Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шындық пен жалғанның күресі: Қоғамда медиасауаттылық қашан қалыптасады?

Мәтіннің түрі мен түпкі мағынасын ажырату кейде қиынға соғады. Әлем елдерін алаңдатып отырған медиасауаттылық Қазақстанда да басты мәселелерінің біріне айналды. Медиасауатты болу үшін не істеу керек? Қандай қағидаларды ұстанған жөн? Оған өзімізді қалай тәрбиелейміз?   Бұл туралы PR саласының маманы, медиасарапшы Еркін Үдербай айтып берді. 

 
 Факт пен фейкті ажырата алмайтын күйге жеттік...

Сіз бен біз өмір сүріп жатқан ғасыр – ақпарат ғасыры.  Медиа саласындағы білікті мамандардың сөзінше, ағынның көп болуы сонша, өзіңе қажетті деректі тауып, оны дұрыс қабылдау да оңайға түспейді. Өйткені дәйек пен деректі, факт пен фейкті ажырата алу да көзі ашық, көкірегі ояу азаматқа да қиынға соғатындай хәлге әкелді дейді сарапшылар. Өкінішке қарай, ақпараттық сауаттылық гигиенасы біздің елде әлі қалыптаспады. Бұл бағыт әлі кенжелеп келеді. Мұны сала мамандары ашық айтып отыр.

PR саласының маманы, медиасарапшы Еркін Үдербайдың пікірінше қоғам әлі медиасауатты болуға айтарлықтай ұмтылыс жасап жатқан жоқ. Керісінше, басым бөлігі дәстүрлі медиадағы айтылғаннан қарағанда, әлеуметтік желі коммуникациясында тараған ақпараттарға тез сеніп қалады. Өкініштісі балама ақпарат тарағанын мәлімдеп, дұрысын жеткізген ресми органдардың жариялаған ақпаратын қабылдамайды. 

"Қазір үлкен буындағылар интернеттегі жазылғанның бәріне сене береді екен. Мен соған көз жеткіздім. Жұрттар қазір ресми ақпаратқа сенуден қалған. Биліктің кінәсі ме, әлде басқа да себептен бе әйтеуір ресми ақпарат таратса адамдар көп сенбейді. Интернеттен немесе басқа жерден балама ақпарат алса соған назарды көп аударады. Былайша айтсақ, сондай ақпарат таратушыларға көбірек иланады.  Осының салдарынан жалған ақпарат тым көбейіп кетті. Мысалы, короновирус пандемиясы кезінде осындай жағдайдың көп куәсі болдық. Бірнеше түрлі ақпарат тарады. Оның ішінде тіпті, “короновирусты биліктің өзі таратып отыр” деген ақпарат шықты. Жарамсыз вакциналар, олар зиян деген деп айтқандар тағы бар. Қазір көріп отырғанымыздай оның барлығы өтірік болып шықты",- деді медиасарапшы Еркін Үдербай.

Медиасауаттылық адасудан сақтайды

Сарапшының сөзінше, қазір жалған ақпараттық таралуы көптігі соншалықты, оларды тиісті жауапкершілікке тарту да мүмкін болмай жатыр. Мемлекет медиасауаттылықты бір ізге қоюға тырысқанымен, қоғамда дүмпу туғызатын жалған ақпарат таратушылар ырыққа көнетін емес дейді. Медиасауаттылық деңгейіне өтуге,  жалаң ұранға толы жалған ақпараттар ағыны мүмкіндік берер емес. 

"Бұрында, қазір де бұқаралық ақпарат құралдары ресми түрде тіркелетін. Егер олардан жалған ақпарат шығып жатса оларды сотқа беруге, жауапқа тартуға болады. Ал қазіргі кезде вирустық ақпарат көп тарайды. Оны кім жауапкершілікке таратып жатыр?! Қайсібірімен күресеміз?! Мысалы кез-келген адам шығып "Мен дәрігермін, негізінде жағдай болуы керек",- деп өзгелерге өтірік ақпаратты тарата береді.  Әдеттегідей, соған адамдар сене береді. Оны ешкім сотқа да бермейді, тіпті оны ұстау да қиын. Өйткені ол еш жерге тіркелмеген. Тіпті танымал блогерлерде ойына келгенді жаза салатынды шығарып алған. Соңында ол фейк болып шықса, мен бар болғаны болгермін деп ақтала салады. Әрине жауапқа тартуға болады. Алайда бізде сөз бостандығы деген бар, оны да бұзуға болмайды. Сондықтан барлығымызға медиа сауаттылық керек. Осыған тәрбиелеуіміз керек қоғамды. Әркім өзінен бастауы қажет. Өйткені медиасауаттылық адасудан сақтайды деп есептеймін", - деді сарапшы.

Шындық пен жалғанның күресі жүріп жатыр...

"Сен досыңның кім екенін айт, мен саған кім екеніңді айтайын" деген дәйексөзді, қазіргі уақытта  "сен қай ақпарат көзін көретініңді айт, мен сенің кімнің жақтасы екеніңді айтайын" де те айтуға болады дейді медиа саласындағы мамандар. Осы орайда сарапшылар, теледидар көрермендері мен әлеуметтік желіге көп сенім артатындардың ойы екі бөлек екенін айтады. Екі тарапта үнемі сөз талас, пікір қайшылығы туындайды. Былайша айтқанда қоғамда шындық пен жалған ақпараттың күресі жүріп жатыр дейді.

 

Ақпараттық сауаты аздар, алаяқтарға таптырмас мүмкіндік

Әлемде алдау әрекетін сипаттайтын әлеуметтік инженерия деген термин бар.  Қазақстандық сарапшылар бұл көбіне алаяқтардың әрекеттерін сипаттайтын термин екенін айтуда. Әккі айлакер алаяқтар әлеуметтік желідегі кез-келген адамның жеке парақшасын, электронды поштасын бұзу арқылы сол адамға қатысты мәліметті жинақтай алады. Сорақысы, сол аккаунтын бұзып, оның жақындарына немесе таныстарынан парақа иесінің атынан қаржылай көмек сұрап, хабарламалар жібереді. Оның жеке мәліметтеріне қол жеткізіп алған жағдайда, сол адамның атынан құжаттар рәсімдеп, бопасалайтын да әдіс кең тарап кетті. Ал қазір мектеп жасындағылардың әлеуметтік желіде бірнеше парақша ашып тастағандары аз емес. Осыны ескерек, алаяқтардың құрығына ересектер ғана емес, балаларда жиі түсіп жатқанын айтып дабыл қағуда мамандар.

Медиа сарапшылар бұл тек бір мысал ғана дейді. Айтуларынша, аляқтар СМС хабарламалар, WhatsApp мессенджері тағы да басқа онлайн платформалар арқылы түрлі әдіспен талайды сан соқтырып жатыр. Осының барлығы айналып келгенде медиа және ақпараттық сауаттылық білімнің жеткіліксіздігінен туындап отырғанын атап өтті.   

Медиасауатты тұлғаны қалай қалыптастырамыз?

Медиасауаттылық бүкіл әлем елдерін де алаңдатып отырған мәселе. Тіпті медиа саласы қатты дамыған АҚШ-та жоғарыда атап өткен мәселелер туындап отыр. Сол себепті қоғам ең алдымен сыни ойлауды үйреніп, соны дамыту керек. Сарапшы Еркін Үдербайдың пайымы осы. 

“Медиасауаттылық деңгейін көтерілу үшін бізге мықты маман даярлау қажет. Шығармашылық қабілеті жоғары, ақпараттық технологияны жақсы игерген, үздіксіз тарап жатқан деректерді жан-жақты талдай алуы керек. Қазіргі қоғамға сыни ойлау қабілеті жетіспейді. Бұл жасырын емес. Сондықтан түрлі саладағы сауаттылық сабақтары сияқты, медиа және ақпаратқа да осы ауадай қажет. Ол үшін мектептен бастап оқыту ең ұтымды жолы. Оқу бағдарламасына енгізіп, балаларға ғаламтордан іздеп тапқан мәліметін талдап-сараптау және оны ой елегінен өткізу тетіктерін үйрету керек. Осы арқылы оқушының ақпараттық сауаттылық жағынан өзінің көзқарасы, ұстанымы қалыптасады”,- дейді сала маманы. 

Талқылау