыраның суреті бар талай газет те кететін жеріне кетті ғой, бұл неғылған патриотизм?!

2. Төрге ілінгеннен домбыра қасиетті болмайды. Көп адам танығаннан қасиеті артады. Абайға келген мың сан шетелдік туристің бір "What is this?" дегенде сен тұрып "This is the Dombyra" десең ғажап емес пе? Әлде бұдан қасиеті кемиді ме?", - дейді ол Facebook желісінде.

Дегенмен әлеуметтік желілерде саябақтың ұлттық аспап пішінінде жасалуы домбыраны қорлаумен тең деп жазып, пікір білдіргендер көп болды. 

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр