Шымкенттік кәсіпкерлер ет бағасын өсіргені үшін жазаланды
Фото: Pixabay.com
Шымкентте жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын негізсіз өсірген 200-ден астам кәсіпкер жазаланды. Оның 15-і ет бағасын өсіргені үшін жазаға тартылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындарға етті әлеуметтік бағалар қолданылатын мамандандырылған сауда нүктелерінен сатып алуға кеңес беріледі. Бұл – қаланың әртүрлі бөліктеріндегі ірі сауда желілері мен шағын дүкендер. Сүйегі бар ет әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізіміне енгізілген, шаруа қожалықтарымен жасалған келісімшарт бойынша сауда орындарына жеткізіледі.
Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің айтуынша, базарлардағы бағаның көтерілгенін басқарма мойындағанымен, Шымкентте ет тапшылығы жоқ. Өзіндік құнның өсуінің негізгі себептері – маусымдық ауытқулар, жемшөп құнының өсуі және логистика.
"Деликатеске айналды": Қазақстанда ет бағасы үш айдан бері өсіп жатыр
“Шымкентте 60-тан астам әлеуметтік сауда орындары бар, сонымен қатар ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері де тұрақты бағада – келісі 3200 теңгеден 3300 теңгеге дейін сатылады. Өнім Түркістан облысындағы мал шаруашылықтарынан тікелей жеткізіледі”, – деді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Талғат Мекембай.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте сиыр етінің бағасы айтарлықтай қымбаттап, бір келісі үшін 5 мың теңгеге жеткені туралы хабарлаған едік.

Қостанайда Ресей флотының мерекесі тойланды: Әкімдік шарадан хабарсыз болған
